Зейнетақы қорына қазақстандықтар қанша қаражат жинады?

Ақпанның 3-де Еуразия бірінші арнасы зейнетақы қорындағы қаржыны кімдер ала алатыны туралы ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовке сілтеме жасап хабар таратты. Factcheck.kz сайты ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Жинақтаушы зейнетақы қорында азаматтардың 10,4 млрд теңге жинаулары бар. 9,9 млн зейнетақы есепшоттары бар.

Біржан Нұрымбетов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

Үкім: Жартылай шындық

БЖЗҚ-ның деректеріне сүйенсек (2020 жылдың қаңтары) азаматтардың зейнетақы қорындағы жинағы 10 800 539 394 мың теңге. Ал есепшот саны 10 672 567-ні құрайды.

Салымдардың мөлшеріне келетін болсақ, соның ішінде 53% жинақтаулардың көлемі 500 мың теңгеге дейін ғана. Қосымша 16%-ы 500 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін ғана.

Біржан Нұрымбетов, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

Үкім: Шындық

БЖЗҚ-ның ресми жауабына сәйкес, 5 071 623 салымшы (52,17%) зейнетақы қорына 500 мың теңгеге дейін ақша жинап үлгерген. Ал, 500 бен 1 млн теңге аралығында қаржы жинаған 1 580 355 салымшы (16,26%) бар.

БЖЗҚ-Factchek-сайтына-ресми-жауабы

Сонымен қатар, Еуразия бірінші арнасының журналисі мынадай мәліметтерді де келтірді

Ал салымшылардың қалған 15%-ы бір және 2 млн теңгенің төңірегінде ақша жинап үлгерген.

Қайыркен Отыншы, Еуразия бірінші арнасының журналисі

Үкім: Шындық

БЖЗҚ-ның ресми жауабына сәйкес, Қорға 1 млн мен 2 млн теңге көлемінде жинаған 1 503 064 адам (15,46%) тіркелген.

Зейнетақы қорына қарттыққа қаржы сақтап жатқан азаматтардың 84%-ның ақшасы 2 млн теңгеге де жетпейді.

Қайыркен Отыншы, Еуразия бірінші арнасының журналисі

Үкім: Шындық

БЖЗҚ-ның мәліметіне сәйкес, қазір еліміздегі салымшылардың 83,89%-ның жинаған қаржысы 2 млн теңгеден аспайды.

Осы уақытқа дейін есепшотыңызға 6 млн 700 мың теңге көлемінде жинап үлгерсеңіз, үстіндегі қаржыны алып, өзіңіз жұмсай аласыз…

Қайыркен Отыншы, Еуразия бірінші арнасының журналисі

Үкім: Манипуляция

Бұл зейнетақы қорын пайдалану туралы айтылған көп ұсыныстардың бірі ғана. Оның үстіне ҚР Ұлттық Банкі мен БЖЗҚ мұндай ақпарат таратпаған және бұл туралы ҚР Зейнетақы туралы заңында да ешқандай мәлімет жазылмаған. Сондықтан бұлай айту — манипуляция.

…Қазір елімізде бұл межеге жеткен 114 мың адам бар

Қайыркен Отыншы, Еуразия бірінші арнасының журналисі

Үкім: Жартылай шындық

Зейнетақы қорына 6 млн 700 мың теңгеден астам салым салып үлгергендер саны Еуразия бірінші арнасының айтқанынан да көп болып шықты. БЖЗҚ-ның ақпараты бойынша, бүгінгі таңда еліміздегі салымшылардың 173 668-і аталмыш қаражатты жинаған.

Factcheck.kz