Момышұлының әскери еңбектері әлемнің 8 елінде оқытыла ма?

30 қарашада өткен мәжілістің кезекті отырысында депутат Ардақ Назаров геосаяси жағдайға алаңдаушылық білдіріп, еліміздегі әскери рухты көтеру керек екенін айтты. Депутаттың айтуынша, Момышұлының шығармаларын әскери қызметкерлерге жаппай оқыту керек. Ал біз қадірін білмей жүрген Момышұлыны әскери еңбектері әлемнің 8 елінде білім ретінде оқытылады-мыс. Депутаттың келтірген деректерін Factcheck.kz тексеріп көрді.

Тайм-код: 1:14:33

Мәлімдеме: Өкінішке орай, өзіміз қадірін біле алмай жүрген Бауыржан Момышұлының әскери еңбектері әлемнің 8 елінде білім ретінде оқытылады.

Ардақ Назаров, мәжіліс депутаты

Үкім: Дәлелденбеген

Бұл жерде “әлемнің 8 елінде” деп нақты мемлекеттің атауын айтпаған соң депутат Назаровтың сөзіне дәлел табу қиын. Оның үстіне депутат “білім ретінде оқытады” деп асыра сілтеуі мүмкін. Нақты бір елдің аты аталмаған соң біз бұл мәлімдемеге “дәлелденбеген” деген үкім қоямыз.

Ақпарат қайдан шығуы мүмкін?

Бауыржан Момышұлы 1963 жылы қарашада Кубаға арнайы сапармен барды. Бұл саяхат жайында “Куба әсерлері” деген кітабында толығырақ жазады. Кубаға сапарында әскери қызметкерлерге дәріс оқып, соғыс тәжірибесімен бөлісті. Төменнен Кубаға сапары барысындағы суреттерді көре аласыздар.

Сонымен қатар, кітаптың “Куба әсерлері” бөлімінде былай деп жазылған:

1960 жылдары Америка континентіндегі Куба мемлекетінде тұңғыш революция жеңіп, өзінің қарулы күштерін нығайту мақсатында Кеңес үкіметіне арқа сүйеп, көмек алып отырды. Мемлекетті берік нық орнату үшін Кеңестік қарулы күштердің әдебиеттеріне сүйеніп, көптеген ғылыми-әдеби еңбектерді Мәскеуден алдырып, пайдаланып отырды. Сол алынған әдебиеттердің арасында Б.Момышұлы мен А.Бектің «Арпалыс» романы мен «Москва үшін шайқас» романдары да болатын. Куба үкіметі бұл шығармаға да ерекше иждиһатпен көңіл бөліп, оны өздерінің әскери тактикасын нығайту үшін, жоғары әскери оқу орындарында оқулық пән ретінде пайдаланды. Осы күнге дейін де пайдаланып келеді.

“Куба әсерлері” кітабы, 268-бет

Кітаптағы ақпаратқа қарасақ Куба Момышұлының “Москва үшін шайқас” романын жоғары әскери орындарында оқулық пән ретінде пайдаланып келетіні жазылған. Алайда Кубаның ашық дереккөздерінен бұндай ақпаратты таппадық.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz