21 ақпан qazaquni.kz сайтына дінтанушы Қайрат Жолдыбаймен сұқбат жарық көрді. Сұқбат барысында ғалым ел демографиясының жағдайы, неке мен ажырасуға байланысты бірнеше мәлімдеме айтқан болатын. Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.
1991 жылдан бері Қазақстан халқы 12 пайызға ғана көбейген. 12 пайызды 30 жылға шағып жіберсек, мүлде өспеген болып шығамыз…
Қайрат Жолдыбай, дінтанушы
Үкім: Шындық және манипуляция
ҚР Статистика комитетінің дерегінше, шынымен-ақ, тәуелсіздік алған кезден осы уақытқа дейін Қазақстан халқы 12 пайызға өскен. Ал бар өсімді жоққа шығару – манипуляция.
… Ал осы жылдар ішінде Өзбекстан халқы – 59, тәжікстандықтар – 68, Қырғыз Республикасы азаматтары – 43, әзірбайжандықтар 37 пайызға өскен.
Қайрат Жолдыбай, дінтанушы
Үкім: Жалған
Осы жылдар ішінде (ред. – 1991-2019) Өзбекстан халқы – 38, Тәжікстан халқы – 40, Қырғызстан халқы – 30, Әзірбайжан халқы – 28 пайызға өскен. Яғни, аталған елдердің пайыздық көрсеткіші ғалым айтқан мәлімдемедегі сандармен сәйкес келмейді.

Жылына үйленген жастардың 40 пайызға жуығы ажырасып кетеді екен.
Қайрат Жолдыбай, дінтанушы
Үкім: Шындық
Шынымен-ақ, ресми деректер мәлімдемемен сәйкес келеді. 2015, 2016, 2017 жылдары ажырасқандар саны 40 пайызға жуық болса, соңғы екі жылда пайыздық көрсеткіш 40-тан асып кеткен.

Статистикаға сүйенсек, соңғы 10 жылда 1 миллионнан астам адам ажырасқан.
Қайрат Жолдыбай, дінтанушы
Үкім: Шындық, бірақ…
Егер ғалым мәлімдемесінде жеке тұлғаларды айтқысы келсе, Статистика комитетінің мәліметінше, ақпарат шындық. Яғни, соңғы 10 жылда 548 182 жұп ажырасқан. Нәтижесінде 1 096 364 адам (жеке тұлға) болады. Ал ажырасқан жұптар жайлы айтқысы келсе, мәлімдеме жалған.
2018 жылы 137 мың неке тіркелсе, соның 54 мыңы ажырасып кеткен.
Қайрат Жолдыбай, дінтанушы
Үкім: Шындық
Статистика комитетінің дерегінше, 2018 жылы 137 797 неке тіркеліп, оның 54 797-сі ажырасқан.
Пікір қалдыру үшін өз аккауныңызға кіріңіз.