Таулы Қарабақ: Степанакерт пен Гадрутқа шабуыл кезінде қолданылған кассеталық бомбалар. Дәлелдерді талдау

Дисклеймер (Ескерту): Factcheck.kz редакциясы бұл оқиғаға қатысты ешқандай пікір білдірмейді, біз тек фактілер мен дәлелдерді талдап, зерттейміз. Біз қазіргі кезде қақтығысқа түскен екі тараптың ешқайсысын қолдамаймыз. Сондай-ақ соғыстың, әсіресе бейбіт тұрғындардың өмірін қиып және/немесе тыйым салынған оқ-дәрілерді қолдануға тырысқан кез келген соғыстың тезірек тоқтағанын қалаймыз.

Армения мен Әзербайжан бір-бірін 2020 жылы Таулы Қарабақтағы қақтығыс кезінде тыйым салынған қару қолданды деп айыптауда. Армения мен тәуелсіздігін ешбір мемлекет мойындамаған Таулы Қарабақ республикасы Әзербайжанды Степанакертті бомбалау кезінде кассеталық бомбаларды қолданды деп айыптады. Әзербайжан болса елдегі құбырлар желісі мен Гянджаға шабуыл кезінде Армения да ұқсас қарумен соққы жасады деп айып тағуда. Степанакертте кассеталық бомбалар қолдану фактісін Amnesty International мен Halo Trust сарапшылары растап отыр. Сондай-ақ армениялық FIP.am атты фактчекинг ресурсы Гадрут қаласында да осындай бомбалар қолданылғанын растайтын фотодәлелдер ұсынды. Factcheck.kz редакциясы тыйым салынған қару расымен қолданылғанын және кім қолданғанын анықтау үшін екі жақтың фото және видео дәлелдерін зерттеп шықты.

Қысқаша қорытынды

Біздің қолымызда бар және ашық деректерден алынған мәліметтерге сүйенсек, Степанакертті бомбалау кезінде израильдік тыйым салынған қару-жарақ (кассеталық снарядтар/бомбалар) шынымен қолданылды деп қорытынды жасауға мүмкіндік бар. Әзербайжан тарапы ұсынған дәлелдер мен деректер «Армения тарапы да кассеталық бомбалар қолданды» деп нақты қорытынды жасауға мүмкіндік бермейді.

Толығырақ: Степанакерт, Гадрут

Негізгі дәлел – көліктің видеотіркеуіші түсірген видео, онда Степанакерт қаласы бейнеленген. Біз видеодан әуе шабуылының сигналынан кейін снарядтардың қалай құлағанын, кейін бірінші соққыдан кейінгі кішігірім бірнеше жарылыстың болғанын және зарядтардың ауада жарылғанын көреміз.

Мұндай көрініс әдетте кассеталық бомба қолданылған кезде болады. Кассеталық бомба дегеніміз – XIX ғасырдан бастап негізінен жаудың жеке құрамын жою үшін қолданылған шрапнель зарядтарының алыс туысы. Төмендегі видеоларды салыстырып көріңіздер (кассеталық снарядтардың бірнеше түрі көрсетілген).

Кассеталық оқ-дәрілер туралы Конвенция (Convention on Cluster Munitions) 2008 жылы қабылданған және көптеген ел оған қол қойған немесе ратификациялаған. Оған сәйкес кассеталық оқ-дәрілерді қолдануға, екінші тарапқа беруге және жинауға тыйым салынған. Себебі оның әсерінен бейбіт тұрғындарға көп зиян келуі мүмкін: кей зарядтар бірден жарылмайды, олар кейін табылған кезде жарылуы мүмкін. Сондай-ақ оларды түрлі-түсті етіп бояйды, сондықтан бастапқыда жарылмай қалған бомбалардан балалар да зардап шегеді.

Алайда бұл расымен Таулы Қарабақ па? Тексеріп көрейік. Видеоны қарасақ, сол тұстан мемлекеттік мекемеге ұқсас ғимаратты байқауға болады. Алайда жазулар бұлыңғыр және бұл қандай мекеме екенін түсіну қиын. Біз Bellingcat-тағы әріптестеріміздің көмегімен бұл пошта бөлімшесі екенін анықтадық. Төменнен оның геолокациясын көрсететін фотосуретті көре аласыздар. Бұл Степанакерт, Акоп Акопян көшесі, 30 үй.

Таулы Қарабақ: Степанакерт пен Гадрутқа шабуыл кезінде қолданылған кассеталық бомбалар. Дәлелдерді талдау

2016 жылғы фотодан дәл сол кіреберісті, пошта маңдайшасын, терезелерді көреміз, айырмашылық тек жыл мезгілінде. Ол кезде фото қыста түсірілсе, қазіргі видео күзде жасалған, тек көше сәл өзгерген.

Кассеталық қарудың негізгі мақсаты – қарсыластың адам күші мен жеңіл көліктерін жою, сондай-ақ үлкен снарядтар ірі броньды техникаға (мысалы, танктерге) қарсы және инфрақұрылымдық нысандарды жою үшін де қолданылады. 2008 жылғы кассеталық бомбаларға тыйым салатын конвенцияға Әзербайжан да, Армения да қосылған жоқ, ал ол снарядтарды негізінен АҚШ, Ресей және Қытай өндіреді. Сондай-ақ мұндай қару-жарақты Израиль де жасайды, олардың снарядтары Таулы Қарабақтың басқа қаласы Гадрутта да табылды (төмендегі фотогалереяны қарап шықсаңыз болады).

