Әлемдегі 10 ел карантиннен, ПТР-тесттен және вакциналаудан бас тартып, ковидті маусымдық тұмау деп жариялағаны рас па?

Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде келесі мазмұндағы жаңалықтың тарап жатқанына бірнеше апта болды: «Әлем бойынша 10 мемлекет барлық карантиндік шектеулерді, коронавирусты анықтайтын ПТР-тесттерді және міндетті вакциналауды алып тастап, коронавирусты жай маусымдық тұмау деп жариялады». Бұдан бөлек ақпаратта былай делінген: «ғалымдар Германия канцлері мен Денсаулық сақтау министрінен адамдардан күніне бірнеше рет қарапайым сақтық шараларын орындауды сұраған-мыс. Яғни вирусты Германияда бір апта ішінде «жою үшін» адамдар тамағын жартылай ыстық абмонак ерітіндісімен шаюы керек».

Әлемдегі 10 ел карантиннен, ПТР-тесттен және вакциналаудан бас тартып, ковидті маусымдық тұмау деп жариялағаны рас па?

Бұл мәтін орыс тілді ортаға ағылшын тілді кеңістіктен келген. Біздің әріптестеріміз, тіпті, аталған елдердегі ковид шектеулері мен талаптарына оның қаншалықты сәйкес екенін тексерген. Біз де өз үлесімізді қосып, осы мемлекеттердегі қазіргі эпидемиологиялық талаптар туралы біліп, нәтижесін сіздерге ұсынуды жөн көрдік.

Үкім: Фейк

Пост толығымен фейк. Ақпаратта айтылған елдердің ешқайсысында (және басқа мемлекеттерде де) ковид «маусымдық тұмау» деп танылмаған. Сондай-ақ ПТР-тест тапсыру, карантиндік шаралар мен вакциналау еш жерде алынып тасталған жоқ (бұл жерде ескеретін жайт, көптеген елде міндетті вакциналау азаматтардың жекелеген топтарына ғана арналған). Ал жылы тұз ерітіндісі (фейк авторы оны «абмонак» деп атаған) Германия халқын да, бір адамды да коронавирустан «қорғай алмайды». «Абмонак» – бұл ойдан шығарылған атау. Қалай айтсақ та, 2022 жылғы ақпан айына дейін мұндай препарат тіркелмеген.

Мұның бәрін оңай тексеруге болады, әсіресе, фейк ақпаратта Ұлыбритания туының қасында Ресейдікі тұрғаны қызық. Қайткенмен де осыншалықты қарама-қайшы, жалған ақпарат ағылшын және славян тілдес ортада тез тарап кетті. Кейін жаңалық посткеңестік және Шығыс Еуропа елдеріне де жетті. Біз төменде ұсынған зерттеуімізді бұл жалған ақпаратта аты аталған елдерде расымен не болып жатқанын және «абмонактың» қайдан шыққанын білгісі келетіндерге арнаймыз.

Карантин, вакциналау және ковидті «маусымдық тұмау» деп тану туралы

Алдымен, міндетті вакциналаудан бастайық. Ол әлемнің көптеген елінде азаматтардың жекелеген топтары үшін ғана міндетті. Барлығы адамның кәсіби қызметіне немесе оның денсаулығына байланысты (медицина қызметкерлері, мұғалімдер, қызмет көрсету саласының қызметкерлері, әскери қызметкерлер, полиция, 60 жастан асқан адамдар және т.б.). Осыған қоса бірқатар мемлекетте сауда орталықтарына және басқа да қоғамдық орындарға кіру үшін вакцина паспорты қажет. Қазіргі кезде Австрия, Эквадор, Индонезия, Микронезия, Тәжікстан және Түркіменстанда 18 жастан асқан барлық адам (денсаулығына байланысты екпе салуға болмайтындардан басқа) вакцина салдыруға міндетті. Германияда бұл мәселе наурыз айында шешіледі. Аталған елдерде вакциналау міндетті емес, демек оны алып тастау өтірік.

