ДДCҰ ғылыми дәлелденген халық медицинасын қолдайды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДCҰ) халық медицинасын, соның ішінде COVID-19-ға қарсы дәрілік құралдарды қолдайды. Алайда жаңа дәрі-дәрмектер басқа құралдар сияқты тиімділігі мен қауіпсіздігі бойынша зерттеуден өтуі керек. Бұл жайлы ұйымның ресми сайтында айтылған.

Ұйым Африка құрлығында қолданылған халық және балама медицинаның рөлін мойындайды. ДДСҰ-ның қаржылық және сараптамалық қолдауымен соңғы 20 жылда Африканың 14 елінде дәстүрлі құралдар негізінде 89 дәрі мақұлданды. Олардың барлығы ұлттық және халықаралық деңгейде сертификаттаудан өтті. Мақұлданған дәрілердің ішінде безгекке, диабетке, гипертонияға, анемияға және АИТВ инфекциясына қарсы дәрілер бар.

Қазір Artemisia annua (жусан түрі) сияқты дәстүрлі дәрілік заттар COVID-19 вирусын емдеуі мүмкін деген болжам бар. Бірақ алдымен заттың жанама әсерінің тиімділігі мен ықтималдығын тексеру қажет. Ұйым халық медицинасы кез келген басқа дәрі-дәрмектер сияқты клиникалық сынақтардан өтуі тиіс екенін атап өтті.

Ал тиімділігі мен қауіпсіздігі тексерілмеген “табиғи” дәрі-дәрмек пайдаланбауды сұрайды. Коронавирусты емдейтін мұндай “табиғи” дәрі-дәрмектер әлеуметтік желілерде жарнамаланып жүр. Ұйымның айтуынша жалған жарнамаға сеніп, “табиғи” дәріні қолданған адам қол жуу, дезинфекция, көпшілік жерде арақашықтық сақтау сынды қауіпсіздік шараларын ұмытып кетуі мүмкін.

Factcheck.kz