Инстаграм “пластикалық хирургия” фильтрлерін өшіреді

“Instagram” AR (augmented reality) түрлі маскалар әлеуметтік желі пайдаланушыларының психикалық денсаулығына зиян келтіруі мүмкін деген қауіппен “пластикалық хирургия” фильтрлерін платформадан өшіреді. Бұл жайлы BBC хабарлайды.

“Пластикалық хирургия” эффектісімен қатар, үлкейтілген ерін, “сұлулық инъекциялары” және тартылған бет маскалары да тыйым салынады. Соңғы ғылыми зерттеулердің нәтижесі бойынша сыртқы келбетті өзгертетін маскаларды қолданатын адам өзін-өзі қабылдамайды, төмендетеді және неврозға душар болады.

“Біз компания саясатын қайта қарастырудамыз. Арнайы эффектілер, маскалар адамдарға тек жағымды эмоциялар сыйлағанын қалаймыз” – деді желінің баспасөз хатшысы.

Тамыз айында “Instagram” пайдаланушыларға өз визуалды эффектілерін, оның ішінде анимация мен маскалар жасауға рұқсат берді. Маскаларды фотосурет пен видеоға қолдануға болады. “Plastica” сияқты ең танымал фильтрлердің көпшілігі радикалды пластикалық оталардың әсерін көрсетеді.

Ал, “FixMe” фильтрі пластикалық хирургтар отаға кіріспес бұрын, емделушінің бетін қалай өзгертетінін көрсетеді. “HolyBucks” фильтрі суреттің бетіне доллар белгілерін қойып, адамның ернін үлкейтеді.

Әлеуметтік желі басшылығы фильтрлерді өшіруге қанша уақыт кететінін білмейді. Компанияның бастамасын инстаграм қолданушыларының көбі қолдап, пікір білдіруде.

Шамамен бес жыл бұрын Google мен Apple пластикалық оталарды модельдеуге болатын мобильді қосымшаларды өшіріп тастады.

Factcheck.kz