Жеке куәлік заңсыз ба?

Жақында әлеуметтік желіде Елена Рутковская есімді азаматша еліміздегі «Жеке басын куәландыратын құжаттар туралы» Заңға қатысты қызықты талдау жариялады. Оның айтуынша, Қазақстан азаматтарына берілетін жеке куәлік — «заңсыз құжат».

Жеке куәлік заңсыз ба?
Посттың Instagram-дағы скриншоты

Сондай-ақ бұл постты npaegov аккаунты бөліскен. Бұл аккаунт «Азаматтарға арналған электрондық үкіметке» қатысы жоқ екенін бірден айта кетейік. Осыдан кейін мәлімдеме түрлі сторилер мен хабарламаларда тарай бастады.

Кейінгі кезде мұндай мәлімдемелер көбейіп кетті, сондықтан Factcheck.kz Рутковскаяның айтқандарына талдау жасап көрді.

Қысқаша қорытынды

  • Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі – заңды құжат. Рутковскаяның сын-ескертпелері мен талаптары заң мәтінінің кей жеріндегі қателерге байланысты. Дегенмен Рутковскаяның айтқаны – қате.
  • Елена Рутковскаяның «Единство Осознанных КЗ» атты ұйымға қатысы бар. Бұл ұйым бір жылдан бері түрлі қоғамдық маңызы бар тақырыптарға қатысты дезинформация таратып келеді. Олар туралы жан-жақты мына материалда жазған едік. Оқып шығуға кеңес береміз.

Толығырақ

Төменде Рутковская постының толық мәтіні:

Халқым, «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен (29.06.2021 жылғы өзгертулері мен толықтырулары бар) танысып шығуға кеңес беремін. Содан кейін жеке куәліктеріңізді осы Заңның талаптарына сәйкестігін тексеріңіз. Сол кезде заңсыздықтар бар екенін көресіздер… 1) Аты-жөніңіз толығымен үлкен әріптермен жазылған. Менің туу туралы куәлігімде аты-жөнім бас әріппен басталып, кейін кіші әріппен жазылған. Бұдан келесі сұрақ туындайды: неге куәлікте аты-жөнді жазу ережесі бұзылған? Себебі бас әріптермен тек заңды тұлғаның атауы жазылады. 2) «Азаматтығы» деген жол жоқ, бірақ «ТАӘ», «Жынысы», «Туған күні» деген жолдар бар… 3) Туған жері деген жолға АЛМАТЫ деп жазып қойған. Мен ҚазКСР-дағы Алма-Ата қаласында дүниеге келдім. Бұл, тіпті, туу туралы куәлікте көрсетілген. Ол кезде АЛМАТЫ деген қала болған жоқ.

Бұл – жеке куәлікке, яғни заңсыз құжатқа негізделіп жасалған барлық шарттар да заңсыз деген сөз. Сондай-ақ куәліктің қандай болатынын бекіткен Үкімет қаулысы да заңсыз. Себебі ол жоғары тұрған заңға қайшы.

Е. Рутковская

Контекст үшін: Пост авторы слайдтарда «Жеке басын куәландыратын құжаттар туралы» Заңның бірнеше үзіндісіне ерекше назар аударады. Төменде соларды келтірдік.

Үкім: Манипуляция

Автор мәлімдемесін әр пункт бойынша талдап шығайық.

Аты-жөніңіз толығымен үлкен әріптермен жазылған. Менің туу туралы куәлігімде аты-жөнім бас әріппен басталып, кейін кіші әріппен жазылған. Бұдан келесі сұрақ туындайды: неге куәлікте аты-жөнді жазу ережесі бұзылған? Себебі бас әріптермен заңды тұлғаның атауы жазылады.

Е. Рутковская

Аты-жөнді толық бас әріптермен жазу – заңбұзушылық емес. Бұл туралы осы Заңда да, жеке куәліктің үлгісі бекітілген Үкімет қаулысында да айтылмайды.

2015 жылы жаңа үлгідегі куәліктер енгізілген кезде ҚР Ішкі істер министрлігі олардың түрі қандай болатынын нақты мысалдармен көрсеткен еді.

Жеке куәлік заңсыз ба?
Жеке куәлік үлгісі (Tengrinews)

Егер сіздің куәлігіңіз де осындай болса, онда алаңдамауыңызға болады.

«Азаматтығы» деген жоқ, бірақ «ТАӘ», «Жынысы», «Туған күні» деген жолдар бар.…

Е. Рутковская

Заңның 7-бабында жеке куәлікте азаматтық туралы мәліметтер болуы керек. Дегенмен құжаттың өзінде «Азаматтық» деген жеке жол жоқ (бірақ мемлекеттік тудың суреті бар). Иә, мұны кемшілік деп санауға болатын шығар.

Дегенмен Factcheck.kz-ке түсініктеме берген заң ғылымдарының докторы Роман Подопригора былай дейді: «Тіпті осындай «ұқыпсыздық» құжатты автоматты түрде жарамсыз етпейді немесе автор айтқандай еш салдары жоқ. Қолданыстағы заңнаманың мәні бойынша Мемлекеттік органдардың актілері (іс-әрекеттері) мемлекеттік (әкімшілік) орган, лауазымды адам немесе сот кері шешім қабылдамайынша заңды әрі негізделген болып есептеледі».

Логикаға салсақ, құжаттың өзі азаматтықты растайтын куәлік. Себебі азаматтығы жоқ адамдарға басқа құжат беріледі. Оларға азаматтығы жоқтығын растайтын куәлік, ал шетелдіктерге ықтиярхат беріледі.

Туған жері деген жолға АЛМАТЫ деп жазып қойған. Мен ҚазКСР-дағы Алма-Ата қаласында дүниеге келдім. Бұл, тіпті, туу туралы куәлікте көрсетілген. Ол кезде АЛМАТЫ деген қала болған жоқ.

Е. Рутковская

«Алматы» дегеннің орысша жазуы Қазақстан тәуелсіздік алған кезде, сонау 1990-шы жылдардың басында бекітілді. 1993 жылғы Конституцияда қаланың атауы «Алматы» деп жазылған. Қазақ тілінде қала әрдайым осылай аталды. Бұл 19-ғасырдың және Кеңес заманының құжаттарында да бар.

Негізі бұл мәлімдемені жасап отырған автордың шағымы түсініксіз. Оның айтқанына ерсек, онда ол кезде Қазақстан да болмаған. Дегенмен Қазақстан ҚазССР-дің, ал Алматы қаласы Алма-Ата қаласының құқықтық мұрагері екені түсінікті емес пе?

Бұл ретте қала атауының өзгеруіне қатысты кей тұлғаларда әлі де сұрақ бар. Бұл туралы 8 жыл бұрын Forbes.kz сайтында жарияланған мақаладан оқуға болады. Не болса да, жеке басты куәландыратын құжаттардың заңсыздығына қатысты ешкім ештеңе айтпайды.

Бұл – жеке куәлікке, яғни заңсыз құжатқа негізделіп жасалған барлық шарттар да заңсыз деген сөз. Сондай-ақ куәліктің қандай болатынын бекіткен Үкімет қаулысы да заңсыз. Себебі ол жоғары тұрған заңға қайшы.

Е. Рутковская

Бұл жалған. Жеке куәлік те, оны бекіткен Үкімет қаулысы да заңсыз құжат емес. Мәлімдеме авторы заң мен құжаттан болмашы сәйкессіздік тапқан, бірақ бұл «ұқыпсыздық» куәлік пен оған негізделген шарттарды заңсыз етпейді.

Фактчекер, главный редактор русскоязычной версии Factcheck.kz

Factcheck.kz