Фотосуретте Израильде жасалған LAR-160 дүркін оқу ату жүйесі арқылы атылған снаряд бейнеленген. Бұл жүйені Әзербайжан әскері ресми түрде пайдаланады, Армения оны қолданбайды. Осыған қоса бұл жүйе кассеталық бомбалары бар снарядтарды ұшыруға арналған, фотодан M095 DPICM оқтұмсығын және кассеталық оқ-дәрілерді көруге болады (Amnesty International бұл оқ-дәрілердің Степанакертте табылғаны туралы хабарлайды). Біздің сауалымыз бойынша түсірілім уақыты мен орны көрсетілген метадеректері бар фотосуреттер де ұсынылды.

Таулы Қарабақта дәл осындай қару (LAR-160 және M095 DPICM) 2016 жылы да қолданылғаны туралы дәлелдер бар, алайда ол кезде тәуелсіз бақылаушылар бұл қаруды тараптардың қайсысы пайдаланғаны туралы нақты мәлімдеме жасамады. Сондай-ақ жанжал кезінде Ресейде жасалған «Смерч» жүйелері де қолданылды деген дәлел бар (бұл қару жарақ Әзербайжанның да, Арменияның әскерінде бар).

Сонымен «Әзербайжан кем дегенде Степанакерт пен Гадрутқа шабуыл кезінде кассеталық бомбаларды қолданды» деген қорытынды жасауға болады. Мұны құқық қорғау ұйымдары да растап отыр, бірақ өкінішке қарай, олар бірқатар нақты ақпаратты бермей отыр (геолокация туралы мәліметтер және т.б.). Осыған байланысты да біз осы материалды дайындауды қолға алдық.

Жанжалға қатысып жатқан екінші тараптың ұсынған фото және видео дәлелдері соншалықты сенімді емес (бұл туралы Amnesty International да жазып жатыр).

https://twitter.com/cntrentF24/status/1313833066838753280

Бір жағынан мұндай қарумен құбыр желісіне шабуыл жасау тән емес, себебі фото мен видеодағы бомбалар Степанакерт пен Гадрутта табылған бомбалармен бірдей және бұл снарядтар инфрақұрылым нысандарына емес, жаяу әскер мен жеңіл броньды техникаға шабуыл жасауға арналған. Екінші жағынан фото және видеодағы M095 DPICM кассеталық оқ-дәрілер Степанакерт, Шуши және Гадрутта табылған қару-жараққа ұқсайды. Бұл фактілерді растау үшін қосымша дәлелдер мен тергеу жұмыстары қажет. Төменде Amnesty International ұсынған мәлімдемені келтіреміз:

«Әзербайжан мемлекеті Армения әскері елдегі екінші ірі қала Гянджаны және басқа қалалардағы бейбіт тұрғындар тұратын аудандарға шабуыл жасағанын хабарлады. Amnesty International сарапшыларының айтуынша Армения қарулы күштері шынымен 300 миллиметрлік «Смерч» зымыран тасығыштарын қолданған, алайда Әзербайжан тарапы ұсынған фото және видео дәлелдер оның нақты қай мақсатта пайдаланғаны және зымыран оқтұмсықтарында кассеталық оқ-дәрілердің бар-жоқтығы туралы сараптама жасауға мүмкіндік бермейді».

Amnesty International

Қақтығыс тарихына тоқталсақ

  • Тәуелсіздігі мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының аумағындағы Армения мен Әзербайжан арасындағы қақтығыс 2020 жылдың қыркүйек айының соңында қайта басталды.
  • Екі жақ та бір-бірін «оқ атуды бірінші бастады» деп айыптап, көптеген мәлімдеме жасап жатыр. Қазір оларды тексеру мүмкін болмай тұр. Мәселен Әзербайжан да, Армения да қарсы тараптың әскери шығындары туралы түрлі ақпарат таратса, Армения Қорғаныс министрлігі Армения аумағында СУ-25 ұшағын атып түсіргенін мәлімдеді.
  • Қазіргі қақтығыс тарихы 1991 жылы, яғни Таулы Қарабақ халқы (негізінен этникалық армяндар) Әзербайжаннан тәуелсізбіз жариялағаннан басталды. 1992 жылдан 1994 жылға дейін Әзербайжан өзін тәуелсіз деп жариялаған республиканы қайтаруға тырысып, Баку мен Ереван арасында соғыс басталды. Осы уақыт ішінде Әзербайжанның бірнеше аймағы Таулы Қарабақ республикасының құрамына өтіп кетті. Айта кетейік олар қақтығыс басталғанға дейін автономия құрамына кірмеген еді. (Тақырыпқа қызыққандарды 1918-1920 жылдардағы армян-әзербайжан соғысына және Әзербайжан құрамындағы Таулы Қарабақ автономиясының құрылу тарихына сілтеме жасаймыз.)
  • 1994 жылы Бішкек хаттамасына қол қойылып, тараптар қақтығысты тоқтату туралы уағдаласып, жанжал уақытша тоқтады.
  • Кейінгі шиеленіс 2016 жылы болды, ол кезде де екі тарап бір-бірін кассеталық снарядтар қолданды деп айыптаған еді.

Материалды қазақ тіліне аударған: Балнұр Қожагелді

Журналист, редактор. Филолог-славист. Соавтор и составитель ряда работ по журналистике и языку вражды. Работал журналистом и редактором в различных научно-популярных, развлекательных и общественно-политических изданиях Казахстана. Главный редактор проекта «Фактчек в Казахстане» с 2017 по 2022 год. Медиатренер, создатель образовательного проекта Factcheck.Academy

Factcheck.kz