Қазақстанда 6 қазанда АЭС құрылысы бойынша референдум өтіп, Орталық сайлау комиссиясының дерегіне сенсек, халықтың 71,12%-і бұл АЭС-ке қатысты бастаманы қолдаған. Атом электр станциясына қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев та бірнеше рет пікір білдірген. Factcheck.kz авторы оның әр жерде айтқан сөзінде қандай логикалық айла барын талдап көрді.
Президент Астанада өткен мәслихат депутаттарының II республикалық форумында «АЭС құрылысына қатысты өз ұстанымымды бұған дейін бірнеше рет айттым. Әлемдегі прогрестен шет қалмау үшін біз бәсекелестікте өз артықшылықтарымызды пайдалануымыз керек. Біз уранның орасан зор қорына ие бола тұра, іс жүзінде әлемде бірінші болып атом электр станцияларын салудан бас тартуымыз керек деген пікірлерді түсінбеймін. Логика жоқ», – деді.
Қазақстанда уран қоры бар, Аустралиядан кейін екінші, уран өндірісі бойынша бірінші тұр. Алайда шикізат қорының болуы мен өндірілуі атом электр стансасы болуы керек деген заңдылық жоқ. Мысалы, уран қоры бойынша бірінші орында тұрған Аустралияда бірде-бір АЭС жоқ. Сол сияқты уран қоры бойынша бесінші, ал өндіру бойынша үшінші орында тұрған Намибия да АЭС салмаған.
Осы тұста «бізде уран болғаны үшін АЭС салу керек» деген сарындағы мәлімдеме логикалық айлаға келеді. Яғни, мұнда мүмкіндіктің болуы іс-әрекетке жеткілікті себеп ретінде қаралып отыр. Бұл жалған дихотомияға немесе тезисті ауыстыруға ұқсас келеді: қабілет пен қажеттілік әртүрлі нәрсе. Қаражаттардың немесе мүмкіндіктің болуы оларды пайдалану негізді екенін білдірмейді.
Мұндай логикалық айланың мысалы ретінде келесі мәлімдемені қарастыруға болады: «Бізде жобаның бюджеті бар, сондықтан біз жобаны жүзеге асыруымыз керек». Бірақ мұндай аргумент жобаның қаншалықты орынды екенін және ықтимал балама шешімдер барын ескермейді. Дәл осы секілді, Тоқаевтың мәлімдемесі атом электр станциясының құрылысына қарсы тараптың аргументін елемейді.
Уран қоры мен өндірісі бойынша алғашқы бестікте кімдер бар?
Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың есебіне сәйкес, 2021 жылы әлемде уран қоры бойынша алғашқы бестікте Аустралия — 28%, Қазақстан — 13%, Канада — 10%, Ресей — 8% мен Намибия — 8% болған.
Ал уран өндірісі бойынша есебінде 2022 жылы әлемдегі уранның көбін Қазақстан (21,227 тонна – бұл 43%), Канада (7 351 тонна -15%), Намибия (5 613 тонна -11%), Аустралия (4 553 тонна – 8% ) және Өзбекстан (3 300 тонна) өндіргені жазылған.
Тоқаев бұған дейін Қазақстан халқына жолдауында «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады», – деген.
Энергетика министрінің ақпараты бойынша АЭС-ті 2035 жылы іске қосу жоспарланған. Премьер министрдің ресми сайтындағы энергетика министрлігі электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары іске асқан жағдайда 26 ГВт жаңа өндіруші қуат енгізілетіні жазылған. Құжатқа сәйкес, 2035 жылға қарай отын түрлері бойынша белгіленген қуаттың құрылымы келесідей қалыптасады: ЖЭК — 24,4%, ГЭС — 10,8%, Газ — 25,8%, Көмір — 34,3%, ал АЭС жалпы генерацияның тек 4,7%-ін қамтамасыз етеді. Бұдан атом стансасы жақын арада іске қосылып, энергия тапшылығын шешпейтінін әрі белгіленген мерзімде іске қосылған күннің өзінде генерацияның ең аз көлемін қамтамасыз ететінін көруге болады.
Материалды дайындаған: Айнұр Шошаева