2021 жыл басында ДДСҰ делегациясы COVID-19 таралу көзін анықтау үшін Қытайға барды. Ғалымдар вирус анықталған уақыттан бұрын болған-болмағанын білуді жоспарлады. Бұл үшін олар пандемия басталғанға дейін жиналған медицина үлгілерін зерттемекші болды.
Уханьдағы зерттеулерден 4 апта өткен соң ұйым эксперттері алғашқы нәтижелерді жариялады. Олар коронавирус ресми түрде расталғаннан 2 ай бұрын пайда болуы мүмкін екенін айтты. Олар 2019 жылдың 8 желтоқсанында коронавирус штамы бар бірінші пациент анықталғанға дейін орталық Қытайда 90-нан астам адам коронавирус белгілерімен ауруханаға түскенін жоққа шығармады.
Осы мәлімдемеден соң дүниежүзіндегі бұқаралық ақпарат құралдары Қытай билігі коронавирустың пайда болуы туралы 2 ай бойы хабарламағанын жеткізген айқайлаған тақырыптағы материалдар жариялай бастады. Осы фактілерді уақытында білуге мүмкіндік болса, вирустың ғаламда таралуына жол берілмейтіні де айтылды.
Бұл хабарламаларда не дұрыс емес екенін талдап көрейік.
Үкім: Кликбейт және Манипуляция
ДДСҰ мамандары коронавирус Қытай билігі айтқаннан 2 ай бұрын болуы мүмкін деп нақты айтқан жоқ және Қытай деректерді жасырды демеді. 2019 жылдың күзінде вирусты алғаш жұқтырғандар туралы болжам қарама-қайшы қан анализінің нәтижесі мен 2019 жылдың желтоқсанына дейін жасалған қытайлық эксперттердің медицина жазбаларына негізделген. Ұйым мамандары зерттеулердің жеткіліксіздігіне байланысты олардың нұсқасы туралы нақты дәлел әзірше жоқ екенін айтты. Оған қоса, олар коронавирус Қытайда пайда болмаған болуы мүмкін екенін болжады. Дегенмен бірқатар БАҚ айқайлаған тақырып үшін контекстіден кей сөзді үзіп алып, аудиторияны адастырды.
Толығырақ…
ДДСҰ-ның жаңа мәлімдемесі бойынша, материалдар жариялаған барлық интернет-басылым америкалық Wall Street Journal іскери газетіне сілтеме жасайды, өйткені онда алдын ала зерттеу нәтижелері жарияланды. Басқа басылымдардың көптеген журналисі жарияланым мәтінін қарамаған сияқты, өйткені оны ақылы түрде жазылып қана оқуға болады. Біз оны толық оқып, ұйым мамандары жариялаған негізгі нәтижелерді баяндаймыз.
- Бастапқыда ДДСҰ 233 медицина мекемесінен 92 пациентте пневмония мен коронавирусқа ұқсас белгілер табылғанын айтты. Қытай билігі пациенттердің қан сынамалары арқылы антиденесін тексеріп, ауруханалар мен клиникалардың медицина карталарын қарады, бірақ коронавирус жұқтыру мен таралуы туралы ешқандай дәлел таппады.
- Қытайдың ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы COVID-19 бойынша эксперт тобының жетекшісі Лян Ваньнянь да өткен айларда пневмония немесе басқа аурулардан болатын өлім-жітім деңгейінде күтпеген ауытқу болмағанын, жөтел мен суыққа қарсы дәрі-дәрмектердің сатылымы да пайдалы көрсеткіштер көрсетпегенін айтты.
- Дегенмен ДДСҰ мамандары бұл нәтижелер болған жағдай туралы толық түсінік бере алмайды деп санайды.
Қытайдағы мамандар тобын басқаратын доктор Питер Бен Эмбаректің айтуынша, науқастардың шамамен үштен бір бөлігі қайтыс болған немесе қатысудан бас тартқан. Қалғаны антиденелерді іздейтін серологиялық сынақтардың теріс нәтижесін көрсетті. Дегенмен ол COVID-19 антиденелерін анықтауға арналған серологиялық сынақтардың қаншалық сенімді екені белгісіз екенін айтты. ДДСҰ мамандары болжамды жағдайлардағы антиденелер деңгейі уақыт өте келе төмендеуі мүмкін екенін де айтты, сондықтан ауру болмады деуге келмейді.
ДДСҰ тобының голландиялық вирусологы Марион Купманс бұл мәселені бөлісті, өйткені серологиялық сынақтар әлем туралы толық ақпарат бере алмайды және теория жүзінде кем дегенде бір расталған жағдай болуы мүмкін, бұл болашақтағы зерттеулерге елеулі әсер етеді.
Көптеген ғалым COVID-19 Уханьда анықталуы үшін жеткілікті жағдай болғанша біраз уақыт тарап жүрді деп ойлайды. WSJ мақаласында 2019 жылдың 30 қарашасында тыныс алу белгілері мен құсудан емделген Милан аймағындағы 4 жасар баладан COVID-19 инфекциясы белгісін тапқан итальяндық мамандардың зерттеуі келтірілген. COVID-19 жұқтырудың АҚШ-та 2020 жылы 19 қаңтарда алғаш расталған жағдайынан бірнеше апта бұрын 2019 жылдың желтоқсанында бірнеше жағдай болуы мүмкін.
Сонымен қатар, америкалық журналистер Аризона университеті мен Сан-Диего Калифорния университеті ғалымдарының өткен күзде жүргізген зерттеуіне сілтеме жасайды. Оның нәтижесі бойынша, вирус Хубэй провинциясында төмен концентрацияда 2019 жылдың қазан айының ортасында болуы мүмкін. Мұнда таңқаларлық ештеңе жоқ, вирусологтар бұл туралы 2020 жылдың сәуірінде айтқан еді, біз дәрігер Ши Чжэнли туралы мақаланы аудардық, сондағы вирусолог Ральф Бариктің Scientific American-ға берген комментариін қараңыз.
Бірақ барлық осы нюансқа қарамастан, ДДСҰ командасы вирус жұқтыру жағдайы ол расталған алғашқы ресми жағдайдан бірнеше ай бұрын Қытайда пайда болуы мүмкін деген мәлімдеме жасауға асықпайды.
WSJ материалында Калифорния университеті эволюциялық биологы Джоэль Вертхайм COVID-19 белгілері басқа респираторлық ауру белгілеріне ұқсас болуы мүмкін екенін және ауруханада жатқан 90 науқастың бәрі жаңа вирусты бір уақытта жұқтырса, таңқаларлық жағдай болатынын түсіндірді. Дегенмен оның пікірінше, бұл жағдайлар әрі қарай зерттеуді қажет етеді.
Нақты нәтиже алу үшін ДДСҰ эксперттері белгілі болған бірінші жағдайдан бірнеше күн бұрын COVID-19 сияқты белгілермен ауруханаға жатқызылған Ухань аймағындағы адамдарда антидене анализін көруі керек. Олар инфекцияны көрсетіп, өмірлік маңызды белгілерді бере алар еді. Бірақ Қытай билігінің кешігуіне байланысты тестілеу мүмкіндігі кейінге қалдырылып жатыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл сынамаларды одан әрі жүйелі түрде тексеру 2019 жылдың желтоқсанына дейін Қытайда вирустың таралған-таралмағанын анықтауға көмектесетінін мәлімдеді. Сондай-ақ, COVID-19 вирусын тексеруге болатын тыныс алу немесе пациенттердің басқа үлгілері сақталған-сақталмағанын анықтау өте маңызды. Қытайдың ресми өкілдері ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін және болашақта барлық қажет үлгіні ұсынатынын айтты.
Сонымен қатар, Қытайдағы шетелдік эксперттер вирус Қытайға басқа елден, мүмкін Оңтүстік-Шығыс Азияның басқа аймағынан әкелінген мұздатылған тамақ арқылы келуі мүмкін деп болжады. Бұған дейін жаппай жұқтырудың дәл осындай нұсқасын Бейжің билігі жариялаған еді.
Доктор Лян қытайлық команда вирус Уханьда табылғанға дейін бірнеше апта бұрын шетелде таралғанын болжайтын әртүрлі елдің жарияланбаған зерттеулерін қарап шыққанын қосты. ДДСҰ тобы мұндай зерттеулерді басқа елдерде, мысалы, Италияда тереңірек зерттеуге дайын екенін айтты, бірақ олар қандай да бір қорытынды жасауға асықпайды.
Қорытынды
- ДДСҰ 2019 жылдың қазан айында 92 пациентте коронавирус белгілері болғанын анықтады. Дегенмен олардың COVID-19 белгілері болғанын пациенттер туралы мәліметтер мен талдау әдістерінің болмауына байланысты дәл растау мүмкін емес.
- Қытай билігінің ауруды ресми тіркеуден 2 ай бұрын коронавирустың таралу белгілері болмаған деген мәлімдемесіне қарамастан, ДДСҰ мамандары олардың нәтижесі вирус жұқтыру туралы толық мәлімет бермейді деп санайды.
- ДДСҰ мамандары коронавирус инфекциясының басталу уақытын дәлірек анықтау үшін қан үлгілерін көбірек зерттеп, болжамды науқастардың дерегін тексеруі қажет.
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вирус Қытайдан тыс жерде пайда болып, мұздатылған тағамды тасымалдау арқылы елге барып, содан кейін жаппай тарала бастауы мүмкін деп те болжайды.
- Алдын ала зерттеудің нәтижесі Қытай билігінің ДДСҰ-мен ынтымақтастыққа толық ашықтығына күмән туғызады, дегенмен коронавирустың ертерек пайда болуы туралы қорытынды жасауға әлі ерте, өйткені бұл тағы да зерттеуді қажет етеді.
- Бірқатар бұқаралық ақпарат құралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы эксперттерінің сөзін контекстен үзіп алып, аудиторияны тарту үшін кликбейт тақырыбын қойған.