“Яндекс” картасында ел шекаралары көрсетілмейді

“Яндекс.Карта” сервисі әлем елдерінің картасында ел шекараларын өшірді. Енді табиғи нысандарға басымдық беріледі. Бұл туралы BBC сайты хабарлады.

Компания мұндай шешімге не түрткі болғанын да түсіндірді. Ресми мәлімдемеде “Яндекс.Картаның” жақын орналасқан ұйымды, белгілі бір орынды табуға, қоғамдық көлікті таңдауға және автомобиль маршрутын көрсетуге көмектесетін сервис екені жазылған.

Бұл біздің пайдаланушылардың негізгі сценариі. Жақын арада кеңейтілген шолуда карта физикалық-географиялық болады. Енді мемлекеттердің шекараларына емес, табиғи нысандарға басымдық беріледі.

Яндекстің баспасөз қызметі.

Енді картада тау, өзен, поляр шеңбері көрсетіледі. Шекаралар web-нұсқада және мобильді қосымшада да өшіріледі. Кейбір желі қолданушылар мұндай шешімнің “саяси астары” бар екенін жазып, Ресейдің Украинаға басып кіруімен байланыстырады.

Қамаудағы оппозиционер Алексей Навальныйдың бұрынғы баспасөз хатшысы Кира Ярмыш туиттер парақшасында былай қалжыңдады.

Мұндай ұсақ-түйек нәрсемен айналысқанша бүкіл әлем Ресейге тиесілі деп жазған дұрыс секілді. Путин мұндай шешімге қуанады.

Кира Ярмыш.

Интернетті зерттеу институтының басшысы Карен Казарян компания мәлімдемесіне аса сенбеді. Оның айтуынша, қолданушылар картаны география сабағына емес, навигация құралы ретінде қолданады. Алайда навигация құралын (Швейцарияны қоспағанда) Еуропада қолданған кезде “шекараның қай жерде екенін білу қатты маңызды емес екенін” мойындады.

Биыл наурызда Еуроодақ “Яндекс” компаниясының басқарушы директоры Тигран Худавердянға қарсы санкция салды. Худавердян компанияның директорлар кеңесінен және директор қызметінен кетуге мәжбүр болды.

Сонымен қатар, 3 маусымда Еуроодақ “Яндекс” негізін қалаушыларының бірі Аркадий Воложға қарсы санкция енгізді. Ол да компанияның басшылық қызметінен кетті. Волож санкцияның орынсыз екенін айтып, соттасатынын мәлімдеді.

Контекст

  • Бұған дейін “Яндекс” іздеу жүйесі Ресей билігінің ресми мәлімдемесіне қайшы келетін ақпараттарға мүлдем сілтеме қоймағаны үшін сынның астында қалған. 18 сәуірде “Яндекс” компаниясы “Медуза”, “Медиазона”, Настоящее Время, BBC және басқа да сайттардың материалдарын іздеу жүйесінен өшірген.
  • Жоғарыда аталған медиалар соғыс басталғалы “Ресейде шетел агенті қызметін атқарушы БАҚ тізіміне” енген. Бұған қоса, “Яндекс” Ресейде экстремистік деп танылған Meta-ға тиесілі Facebook пен Instagram-ды іздеу жүйесінен өшірген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz