Бала — қоғамдағы маңызды тұлғаның бірі. Көп жағдайда олардың құқығы бұзылады, әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарында. Осы тұста медиадағы бала құқығына байланысты жиі айтылатын қауесеттерді тексергенді жөн көрдік.
ҚР Бала құқықтарын қорғау туралы заңы бойынша: «Бала – он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам»
Кез келген баланың суретін рұқсатсыз түсіріп, интернетке жариялауға болмайды
Үкім: Жартылай шындық
Бұл орын алған жағдайға тәуелді. Баланы қай жерде, не мақсатпен, қандай іс-шарада түсіретініңізге байланысты. ЮНИСЕФ-тің дерегінде «Журналистік материалдың жариялануының балаға келтіретін салдарын оның ең жақын адамдары, ата-аналары, қамқоршылары бағалай алады», – делінген.
Мысалы, балабақша — қоғамдық орынның бірі. Кез келген баланың суретін жайдан-жай түсіріп алуыңызға болмайды. Қандайда бір іс-шара, концерт бағдарламасы болатын болса, ол жағдайда рұқсат. Алайда балаңызды балабақшада өзге балалармен тамақ ішіп отырғанда немесе балалардың киім ауыстыру бөлмесінде суретке түсіруден аулақ болыңыз. Себебі басқа балалар ыңғайсыз жағдайда кадрға түсіп қалуы мүмкін. Бұл – дұрыс емес.
Баланың жазбасын немесе естелік күнделігін интернетке жариялау дұрыс емес
Үкім: Шындық
ҚР Азаматтық Кодексінің 144 бабы «Жеке бастың құқығын сақтау құпиясы» бөлімінде: «Күнделіктерді, жазбаларды, естеліктерді және басқа да құжаттарды жариялауға – олардың авторының келісімімен, ал хаттарды олардың авторы мен алысушысының келісімімен ғана жариялауға жол беріледі» делінген.
Яғни, көп жағдайда «кішкентай баланың күнделігінде не бар дейсің» деген оймен жазбасын оқып, әлеуметтік желідегі хаттарын ақтарып, оны бөлісіп жатады. Бұл баланың жеке бас құқығын сыйламау, құрметсіздік таныту.
Айта кететін тағы да бір жайт, ҚР Азаматтық Кодексінің 144 бабы үлкендерге де қатысты.
Баламен сұхбат жазу үшін ата-анасынан рұқсат сұрау керек
Үкім: Шындық
ЮНИСЕФ-тің «Children and the media» еңбегінде балалардан сұхбат алу үшін өзінен және қорғаушысынан рұқсат алу керек. Сұхбаттың мақсатын және оның мақсатты қолданылуын түсіндіріңіз. Мүмкіндігінше, келісімнің жазбаша түрде болғаны маңызды деп ескертеді.
Сондай-ақ, ҚР Азаматтық Кодексінің 23-бабы, бірінші тармақшасында: Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар (жас балалар) үшiн мәмiлелердi, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың атынан заңды өкілдері жасайды, – деп жазылған, ал осы кодекстің 22-бабы, екінші тармақшасында: Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар өздерiнiң табысына, стипендиясына, өзге де кiрiстерiне және өздерi жасаған интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне өз бетiнше билiк етуге, сондай-ақ тұрмыстық ұсақ мәмiлелер жасасуға құқылы.
Яғни, баланың өз бетімен немесе заңды өкілінің келісімімен шешім қабылдауға құқығы бар. Сондай-ақ заңда көрсетілгендей тұрмыстық ұсақ мәмілелерді, интеллектуалдық меншік құқығы объектілеріне өзі жауап береді.
Зорлық-зомбылық көрген баланың фото немесе видеосын БАҚ-та жариялауға болмайды
Үкім: Шындық
ЮНИСЕФ-тің балалар туралы журналистік материалдарға қатысты этикалық қағидатында: «Егер балаға, оның ағалары мен апаларына, құрдастарына қауіп келтіретін ықтималдық бар болса, материалда оның есімін өзгерту немесе көрсетпеу жеткіліксіз – оны айқындауға мүмкіндік беретін фотосуреттер мен басқа деректі материалдарды жариялауға болмайды» – деп көрсетілген.
ҚР ҚК 147-бабы, 4 тармағында: Адамның жеке немесе отбасы құпиясын құрайтын, жеке өмiрi туралы мәлiметтердi оның келiсiмiнсiз тарату не өзге де дербес деректердi заңсыз жинау және (немесе) өңдеу нәтижесiнде адамның құқықтары мен заңды мүдделерiне елеулi зиян келтiру – бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады, – деп көрсетілген.
Жоғарыдағы жағдайда сурет БАҚ-қа жарияланатын болса, кейін баланың болашағына, психологиясына кері әсер етіп, мазаққа ұшырауына, ортадан оқшаулануына әкелуі мүмкін.
Қылмыстық, заңбұзушылық әрекетке барған баланың жеке мәліметін (аты-жөні, мекен-жайы, т.б.) ақпарат құралдарында әшкерелу заңға қайшы
Үкім: Жартылай шындық
Заңда көрсетілгендей, баланың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін өзге де ақпаратты таратуға тыйым салынады. Алайда баланың заңды өкілдері БАҚ-қа келісім берген болса, ондай жағдай да рұқсат.
БАҚ туралы заңының 14-бабы бойынша: «Әкімшілік және (немесе) қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деп күдік келтірілген және (немесе) айып тағылған кәмелетке толмағандар туралы, олардың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін өзге де ақпаратты таратуға тыйым салынады» деп көрсетілген.
Және “Осы тармақтың бірінші бөлігі 2) тармақшасының күші ата-аналары мен өзге де заңды өкілдері туралы ақпаратты қоса алғанда, ауыр және (немесе) аса ауыр қылмыстарды жасауда сот кінәлі деп таныған кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.”
Кәмелет жасына толмағандар үшін «көруге болмайтын» ақпаратты «біле тұра тарататын» кез-келген адам жауапқа тартылады
Үкім: Шындық
Интернет желісі арқылы таратылатын ақпараттық өнімді қоспағанда, балаларға тыйым салынған ақпаратты кәмелетке толмағандарға таратуға жол берілмейді.
ҚР Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы заңының 16-бап, екінші тармағында балаларға тыйым салынған ақпаратқа мыналар жатады:
- балаларды өміріне және (немесе) денсаулығына қатер төндіретін әрекеттер жасауға, оның ішінде суицидке итермелейтін;
- балаларды қоғамға жат және құқыққа қайшы әрекеттерге арандататын;
- арнайы сексуалдық-эротикалық сипаттағы;
- сексуалдық зорлық-зомбылықтың сипатталуын және (немесе) бейнеленуін қамтитын;
- нормативтік емес лексиканы қамтитын;
- балалар арасында таратуға Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен тыйым салынған ақпарат жатқызылады.
Контекст
Қашықтан оқыту басталғалы мессенджерде кішкентай баланың камераға сабақ айтып отырып, «қайда қараймын, анда қараймын ба, мында қараймын ба, оқымаймын» деген мазмұндағы видеосы кеңінен тарады. Бала ол сөздерді ұстазына немесе онлайн жүйенің қолайсыздығына ренжіп, айтқан болуы мүмкін. Бұл видеоны жариялау ҚР ҚК 148-бабы, бірінші тармағы бойынша: «Жеке тұлғалардың хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф хабарлары немесе өзге де хабарлар құпиясын заңсыз бұзу» болып саналады.
Кибербуллинг құрбаны — балалар
Кибербуллинг – адамды интернетте, әлеуметтік желі мен түрлі мессенджерлерде қорқытып, зорлық көрсету.
Құқық қорғау органдары кибербуллинг құрбандары балалар деп дабыл қағады. Себебі олар шектеу қойылмаған сайт, әлеуметтік желіні орынсыз пайдаланып, неше түрлі жағдайға ұрынады екен.
Бұл әрекетті жасаушы ҚР Қылмыстық Кодексінің 131-бабы бойынша жауапқа тартылады. Заңда былай жазылған: Қорлау, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiту – көпшiлiк алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған дәл сол іс-әрекет – екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға жазаланады.
Бұл туралы бала құқығы жөніндегі омбудсмен Аружан Саин былай дейді:
Балалардың зорлық-зомбылыққа ұшырауын жиі кездестіреміз. Мысалы кішкентай бір қалашықтарда зорлыққа ұшыраған баланың аты-жөні, суреті жарияланса, оған түрлі сұрақтар қойылады. Ақпарат тез тарайды. Бала қоғам қысымынан көшіп кетуге мәжбүр болады. Біз фонд ретінде мұндай жағдайды көп кездестірдік.
Аружан Саин, Бала құқығы жөніндегі омбудсмен
Балалардың өзі әртүрлі сұрақтар қоюы мүмкін. «Сені қалай зорлап кетті» деген секілді. Себебі олар түсінбейді. Тіпті туыстарынан, көршілерінен «сен қалай тұрмысқа шығасың», «сені кім алады» деген сұрақтар қойылып, басқа балалардың көзінше талқылануы мүмкін. Әрине, бұл жағдайда бала өзін қорғай алмайды.
Бақ пен әлеуметтік желіге ақпарат жарияламас бұрын мұқият болу керек. Біз бірер жылдан бері зорлыққа ұшыраған балалар туралы жоба ұсынып келеміз. Мысалы әлеуметтік жағдайы төмен отбасының баласы зорлыққа ұшырайтын болса, олар көшіп кете алмайды. Өз күндерін әзер көріп жүреді. Жәбірлеушіні түрмеге отырғызғанмен, оның арындағы дақ ешқашан кетпейді. Яғни, бала сол тағдырмен өмір сүреді. Заң белгілі бір деңгейде ғана қорғайды.
Әлеуметтік желіге жариялаған кез келген адам бұл жазбаны баланың өзі оқуы мүмкін екенін ұмытпау керек. Бала өседі. Ал әлеуметтік желіге жарияланған ақпарат ешқашан өшпейді. Сондықтан пікір жазбас бұрын, өзгенің өмірін талқыламас бұрын этика заңдарын сақтаңыздар.
Қорытынды:
Бала — жеке тұлға. Олардың да құқығы тиесілі деңгейде қорғалуы қажет.
Бала құқықтары туралы Конвенцияда: «Әрбір баланың өмір сүруге құқығы бар, және үкімет баланың психикалық, эмоциялық, ақыл-ой, әлеуметтік және мәдени деңгейін қолдай отырып, оның аман-есен, сау болып дамуын қамтамасыз етуге міндетті», – деп көрсетілген.