Вакциналау мен тестілеудің қазіргі деңгейі туралы сөзімізге мына инфографика дәлел бола алады:

Әлемдегі 10 ел карантиннен, ПТР-тесттен және вакциналаудан бас тартып, ковидті маусымдық тұмау деп жариялағаны рас па?

Аталған елдерде вакциналау деңгейі өте жоғары екенін байқауға болады. Дегенмен бұл мемлекеттерде екпе салу тоқтады деген сөз емес. Бұл ПТР-тест тапсыруға да қатысты.

Әлемдегі 10 ел карантиннен, ПТР-тесттен және вакциналаудан бас тартып, ковидті маусымдық тұмау деп жариялағаны рас па?

Мына графикте күніне 1000 адамға жасалған тесттің саны көрсетілген.

Covid-19 әлемнің қандай да бір елінде «маусымдық тұмау» деп жарияланды ма?

Жауап: жоқ. Коронавирус инфекциясынан болған пандемияны әлі ешкім алып тастаған жоқ. Тізім бойынша барлық елге тоқталып өтейік.

Түркия

Түркияның Денсаулық сақтау министрлігінің сайтын үстірт қарап шығып-ақ, бұл елде науқаспен және онымен байланыста болған адамдарды вакциналау және оқшалау қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады. Қызық болса әр аймақ бойынша вакциналау мен қауіп деңгейінің графикасын көруге болады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ел бойынша орташа есеппен 2 компонентті ересек халықтың 84,63 пайызы, ал бустерді (вакцинаны екінші рет алу) 25,7 миллион адам алған. Осыған қоса, бұл елде қоғамдық орында, жабық жерде және қоғамдық көлікте маска тағу міндетті.

Түркияға келген туристер мен ел азаматтары билет сатып алғанда және қонақүйге орналасқан кезде арнайы код ұсынатын Hayat Eve Sigar (HES) атты мобильді қосымшаны жүктеп алуы керек. 2021 жылғы қыркүйекте Үкімет вакцина алмаған және 18 жастан асса да, ауырмаған азаматтар үшін карантин шараларын күшейтті. Қысқаша айтқанда, қоғамдық орындарға және қалааралық сапарларға бару үшін 48 сағат ішінде жасалған теріс нәтижелі тест қажет. Екпе алмағандар және ауырмаған, бірақ жұмыс істейтін азаматтар аптасына 1 рет, ал оқу мекемелерінің қызметкерлері 2 рет тест тапсыруға міндетті. Шетел азаматтары үшін елге кірудің қазіргі ережелерімен мына жерден өзіңіз де таныса аласыз. Сондай-ақ қаупі жоғары елдерден келген немесе соңғы 14 күн ішінде сондай мемлекеттерде болған саяхатшылар үшін карантин қарастырылған. Мысалы Ауғанстаннан келген адамдар ПТР-тесті теріс болса да, 10 күн карантинде болады.

Бразилия 

Ұлттық денсаулық сақтау агенттігінің (Anvisa) сайты алдын-алу шаралары туралы толық ақпарат береді. Ал ақпарат, шынымен, өте әсерлі. Мысалы бұл елде балаларды вакциналау деңгейі жоғары. Жалпы қазір Бразилияда халықтың 70 пайызы екпе алды.

Бразилия азаматына да, туриске де елге кіру үшін 3 құжат керек: ПТР немесе антиген тесті туралы анықтама, саяхатшының денсаулығы туралы декларация (DSV) және вакциналау сертификаты. Басқа жағдайда: адам денсаулығына байланысты вакцина ала алмаса, келген елінде вакцина алу мүмкін болмаса, толық вакцинана алмаса, онда келген адам карантинде 14 күн болуы міндетті. Сонымен қатар мекемелерге кіру үшін вакциналау паспорты қажет болуы мүмкін. Көліктегі, қоғамдық орын мен жабық жерлердегі маска режимін де атап өтейік.

Ұлыбритания

Ұлыбританияға Англия, Уэльс және Шотландия кіреді (ал Ұлыбритания құрамында Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия бар). Шынында да, 27 қаңтардан бастап Англияда кейбір шектеулер алынып тасталды. Айта кетейік, олар бұл шараларды өткен жылғы желтоқсанда қауіпті омикрон пайда болған кезде қабылдаған еді. Жабық жерлер мен көлікте маска тағу режимі, бұқаралық іс-шараларға және түнгі клубтарға бару үшін вакциналау сертификатын міндетті түрде көрсету, сондай-ақ қашықтан жұмыс істеу сияқты шаралар алынып тасталды.

Алайда сол Англияның өзінде коронавирус жұқтырған кезде 5 күн карантинде болу талабы және басқа да ұсыныстар мен шектеулер сақталған. Мысалы ковидке күдік пайда болған кезде тест тапсыру және өзін-өзі оқшаулау әлі де бар. Мемлекет адамдарды вакцина алуға үгіттеп жатыр. Жалпы Ұлыбританияда халықтың 71,3 пайызы екпе алған.

Осы материал жазылып жатқан кездегі Уэльстегі жағдайға тоқталайық. Бұл елдің Үкіметі азаматтарды толық вакциналаудан бөлек, вакцинаны екінші рет алуға, ковидпен ауырып қалды деген күдік пайда болғанда оқшаулануға және тест тапсыруға шақырады. Сондай-ақ мұнда қоғамдық орындарға бару үшін әлі де вакциналау сертификаты қажет, ал маска режимі жойылған жоқ. Дегенмен әлеуметтік қашықтыққа қатысты ережелер, мысалы мейрамханаларда алынып тасталды. Дәл осындай талаптар Шотландияға да қатысты. Ирландияда да бәрі солай, тек үйде 30-дан астам адамды жинауға тыйым салатын ереже әлі де сақталған. Дегенмен open-air (ашық алаң мен даладағы) кештерге мұндай шектеулер жоқ. Қайткенде де қонаққа барар алдында жедел тест тапсыруды ұсынады. 

11 ақпаннан бастап Ұлыбритания аумағына кіруге қатысты жаңа ережелер пайда болды. Осы материал жазылып жатқан кезде Англия, Шотландия, Уэльс және Солтүстік Ирландияның «қызыл тізімінде» ешқандай ел жоқ. Жалпы толық вакциналаудан өткен саяхатшылар (дәрі-дәрмектер Ұлыбританияда рұқсат етілуі керек) енді сапарға дейін және одан кейін COVID-19-ды анықтайтын тесттен өтпесе де болады. Бұдан бөлек елге сапарлатып келген адам карантинде отырмайды. Ал вакцина алмағандар немесе толық вакциналаудан өтпегендер сапарға дейін 2 күн бұрын, сосын елге келгеннен кейін 2 күн ішінде ПТР-тест (оған алдын ала тапсырыс беріп, төлеп қою керек) тапсыруы тиіс. Егер тест теріс болса, онда карантин қажет емес.

Швеция

Қазіргі кезде ковидке қарсы көптеген шектеулерді алып тастауға ең жақын ел осы Швеция шығар. Бұл елде COVID-19-ға қатысты шараларды кезең-кезеңімен жою 9 ақпаннан басталды. Мысалы көпшілік жиналатын жерде адам санын шектеу, қоғамдық орындарға барған кезде вакциналау паспортын көрсету, әлеуметтік қашықтықты сақтау және қоғамдық көліктегі маска режимін сақтау алынып тасталады. Алайда коронавирус жұқтырғандар үшін 5 күндік карантин әлі де сақталады.

«Омикрон аурудың алдыңғы нұсқалары сияқты ауыр жағдайларға әкелмейді. Сондықтан аурудың кең таралуына қарамастан реанимация мен ауруханаға түсушілер көбейген жоқ. Ал қауіпті топтағы адамдардың басым көпшілігі бустерлі түрде (екпені екінші рет алу) вакциналанды», делінген Швеция Үкіметінің сайтында.

Сонымен қатар 3 ақпанда Швецияның Қоғамдық денсаулық сақтау агенттігі ел Үкіметіне COVID-19-ды «қоғамға және денсаулыққа қауіп төндіретін ауру» деген санаттан алып тастауды сұрады. Агенттіктің айтуынша, енді коронавирус хабарлауды және тіркеуді қажет ететін ауру ретінде тіркелуі қажет. Дегенмен Швеция да COVID-19-ды «маусымдық тұмау» деп санамайды, сондай-ақ 12 жастан асқан азаматтарды вакцина алуға, ал қарт адамдарды қайта вакциналауға шақырады. Бұл елде вакцинаны толық алған халықтың деңгейі 74,1 пайыз.

Швецияға кіруге қатысты шектеулерге тоқталсақ, онда Еуропалық одақ пен Еуропалық экономикалық аймақтың, сондай-ақ Швейцария азаматтары үшін барлық ковид шектеулер алынып тасталды. Дегенмен басқа мемлекеттердің азаматтары үшін рұқсат етілген тізім бойынша (тізім эпидемиологиялық жағдайға сәйкес жаңартылып отырады) 31 наурызға дейін вакциналау туралы сертификат (Еуроодақта тіркелген), теріс ПТР-тест (елге келгенге дейін 72 сағат бұрын тапсырылуы керек) немесе «жазылдым» деген анықтама қажет. Мысалы Қазақстан жоғарыда аталған тізімде жоқ. Біздің елдің азаматтары Швецияға тек белгілі бір жағдайда, мәселен оқу немесе жұмыс істеуге ғана бара алады.

Испания

Испаниядағы жеңілдетілген шаралардың ішінен тек үйден тыс жерде маска тағу міндеті алынып тасталғанын айтуға болады. Ал карантин (оның ішінде науқаспен байланыста болған адамдар үшін 10 күн), тест тапсыру сол қалпы қалды. Сондай-ақ елде вакциналау (82%) және ревакциналау (100 адамға 49 бустер дозасы) жалғасып жатыр.

Әзірге Испанияға кіруге қойылатын талаптар адамның келетін еліне байланысты. Пандемия кезінде Еуропалық одаққа сырттан келетін адамдарға шектеу бар, сондықтан Испанияға тек оқу сияқты ерекше жағдайларда кіруге рұқсат етілген. Қауіпті елдердің тізімі деген де бар, оған әлемнің көптеген мемлекеті кіреді. Мына сілтемені басып, қай елдің азаматы Испанияға қандай жағдайда кіре алатындығын біле аласыз. Қалай дегенде де осы елге кіруге рұқсаты бар адамдарда Еуроодақ бекіткен вакциналау (вакцинаны ДДСҰ және Еуропалық Денсаулық сақтау агенттігі рұқсат етуі керек), тестілеу (жарамдылық мерзімі диагноз түріне байланысты) немесе белгіленген үлгідегі «жазылдым» деген 3 сертификаттың бірі болуы қажет. Ал ЕО азаматтары үшін цифрлы ковид-сертификаты бар.

Чехия

Чехияға кіру ережелері де адамның келетін мемлекетіне байланысты: яғни елдер коронавирус инфекциясының таралу қаупі жоғары не өте жоғары, орташа не төмен деп бөлінеді. Негізі осы материал жазылып жатқанда кейбір жағдайларды қоспағанда, Чехия аумағына кіруге толығымен тыйым салынған. Дегенмен Қазақстандағы Елшілік визалық қызметті ақырындап жандандыра бастады. Елге кіруге рұқсат берілген адамның вакциналау паспортының бар-жоғына қарамастан, ұшып келушілер теріс ПТР-тест ұсынып, 5-7 күн өткеннен кейін тағы да тест тапсыруы қажет. Бұдан бөлек Чехияда көп адам қатысатын іс-шараларда (далада болсын, мекемеде болсын) маска тағу режимі әлі де сақталады. Ондай кезде қорғаныс дәрежесі 94 пайыздық маска тағу керек. Сонымен қатар бұқарамен тығыз байланыста болатын жұмыскерлер де маска тағуы керек. Науқастанып қалған кезде оқшаулау және аурумен байланыста болған адамдар үшін карантин ережелері (5 күн) де сол қалпы қалды. Вакцина алу ұсыныстары ешқайда кетпеді. Елдегі вакциналау деңгейі – 63,5 пайыз.

Мексика

Бұл елге кіруге ешқандай ковид шектеулер болмаған және болашақта да болмайтын сияқты. Яғни вакциналау паспорты, келген кезде тест тапсыру және карантинде болу қажет емес. Дегенмен елде вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында вакциналары бар жүк тасығыш ұшақтардың келіп жатқаны туралы видеолар де бар екен. Айтпақшы, Мексикадағы вакцина алу деңгейі Қазақстанға қарағанда жоғары: бізде – 46,4%, оларда – 59,6%. «Омикроны» анықталған адам міндетті түрде 14 күндік карантинге кетеді. Сонымен қатар билік бүкіл әлемге қолданатын шараларды ұсынады: маска тағу, қашықтықты сақтау және т.б.

Сальвадор

Қазіргі кезде Сальвадорда да Мексика сияқты сырттан келетін адамдар үшін ешқандай ковид шектеулер жоқ. Түрлі ережелер біртіндеп алынып жатыр, бірақ кей жағдайда тұтастай аудандар алдын ала ескертумен немесе ескертусіз карантинге жабылуы мүмкін. Көпшілік қатысатын спорт және басқа да іс-шараларға теріс нәтижесі бар тест немесе вакциналау паспорты қажет. Ауырғандар мен олармен байланыста болғандар үшін өзін-өзі оқшаулау мен карантин шаралары көзделген. Қоғамдық орындар мен жиналыстарға барған кезде маска тағу міндетті. Сальвадордағы вакциналау деңгейі – 64,5 пайыз.

Жапония

ПТР-тесттің нәтижесі теріс болмаса, бұл елге жапониялықтардың өзі де кіре алмайды. Ақпан айының соңына дейін Жапонияға кіру тек «маңызды себептермен» рұқсат етіледі. Осы елдің азаматтары мен тұрақты тұрғындары үшін ғана ерекше жағдайлар бар. Дегенмен омикрон-штаммы басым елдерден келгендердің барлығы 7 күндік карантин кейіннен ПТР-тест тапсырады. Сондай-ақ коронавируспен ауырғандар және олармен байланыста болғандар үшін карантиндік шаралар қарастырылған. Бұдан бөлек Денсаулық сақтау, еңбек және әл-ауқат министрлігі ПТР-тесті оң нәтиже берген адаммен байланыста болғандар туралы сигнал беретін мобильді қосымша жасап шығарған. Сондай-ақ Жапония азаматтары үшін вакцина навигаторы жасалған. Елдегі вакциналау деңгейі шамамен – 80 пайыз.

Сингапур

Ковидке қарсы ең қатаң шаралар қолданған елдің бірі. Осыған дейін науқастармен байланыста болған адамдар 10 күндік карантинге кетіп, бірінші және 10-шы күні екі рет тест тапсыруды міндеттейтін SMS алатын. Қазір ондай талап жоқ, дей тұрғанмен Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды мұндай іске жауапкершілікпен қарауға шақырады. Егер ПТР-тест оң нәтиже көретсе, онда карантин аурудың ауырлығына және вакциналау деңгейіне қарай 72 сағаттан 14 күнге дейін созылады. Айтпақшы, 12 наурыздан бастап 12 жастан асқан сингапурлықтарға толық вакциналау мәртебесін алу үшін тағы да екпе алу қажет (соңғы екпеден 270 күн өтуі керек). Елдегі вакциналау деңгейі – 88,5 пайыз.

Шетелдіктер елге белгілі бір талаптар орындалғанда, мысалы саяхатшының Сингапурда туыстары болса ғана кіре алады. Сингапурға кіру не кірмеу мүмкіндігін мына жерден тексеруге болады. Ал елге кіруге рұқсаты бар, бірақ вакцина сертификаты жоқ адамдар ПТР немесе антиген тестін тапсыруы керек. Сондай-ақ ПТР-тестті самолеттен түскеннен кейін бір, 7-10 күндік карантиннен кейін тағы бір рет тапсыру қажет. Вакцина алғандар үшін талаптар соншалықты қатал емес, тек келгеннен кейін ПТР-тест туралы анықтаманы көрсетіп, «егер тұрғылықты жерінен басқа жаққа шығу керек болса» елге келген 2-7 күн аралығында антигенді анықтайтын жедел тест тапсыру керек. Бұл талаптардың бәрі Сингапур мемлекеттік агенттігінің сайтында жазылған.

«Абмонак» дегеніміз не?

«Абмонак» сөзіне келетін болсақ, ол тамақты шаюға арналған дәрі-дәрмек ретінде еш жерде аталмайды. Оны диеталық қоспалар арасынан да таппайсыз. Шамасы «абмонак» деген сөз мүлдем жоқ. Алайда фейк ақпараттағы жұмбақ сөздің сипаты тұз ерітіндісіне келеді. Айтпақшы фейк «абмонак» сөзінсіз-ақ таратылып жатыр, ол жерде тек тұзды ерітінді туралы айтылады. Ал карантинді алып тастаған елдердің тізімі бар жаңалық пен «абмонакқа» қатысты фейк бөлек айтылады.

Біз және біздің әріптестеріміз бұған дейін ауыз бен тамақты тұз ерітіндісімен шаю арқылы коронавирусты жеңуге болмайтынын жазған еді. Бір кездері коронавирусқа қарсы күресте тұз ерітіндісінің пайдасы туралы тараған жалған ақпаратты Қытай академигі Чжун Наншанның командасы жоққа шығарды.

«Біріншіден, тұзды ерітінді ауыз бен тамақты тазартуға және фарингитті емдеуге көмектеседі. Алайда жаңа коронавирус тыныс алу мүшелеріне дейін еніп кетеді, сондықтан онымен тамақты шаю арқылы күресу мүмкін емес. Екіншіден, тұзды су жаңа коронавирусты өлтіре алады дегенге ешқандай зерттеу жұмысы жоқ. Мұндай қауесетке сенбеңіздер және жалған ақпарат таратпаңыздар. Рахмет», деп мәлімдеді Чжунның әріптестері.

Бұдан бөлек ауыз бен тамақты тұз ерітіндісімен шайғаннан кейін сілтілі орта пайда болып, коронавирусқа қарсы тұрады деген пікір бар. Бұл – абсурд. Тұзды су сәл сілтілі (рН шамамен 8,1) болып саналады, мұндай ерітіндімен шаю ауыздағы қышқылдықты уақытша төмендетуі мүмкін (айтпақшы, дені сау адамда РН шамамен 7), бірақ оның әсері сіз сілекейді жұтып немесе су ішкенде кетіп қалады. Сонымен қатар Малай университетінің Тропикалық жұқпалы аурулар жөніндегі ғылыми-білім беру орталығының (TIDREC) (Куала-Лумпур) қызметкерлері жүргізген зерттеуіне сәйкес, тұзды су тіпті Bactefort немесе Colgate Plax сияқты ауыз шайғыштардың тиімділігін көрсете алмаған.

Қорытынды:

  • «Абмонак» деген нәрсе жоқ. Тұзды судың ерітіндісі коронавирусқа қарсы көмектеспейді, бұл тәжірибе арқылы дәлелденген.
  • Аталған 10 елде карантин, вакциналау науқаны және ПТР-тест тапсыру алынып тасталған жоқ.
  • Әлемнің бірде-бір елінде коронавирус «маусымдық тұмау» деп танылмаған. Дегенмен вакциналаудың тиісті деңгейіне жеткенде SARS-Cov-2 вирусын қауіпті болса да, бақылауға болатын маусымдық вирустардың бірі ретінде қабылдай бастаймыз деген де пікір бар.

Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)

Factcheck.kz