Алматы облысы Үлкен Ақсу ауылында сібір жарасына байланысты карантин енгізілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
“5 қыркүйекте Республикалық ветеринариялық зертхана 2 бас ІҚМ сынамаларында сібір жарасының болуын растайтын бактериологиялық зерттеулердің нәтижелерін алды”, – делінген ведомствоның сайтында.
Қазіргі уақытта Үлкен Ақсу ауылында тірі жануарлар мен мал шаруашылығы өнімдерін әкеліп-әкетуге тыйым салынды.
“Аумақтық ветеринариялық инспекция ЖАО ветеринариялық дәрігерлерімен бірлесіп жануарларды аулалық тексеру, вакцинациялау және жануарлар иелерімен түсіндіру жұмысын жүргізеді”, – делінген ведомство сайтында.
Министрлік жағдайды өз бақылауына алғанын, елдімекенде дезинфекция жүргізу үшін АШМ-нің Республикалық эпизоотияға қарсы отряды көшірілетінін, қажет маман мен арнайы техника штатының бар екенін айтты.