Трамп TikTok’қа 42 күн уақыт берді

АҚШ президенті Д. Трамп TikTok видеоплатформасына 15 қыркүйекке дейін елдегі барлық бөлімшелерін сатуға уақыт берді. Егер компания президент талабын орындамаса АҚШ-та бизнес жүргізу құқығынан айырылады. Бұл туралы DW хабарлады.

Мен датаны шамамен 15 қыркүйек деп белгіледім. Олар талапты орындамаса АҚШ-тағы бизнестерінен айырылады.

Д. Трамп

TikTok платформасының америкалық бөлігін Microsoft сатып алатыны жөнінде пікір білдірген президент “бұл шарттан америкалықтар “үлкен үлес” алу керектігін” баса айтты. Оның сөзінше, пайыздарды TikTok немесе Microsoft келісім-шарт жасауға берілген мүмкіндік үшін алғыс ретінде төлеуі керек.

АҚШ президенті TikTok’қа тыйым салады деген ақпарат БАҚ беттерінде шілденің соңында пайда болған еді.

Контекст

  • 2018 жылдың желтоқсанында Ванкуверде АҚШ сұранысы бойынша Huawei қаржы директоры Мэн Ваньчжоу тұтқындалды. Оған Иранға қарсы санкцияны бұзды деген айып тағылып, кейінірек кепіл арқылы босатылды.
  • 2019 жылдың қаңтарында АҚШ Huawei компаниясына қарсы шағым түсірген. Қытайлық компанияға банктік алаяқтық және зияткерлік меншікті ұрлау бойынша айып тағылған. Huawei тағылған айыптармен келіспеген. Кейінірек АҚШ-тың сауда министрлігі компанияны “қара тізімге” енгізген. Енді Huawei америкалық технологияны сатып алу үшін Ақ үйден рұқсат алуы керек.
  • Өткен жылдың Трамп Huawei-ге тауар сататын компаниялардың лицензиясы ұзартылмауы мүмкін екенін айтқан.
  • 2019 жылдың соңында Huawei Technologies 2020 жылдан бастап гаджеттерін өзінің жеке Harmony (OS) операциялық жүйесімен қамтамасыз ететіні белгілі болды.
Думан Смақов
Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы