Үндістанда коронавируc дәрісі сатылып жатқаны рас па?

14 тамызда aikyn.kz, zakon.kz сайттарында «Үндістанда короновирустың дәрісін сатып жатыр» деген тақырыппен жаңалық жарық көрді. Әлемде жайылған індеттің біржола тоқтағанын асыға күткен халық үшін бұл —  елең етерлік жаңалық. Олай болса, ақпараттың рас-өтірігіне бірге көз жеткізейік.

Үндістанда короновирустың дәрісін сатып жатыр

Үкім: Манипуляция

Не себепті манипуляция? Үндістанда Zydus Cadila фармацевтикалық компаниясы ремдесивирдің негізінде жасалған вирусқа қарсы Remdac дәрісін сатып жатқаны рас. Алайда, аталған дәріні нақты COVID-19 вирусын емдейді деп айта алмаймыз. Себебі ДДСҰ коронавирусқа қарсы дәрі туралы ешқандай ресми дерек жариялаған жоқ.

Ескерту: ДДСҰ сайтында: «Кейбір батыстық, дәстүрлі немесе тұрмыстық медицина құралдары COVID-19 белгілерін жеңілдетеді, бірақ аурудың алдын-алу немесе емдеуде ешқандай дәрі-дәрмектің тиімділігі әлі дәлелденбеген» – деп жазылған.

Ремдесивир — вирусқа қарсы дәрі-дәрмек. Осыған дейін сайтымызда бұл туралы толығырақ жазған болатынбыз. Әлемнің бірнеше елінде ремдесиверді вирусқа қарсы тиімді дәрмек ретінде қолданған. Алайда препарат толыққанды науқастардың жазылып шығуына әсер етпеген.

Remdac туралы Үндістан БАҚ-ы не дейді?

Жоғарыдағы ақпаратты бірінші рет Үндістандағы IndiaTVNews жариялады. Басылым деректеріне сүйенсек, дәрі қазір тек Үндістанда сатылады. Дәрінің 100 мл бір шишасы 2 800 рупий немесе 37,4 доллар тұрады. Дәріні шығаруға әрі сатуға әртүрлі ауруханалардағы дәрі жетіспеушілігі туралы хабардың жиі тарауы себеп болған.

Ремдак — қолжетімді препарат, өйткені біз емделушілеріміздің бұл маңызды препаратты сатып алуға мүмкіндігі болғанын қалаймыз. Пандемия кезінде компанияның негізі күші дағдарыс кезіндегі адамдарды қолдауға, вакциналар жасауға, маңызды дәрілер мен емдеу түрлерін өндіруге және таратуға, диагностикалық сынақтарды өткізуге немесе емдеудің жаңа әдістерін іздеуге бағытталды.

Dr Sharvil Patel, Cadila Healthcare компаниясының басқарушы директоры

Дәрігердің айтуынша, ремдак – ремдисивирдің Үндістандағы ең экономды бренді. Ол ремдак тауарлы маркасы арқылы COVID-19 вирусынан емделіп жатқан науқастары бар мемлекеттік және жекеменшік ауруханаларға сатылатын болады.

Қорыта айтсақ…

  • Үндістанда Remdac дәрісінің сатылып жатқаны рас. Бірақ препарат әлі әлемдік деңгейде мойындалмаған. Сол себепті коронавирусқа қарсы дәрі деп айтуға толық негіз жоқ.

Осыған дейін БАҚ-та «Фавипиравир» препараты да коронавирусқа қарсы деп жазылған болатын. Бұл туралы толығырақ төмендегі материалдан оқи аласыздар:

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz