Қазақстан-АҚШ сауда айналымы рекордтық көрсеткішке жетті ме?

14 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың сауда өкілі Кэтрин Таймен кездесті. Кездесу барысында Тоқаев Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда айналымы және инвестициялар жайлы бірнеше дерек келтірді. Кездесуде айтылған деректердің рас-өтірігін тексеріп көрдік.

Мәлімдеме: Сіздің еліңіз – [АҚШ – ред.] Қазақстан экономикасындағы ірі шетелдік инвесторлардың бірі. Тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 65 миллиард доллардан асады.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындыққа жақын

Ұлттық банк баспасөз хатшысының жауабына сай, Қазақстанға 1993 жылдан 2023 жылға дейін АҚШ-тан тартылғал инвестицияның жалпы көлемі 63,7 млрд АҚШ доллары. 2023 жылы Қазақстанға АҚШ-тан 1 039,2 млн доллар көлемінде инвестиция әкелінген. АҚШ Қазақстанның ірі 10 инвестор елдерінің қатарында.

Мәлімдеме: Былтыр екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 4,1 миллиард долларға жетіп, 30 пайыздық өсім көрсетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындыққа жақын және Дәлелденбеген

Неліктен шындық: Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сай, 2023 жылы Қазақстан мен АҚШ сауда айналымы 4 051 305 мың АҚШ доллары болған. 2022 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 32,69%-ке өскен. Сәйкесінше, 2022 жылы сауда айналымы — 3 053 178 мың АҚШ доллары. Қазақстан-АҚШ сауда айналымы ең үлкен өсім 2020 жылы (51,56%-ке өскен) байқалған.

Неліктен дәлелденбеген: Кейінгі 12 жылдың дерегі бойынша, 2023 жылы АҚШ-Қазақстан сауда айналымы ең жоғарғы көрсеткішке жеткен. Алайда ашық деректерде тек кейінгі 12 жылдың дерегі болғандықтан, бұл көрсеткіш рекордтық көрсеткіш деген мәлімдеме дәлелденбеген.

Мәлімдеме: Қазіргі уақытта Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания табысты жұмыс істеп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев

Үкім: Шындыққа жақын

Деректерге сай, Қазақстанда 719 АҚШ кәсіпорыны тіркелген. Оның 495-і жұмыс істеп тұр. Оның 473-і шағын, 14-і орта кәсіпоры және 8-і ірі кәсіпорын.

Factcheck.kz