Вакцина салдырғандар арасында қатерлі ісіктің көбейгені рас па?

Қазан айының басында бірқатар әлеуметтік желіде америкалық дәрігер Райан Коулдың “вакцина салдырғандар арасында қатерлі ісіктің 20 есе ұлғайғаны” жайында айтқан сөздері тарап кетті. Дәрігер АҚШ-тағы жағдайды баяндап, қатерлі ісіктің көбейіп жатқандығын айтады. Бұл ақпарат біраз антиваксерлерге демеу болды. Ақпараттың рас-өтірігін бірге тексеріп көрейік.

Вакцина салдырғандардың арасында қатерлі ісікке шалдыққандардың саны 20 есе өсті.

Райан Коул, дәрігер

Үкім: Фейк және манипуляция

Біріншіден, егер расымен де вакцина салдырғандардың арасында қатерлі ісік көбейіп жатса денсаулық саласына байланысты қандай да бір халықаралық ұйым дабыл қағар еді. Алайда, біз ДДСҰ – дан, халықаралық қатерлі ісікті зерттеу агенттігінен, АҚШ ұлттық қатерлі ісік институтынан, я болмаса АҚШ ауруларды бақылау және алдын алу орталығының сайтынан ешқандай да ақпарат таппадық.

Екіншіден, Райан Коул мәлімдемесінде Lancet журналында жарияланған британдық Френсис Крик (Francis Crick Institute) институнының зерттеуіне жүгінеді, алайда ақпаратты дұрыс жеткізбейді. Коулдың айтуынша, COVID-19-ға қарсы вакциналар Т-жасушаларын бұзады әрі иммунитетті әлсіретеді. Осы зерттеуге қатысқан авторлардың бірі Девид Бауер (David Bauer) Associated Press – ке айтқан түсіндірмесінде, Т-жасушаларын зерттемегендігін айтады.

Бүгінгі таңда біздің жұмысымыз Т-жасушаларын мүлде зерттемейді. Осы уақытқа дейін жасалған барлық зерттеулер вакцинаның Sars-Cov-2-ге қарсы тиімді әрі оң әсерін тигізетінін және Т-жасушалық реакция тудыратынын көрсетеді.

Девид Бауер, зерттеуші

Сонымен қатар, Бауер вакцинаның иммунитетті әлсірететіндігі жайында Коулдың айтқан мәлімдемесін жоққа шығарады. Керісінше, толықтай зерттеуден өткен вакциналар иммунитетті күшейтетінін атап өтті.

Қорытындылай келе, Райан Коул Lancet журналына шыққан зерттеуге сілтеме жасай отырып мәлімдеме жасағанымен, ақпаратты бұрмалап жеткізеді. Сол үшін де зерттеу авторларының бірі Девид Бауер Райанның мәлімдемелерін жоққа шығарады. Ал вакцина салдырған адамдар арасында қатерлі ісікке шалдыққандар санының өскендігі туралы тұжырым ешқандай дәлелдемесіз жасалған.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz