Бақытжан Сағынтаев Алматыда жұмысын жалғастыра алатын кәсіпорындарды атады

Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаев 20 сәуірден бастап жұмысын жалғастыра алатын өнеркәсіп кәсіпорындары мен құрылыс нысандары, заңды тұлғаларға арналған ХҚКО-ның қызметі қайта іске қосылғанын хабарлады. Санитарлық қауіпсіздік аудитінен өткен компаниялардың тізімі әкімдіктің сайтында жарияланды.

Аталған кәсіпорындар өндірісте санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша тексерістен өтті. Аудитті Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі департаментінің және “Атамекен” ӨКП қызметкерлері жүргізді.

Осыған дейін хабарлағанымздай мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша 20 сәуірден бастап Алматыда кәсіпорындардың жұмысын кезең-кезеңмен іске қосу барысында өнеркәсіп орындары, құрылыс компаниялары, сондай-ақ алдын ала жазылу бойынша нотариустар мен Наурызбай ауданындағы ХҚКО-ның бір бөлімшесі (тек бизнеске қызмет көрсету үшін) қызметіне рұқсат етілген.

Дене қызуы көтеріліп тұрған, жөтелетін немесе мұрын бітелген және басқа да жұқпалы аурулардың белгісі бар қызметкерлердің жұмыс істеуіне тыйым салынады. Бұл жағдайда қызметкерді дереу оқшаулап, жедел жәрдем бригадасын шақыру керек.

Жұмысына қайта кіріскен кәсіпорындарға мониторинг жүргізіледі және қауіпсіздік шараларын бұзу фактілері анықталған жағдайда олардың қызметі қайта тоқтатылуы мүмкін.

Factcheck.kz