Жыныс ауыстыру тегін бе?

Соңғы күндері қызу талқыға түсіп жатқан тақырыптың бірі – жыныс ауыстыру. Әлеуметтік желі мен сайттарда әртүрлі сарындағы пікірлер өрбіп жүр. Әсіресе, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 25 қарашадағы бұйрығынан кейін резонанс пен түсініспеушілік көбейе түсті.

Осы орайда Factcheck.kz ҚР заңдарына сүйене отырып ақпараттың рас-өтірігін анықтап көрді.

Пікір: Қазақстанда жыныс ауыстыру тегін

Әлеуметтік желілерде тараған ақпарат

Үкім: Фейк

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Жыныс ауыстыру отасы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейді және бұл ақылы қызметке жатады.

“Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы” ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы №672 қаулысында отаның нақты бұл түрі (жыныс ауыстыру) жоқ. Сондықтан “Қазақстанда жыныс ауыстыру тегін” деген ақпарат өтірік.

Пікір: Денсаулық министрі Алексей Цой “жыныс ауыстыру отасына рұқсат” деген қаулы шығарды

Әлеуметтік желілердегі пікір

Үкім: Манипуляция

Біріншіден, “жыныс ауыстыруға рұқсат берді” деген ақпарат бұрмаланған, себебі 2020 жылдың 7 шілдесінде қабылданған “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодексінің 156-бабында “Жыныстық тиістілігін өзгерту” туралы айқын жазылған.

Екіншіден, Қазақстан Республикасына жыныс ауыстыруға қатысты алғашқы бұйрық 2003 жылы 3 маусымда сол кездегі Денсаулық сақтау министрі болған Жақсылық Досқалиевтің №435 бұйрығымен бекітілген. Ал қазіргі министр Алексей Цой 2020 жылы 25 қарашада сол кезде бекітілген бұйрықты жаңа Кодекс талаптарына сай қайта бекітті.

Бұл не бұйрық?

Министр Цой қайта бекіткен бұйрықта айтылғандай, жыныстық ауытқуы бар және 21 жасқа толған азамат жынысын өзгерте алады. Дегенмен мұны психикалық және мінез-құлқында ауытқулары бар адамдар ауыстыра алмайды.

ҚР Денсаулық Сақтау кодексінің 156-бабы 2 тармағында былай жазылған:

Жыныстық сәйкестендіру ауытқушылықтары бар адамдар үшін медициналық куәландыру және жынысын ауыстыруды жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

156-бап, 2-тармақ

Адамның жынысын ауыстыру үшін медициналық тексеру тәртібін осы ережелер реттейді. 2020 жылы медициналық куәландырудан 13 адам (7 ер, 6 әйел) өткен.

Морфологиялық жынысты өзгерту операциясы адамның өтініші бойынша жоспарлы түрде, кезең кезеңімен, қажетті тексеруден өткен соң және гормон терапиясынан кейін комиссияның рұқсамен жасалады.

Контекст

Жыныстық бағдар және гендерлік сәйкестік мәселелері бойынша адам құқықтары туралы халықаралық нормаларды қолдантын Джокьякарталық қағидаттарға сәйкес (Джокьякартада, Индонезияда, 2006 жылғы 6-9 қарашада қабылданған) мемлекеттер “медицинаның  көмегімен қайтымсыз физикалық өзгерістерге жол бермеу мақсатында заңнамалық, әкімшілік және өзге де сипаттағы” барлық қажетті шараларды қабылдайды.

Адамдар жынысын еріккеннен ауыстырмайтынын да ескерген жөн. Өйткені гендерлік сәйкестік пен туғаннан жыныстық сәйкестік болмаған кезде адам ұзақ уақыт күйзеліске түседі. Сондықтан жынысты медициналық жолмен ауыстыру – гендерлік дисфорияны жеңудің және жағдайды жеңілдетудің жалғыз тәсілі.

Анықтама: Гендерлік дисфория – бұл күйзеліс, ол өзінің гендерлік сәйкестігі мен туған кездегі жынысы арасындағы сәйкессіздікке байланысты жеке тұлға үшін ауыр жағдай, бұл жағдай клиникалық маңызды күйзеліспен байланысты болады.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz