Тоқаев сұхбаты: Президент неден жаңылды?

3 маусымда “Комсомольская правда” газетіне Қасым-Жомарт Тоқаевтың сұхбаты шықты. Президент Ресей мен Қытай арасындағы сауда айналымы, экономикалық қарым-қатынас сияқты тақырыптар төңірегінде әңгіме қозғаған. Factcheck.kz оның сұхбат барысында айтқан мәліметтерін тексеріп көрді. Ал, кеттік…

Қазақстанда 3,5 миллионнан астам орыс тұрады, олардың жалпы халық санындағы үлесі 19 пайызға жуық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Президент

Үкім: Шындық

Статистика комитетінің дерегінше, 2020 жылдың басында Қазақстандағы жалпы халық саны 18 631 779 болған. Оның ішінде орыстар саны -3 512 925. Пайыздық көрсеткішпен 18,8.

Ресей мен Қазақстан әлемдегі бидай экспорттаушы елдердің алғашқы ондығына кіреді. Әлемдік бидай экспортындағы біздің үлесіміз 3% құрайды. 

Үкім: Жартылай шындық

Әлемдік экспорт сайтында 2019 жылдың қорытындысы бойынша, Ресей 6,4 млрд АҚШ долларымен бірінші орында тұр. Әлемдік экспорттағы үлесі 16,7 пайыз болған. Қазақстан бұл тізімде 1 млрд АҚШ доллармен оныншы орында, үлесі 2,6 пайыз. Ондыққа кіретініміз рас, бірақ…

Тоқаев сұхбаты: Президент неден жаңылды?

Қытай – Қазақстанның маңызды экономикалық серіктесі. 2019 жылы екіжақты тауар айналымы 14,5 миллиард долларға жетті.

Үкім: Шындық

Президент 100 млнға қателескен, дегенмен бұндай дөңгелектеуді сұхбат форматында түсінуге болады. ҚР Статистика комитетінің дерегінше, 2019 жылы екіжақты тауар айналымы 14 млрд 389 млн 877 мың теңге болды.

Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Ресейден Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 15,7 миллиард долларды құрады. 2019 жылы екіжақты тауар айналымы 2018 жылмен салыстырғанда 6,2% артып, 20 миллиард долларға жуықтады.

Үкім: Шындық және техникалық қате

ҚР Статистика комитетінің дерегі бойынша, 2019 жылы екіжақты тауар айналымы – 19 млрд 667 млн 588 мың 500, ал 2018 жылы екіжақты тауар айналымы – 18 млрд 517 млн 344 мың 600 болған. Президент айтқандай 6,2 пайызға емес, 5,85 пайызға артқан.

Президент мәлімдесінде Ресейден Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемін айтқанмен, нақты қай жылдар аралығында екенін атамаған. Сол себепті біз Қазақстан Ұлттық Банкі дерегіне сүйене отырып, 2005-2019 жылдар аралығындағы инвестицияны есептедік. Көлемі 15 млрд 809 млн теңге болған.

Қазақстанда 7 мыңнан астам ресейлік компания мен екі елдің 3,5 мыңға жуық бірлескен кәсіпорындары табысты жұмыс істеп жатыр. 

Үкім: Шындық

ҚР Статистика комитетінің 2020 жылы қаңтар айындағы мәліметі бойынша, Қазақстанда 7173 ресейлік компания жұмыс істейді. 2019 жылғы 1 желтоқсандағы дерек, Қазақстанның Ресеймен бірлескен кәсіпорын саны 3239 екенін көрсетеді.

Қытайдан тартылған инвестиция мен екіжақты сауда көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. 2018 жылы аймақтың бес еліне жинақталған Қытайдың тікелей инвестициясы 15 миллиард долларға жуықтады.

Үкім: Жартылай шындық әрі шындық

Не себепті жартылай шындық? carnegie.ru сайты ҚХР Сауда министрлігінің ресми дерегіне сілтеме жасап, 2003-2018 жылдар аралығындағы екіжақты сауда айналымын көрсеткен. Президент бірінші мәлімдемесінде айтқандай екіжақты сауда көлемі тұрақты түрде өсіп жатыр дей алмаймыз. Себебі төмендегі графиктен кейбір жылдарда сауда көлемінің азайғанын байқауға болады.

Тоқаев сұхбаты: Президент неден жаңылды?
Инфографика carnegie.ru сайтынан

Шындық – ҚХР Сауда министрлігінің мәліметі бойынша, Карнеги Мәскеу орталығы 2018 жылы Орталық Азияның бес еліне жинақталған Қытай инвестициясының көлемі 14,7 млрд доллар болғанын жазған. (Қытайдың Азия елдеріндегі барлық инвестицияларының 1,2%). 2013 жылы бұл көрсеткіш 40% аз болды ($ 8,9 млрд)

Былтыр Орталық Азияның Қытаймен жалпы тауар айналымы 33 миллиард доллардан асты.

Үкім: Шындық

2018 жылы Орталық Азияның Қытаймен тауар айналымы 41.7 млрд доллар болған. Ал 2019 жылы Орталық Азияның тауарлар саудасы жинағынан Қытаймен жалпы тауар айналым 33 млрдтан асқанын көре аламыз. (Кестедегі Еуро 2019 жылдың курсымен АҚШ долларына айналдырылды).

Тоқаев сұхбаты: Президент неден жаңылды?

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz