«Дельта» штамм туралы не білеміз?

Материал 2021 жылғы 19 маусымда жаңартылды: Мәскеудегі «Коммунаркада» жасалған вакцинациядан кейін ауырып қалған адамдардың статистикасы туралы ақпараттың дереккөзіне сілтеме жасалды.

Коронавирустың B. 1.167.2 деген үндістандық нұсқасы әлемге тараған сайын БАҚ өкілдері оның бұған дейін пайда болған нұсқалардан қандай айырмашылығы бар екені туралы көбірек айта бастады. Әрине, бұл қазақстандықтарды алаңдатпай қоймады.

Factcheck.kz редакциясы вирусолог Әсел Мұсабековамен бірге ДДСҰ-ның жаңа номенклатурасы бойынша «Дельта» нұсқасы деп аталатын үндістандық вирустың қаншалықты қауіпті және қазіргі вакциналар оған қарсы көмектесе ме, жоқ па – анықтауға тырысты.

«Дельтаның» ерекшеліктері

11 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы алаңдатып отырған SARS-CoV-2-ні «Дельта» деп атады. Оған дейін тізімде келесі үш нұсқа болған еді: «Альфа» нұсқасы («британиялық» деген атпен танылды), «Бета» («оңтүстік африкалық») және «Гамма» («бразилиялық»). Қазір біз сескеніп отырған төрт нұсқадан бөлек, тағы да қызығушылық тудырып отырған сегіз нұсқа бар.

Біз «Дельтаның» басқалардан айырмашылығы неде екенін түсіну үшін Ұлыбританияның денсаулық сақтау туралы соңғы есебіне жүгінуді ұсынамыз. Ол есепке сәйкес, Англияда ақпанның басынан маусым айының басына дейін анықталған жағдайлардың 74%-ы және ПТР-ы бар анықталған жағдайлардың 96%-ы «Дельта» нұсқасын жұқтырған.

«Дельта» штамм туралы не білеміз?
2021 жылғы 1 ақпаннан бастап Англиядағы барлық жағдайларға қатысты нұсқалардың таралу деңгейі. «Дельта» нұсқасы күлгін түспен көрсетілген (дереккөз: Public Health England)

Дельтаның негізгі ерекшеліктері:

  • «Дельта» нұсқасын қайта жұқтыру қаупі коронавирустың басқа нұсқаларына қарағанда әлдеқайда жоғары.
  • «Дельта» нұсқасы британиялық нұсқаға («Альфа») қарағанда әлдеқайда жұқпалы.
  • Ауру қаншалық ауыр өтетініне тоқталсақ. Шотландиядан келген ақпаратқа сәйкес, «Дельта» нұсқасында ауруханаға түсу қаупі «Альфаға» қарағанда орта есеппен 2 есе жоғары.

Мұның бәрі «Дельта» нұсқасы барлық төрт нұсқаның ішінде иммун жүйесінен, атап айтқанда антиденелердің реакциясынан «қашуға» бейім екенін білдіреді.

«Дельта» штамм туралы не білеміз?
2021 жылғы 7 маусымдағы жағдай бойынша барлық дереккөзден іріктелген қайта жұқтыру жағдайларының саны. «Дельта» нұсқасы күлгін түспен көрсетілген (дереккөз: Public Health England)

Бұл ретте ресми деректер «Дельта» нұсқасының әлем бойынша таралу деңгейін нақты көрсетпеуі мүмкін. Нұсқаларды анықтау технологиялық мүмкіндіктер мен әдіснамаға байланысты екенін түсіну керек. Мысалы «Дельта» нұсқасын кейбір ПТР-тесттер анықтай алмайды, себебі РНҚ өзгерген кезде кейбір праймерлер жұмыс істемеуі мүмкін. Ұлыбританияның COVID-19 бойынша геномдық консорциумының мәліметі бойынша, бүгінде жарты миллионнан астам геном анықталды (барлық тіркелген жағдайдың шамамен 12%-ы). Бұл тым көп. Дәл осы мәліметтер бізге жаңа нұсқалар туралы нақтырақ ақпарат береді. Ұлыбританияда коронавирус нұсқаларын анықтауға бір жыл ішінде шамамен 30 миллион еуро жұмсалды! Алайда барлық мемлекет мұндай ақша бөле алмайды. Сондықтан ресми деректер әртүрлі елдің технологиялық мүмкіндіктеріне сай көрсетіледі.

Қазір аурудың Ресейде өршіп кетуіне дәл осы үндістандық нұсқа себепші болғанына күмән жоқ (анықталған деректерді қарап көріңіз).

«Дельта» штамм туралы не білеміз?
«Дельта» нұсқасының Ресейде таралуы

«Үндістандық нұсқаға» қарсы вакциналардың тиімділігі

Қазіргі вакциналар «Дельта» нұсқасынан қорғай ала ма? Соңғы зерттеулер жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Жоғарыда айтылған ұлыбританиялық есепте B. 1.617.2 нұсқасына қарсы Pfizer және AstraZeneca вакциналарының тиімділігі туралы ғылыми мақалаға (бұл әзірге препринт) сілтеме жасалып, келесі сандар келтірілген.

«Дельта» штамм туралы не білеміз?
«Альфа» және «Дельта» нұсқаларына қарсы Pfizer және AstraZeneca вакциналарының тиімділігі, орташа мәндер көрсетілген (дереккөз: Public Health England)

Назар аударатын нәрсе – вакцинаның алғашқы дозасы «Дельта» нұсқасына қарсы тиімділігі британиялық «Альфа» нұсқаға қарағанда әлдеқайда төмен. Алайда екінші дозадан кейін тиімділік айырмашылығы айтарлықтай азаяды, яғни «Альфа» жағдайында 88,4% және «Дельта» жағдайында 80,8%. Демек нұсқаның айналымын тоқтатып, барынша жақсы қорғану үшін міндетті түрде екі доза қажет (бұл РНҚ вакциналарына да, векторлық вакциналарға да қатысты). Енді бұл факт Еуропаның кейбір елдерінде, мысалы Францияда нақты шешім шығаруға көмектесті. Онда екі дозаның арасындағы рұқсат етілген 40 күндік аралықты 21 күнге дейін қысқарту туралы шешім қабылданды.

Қазақстанда қолданылып жатқан «Спутник V» вакцинасының тиімділігі туралы әзірге мәлімет аз. Алайда «Спутник V» вакцинасы да AstraZeneca сияқты векторлық вакцина екенін ескерсек, онда AstraZeneca-ның тиімділігі туралы деректерді «Спутник V»-ге де қатысты айтсақ болады деп болжаймыз. Сондықтан РНҚ вакцинасы мен векторлық вакцинаның жеке көрсеткіштерін қарастырып көруді ұсынамыз.

«Дельта» штамм туралы не білеміз?
«Альфа» және «Дельта» нұсқаларына қарсы BNT162b2 (Pfizer) және ChAdOx1 (AstraZeneca) вакциналарының тиімділігі (дереккөз: Lopez Bernal et al.)

Маңыздысы: кестеде келтірілген мәліметтерге сәйкес екінші дозадан кейін РНҚ вакцинасының тиімділігі векторлық вакцинаға қарағанда едәуір жоғары, дегенмен 60% – тиімділік ретінде жақсы көрсеткіш.

Естеріңізге сала кетейік, вакциналар аурудан 100% қорғамайды, яғни екпе алған адамдар да ауырып қалуы мүмкін. Бұл қалыпты және әбден болуы мүмкін жағдай. Алайда бұл вакцина көмектеспейді деген де сөз емес.

«Дельта» нұсқасын жұқтырған адамдарды ауруханаға жатқызуға қарсы вакциналардың тиімділігі туралы зерттеуге (бұл да әзірге препринт) сәйкес екі дозадан кейін ауруханаға түспеу мүмкіндігі – 94%. Сонымен қатар бұл жағынан РНҚ вакциналары да, векторлық вакциналар да бірдей деңгейде қорғайды, яғни екінші дозадан кейін қорғаныс көрсеткіші 90%-дан асады.

«Дельта» штамм туралы не білеміз?
Вакциналардың ауруханаға жатқызуға қарсы тиімділігі (дереккөз: Lopez Bernal et al.)

Осы тұста біздің оқырмандар жақында «коронавирустың үндістандық штамынан қайтыс болған британиялықтардың үштен бірі екпе алған» деген халық арасында кең тараған жаңалықты еске түсірер. Мұндай деректер, шынымен де, біз осы мақалада сілтеме жасаған Public Health England есебінде бар. Есептегі мәліметке сейкес коронавирустан қайтыс болған 42 адамның 12-сі екпе алған. Біріншіден, бұл үштен бір дегеннен біршама аз. Екіншіден, біздіңше, қандай да бір қорытынды шығару үшін мәлімет тым аз. Сондай-ақ қайтыс болғандардың қалған бөлігін де қарастырған жөн, себебі 42 адамның 23-і, яғни жартысына жуығы екпе алмаған, ал 7 адам тек бір доза алған.

Әрине БАҚ өкілдері оқырманның назарын аудару үшін есептегі үлкен кестенің ішінен ең қарама-қайшы әрі даулы ақпаратты алады. Ал егер есепті жан-жақты талдайтын болсақ, мысалы, Англияда ақпан айынан бастап «Дельта» нұсқасын жұқтырған 33 мың адамның ішінде толық вакцина алған адам саны бар-жоғы 1785 (шамамен 5%) екенін көруге болады, ал екпе алмағандар саны – 19,5 мың (шамамен 60%) адам. Жақында өткен тікелей эфирде №40 Мәскеу қалалық клиникалық ауруханасының («Коммунарка») бас дәрігері Денис Проценко вакцинацияның керек екенін растады. Енді сандар сөйлесін: вакцинация басталғалы бері «Коммунаркаға» жатқызылған 23000 науқастың тек 136-сы ғана вакцина алған (олардың 120-сына тек бір доза екпе салынған).

«Дельта» штамм туралы не білеміз?

Қазақстандықтарға не істеу керек?

Жоғарыда айтылғандардың бәрін ескере отырып, «Дельта» нұсқасы халықтың аз бөлігі вакцинацияланған елдерге көбірек әсер ететіні түсінікті. Екпе алмағандардың саны неғұрлым көп болса, коронавирустың бұл нұсқасы адамдар арасында соғұрлым тезірек тарайды. Сондықтан мүмкіндігінше тез арада екпе салдыруға кеңес береміз.

Ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі: «Вакцинанының қай түрін салу керек?». Біздің жауап: қолжетімді және жарияланған ғылыми мәліметтері бар вакцинаны алыңыз. Сондай-ақ екінші дозаны 21 күн ішіндегі аралықта алуға тырысыңыз.

Карантин шараларының әлсіреп, демалыс маусымы басталғалы бері адамдар сақтық шараларын сақтамай жүргені байқалады. Біздің ойымызша, бұлай босаңсуға әлі ерте. Егер сіз адамдармен қарым-қатынасты азайта алмасаңыз, әлеуметтік қашықтықты сақтап, маска тағуды ұмытпаңыз. Кездесулерді адамдар көп жиналатын жабық кеңістіктерге қарағанда таза ауада өткізген жөн.

Factcheck.kz