Дархан Қыдырәлі балаларға қатысты зорлық-зомбылық туралы рас айтты ма?

17 тамызда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Түркістанда «Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде аталмыш тақырып бойынша бірнеше дерек келтірді. Factcheck.kz фактілердің рас-өтірігін тексерді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылғы мәліметі бойынша, әрбір бесінші әйел мен әр он үшінші ер адам балалық шағында (0-17 жас) жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды.

Дархан Қыдырәлі, Ақпарат және қоғамдық даму министрі

Үкім: Шындық

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) 2022 жылы жариялаған ақпараты бойынша, әрбір бесінші әйел мен әрбір он үшінші ер адам 0-17 жас аралығындағы балалық шағында жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтқан.

2022 жылы елімізде 16 жасқа толмаған балалармен жыныстық қатынасқа түсу немесе соған мәжбүрлеу, жас балаларды азғындыққа салу фактісі бойынша 383 қылмыстық іс қозғалса, биылғы 6 айда 252 қылмыс тіркелген.

Дархан Қыдырәлі, Ақпарат және қоғамдық даму министрі

Үкім: Техникалық қате

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталының дерегінше, 2022 жылдың 12 айдың қорытындысы бойынша республикада он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау (ҚР Қылмыстық кодекстің 122 бабы) және жас балаларды азғындық жолға түсіру (ҚР Қылмыстық кодекстің 124 бабы) бойынша 378 қылмыс тіркелді. Ал 2023 жылдың 6 айдағы дәл осы көрсеткіш 242 қылмыс тіркелген.

Министр өз дерегінде 16 жасқа дейінгі балаларға қатысты екенін айта келе, ҚР Қылмыстық кодекстің 122-, 123-, 124-баптары бойынша тіркелген қылмыс санын көрсеткен. Алайда кодекстің 123-бабы “Жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектiң жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету” деп аталады және осы бап бойынша тіркелген қылмыстар ішінде кәмелетке толмағандарға [Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы заңда он сегіз жасқа толмаған тұлғаны кәмелет жасына толмаған деп таниды – ред.] қатысты дерек бар. Яғни, бұл бапта 0-16 жас аралығындағы балаларды ғана емес, сонымен бірге 17 жастағы жасөспірімдер де кіреді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі (2021). Әлеуметтік ғылымдар магистрі (2023). OMS (Online Media School, 2020) және OFA (Online Factcheck Academy, 2021) түлегі.

Factcheck.kz