Сіз кімсіз Майра Мамыровна?

Бірер күн бұрын әлеуметтік желіде «Дәрігер камера өшіп тұр деп ойлады, бірақ барлығы бейнетаспаға жазылды» деген видео тарап, арты шуға ұласты. Видеода өзін Майра Мамыровна деп таныстырған ақ халаттағы қыз «камералар өшкеннен кейін» дәрігер жұмысының барша қиындықтары, сондай-ақ әріптестері мен туыстары арасындағы адам шығыны туралы айтып, санитарлық шараларды сақтамайтын азаматтарға ренішін жеткізеді.

Таралып жатқан видео

Аталған видео әлеуметтік желіде бірнеше күн кезіп жүргенімен, танымал журналист әрі тележүргізуші Майя Бекбаева оны өзінің инстаграм парақшасына жариялаған кезде көпшіліктің назарын аударды. Оның кейбір оқырманы видеодағы дәрігерге актриса Таңшолпан Байлы қатты ұқсайтынын айтқан. Осыдан кейін видеоны әнші Шоқан Маратұлы өз парақшасына репост жасап, ролик шынымен жалған ба және бұл әдейі жасалынған қитұрқы әрекет пе деп сұрақ қояды.

Сіз кімсіз Майра Мамыровна?
Таншолпан Байлы (Дереккөз: Youtube-канал «Tansholpan Baily»)

Көптеген интернет қолданушы бұл халық арасында дүрбелең туғызу үшін әдейі жасалған видео деген ойға тоқталады. Ал ковидке сенбейтіндер бұл оқиғаны мүлт жібермейді, олар видеоны «коронавирус қолдан жасалған» деген теориясын растау үшін қолданады.

Оқырмандардың наразылығын көрген Майя Бекбаева өзінің аккаунтын жабық етіп қойған сияқты. Ал ашуланған инстаграм қолданушылары Таңшолпан Байлының аккаунтын да түрлі пікірмен толтырып тастады. Айта кетейік бұл жағдай дәрігер Майра Шолпанқұловаға да оңай соққан жоқ, себебі адамдар оны фейк деп атай бастайды. Өйткені оның және видеодағы дәрігердің аты-жөні бірдей екен, сондықтан кейбір интернет қолданушылары ол екеуін бір адам деп ойлап қалған.

Осыдан кейін Factcheck.kz бұл оқиғаны зерттеп, қайсысы шындық, қайсысы ойдан құрастырылғанын анықтауды жөн көрді.

Қысқаша қорытынды

  1. Видеодағы расымен актриса Таңшолпан Байлы, ол дәрігер емес.
  2. Бейне қасақана немесе әдейі жасалмаған. Бұл әлеуметтік роликтің бір үзіндісі ғана (ол әлі түсіріліп жатыр) және ол әлеуметтік желіге түсірілімге қатысқан бір адамның кесірінен тарап кеткен. Бұл видеоны таратқан адамның арам пиғылы болғаны рас шығар, алайда актрисаның бұл жерде еш кінәсі жоқ, оны өзі де айтып отыр.
  3. Әрине, бұл жағдайда тексерілмеген видеоны бөліскен әр адам жалған ақпарат таратты, себебі видеодағы адам расымен дәрігерге ұқсайды.
  4. Майра Шолпанқұлова өмірде бар адам және ол инфекционист-дәрігер болып жұмыс істейді. Оның аталған видеоға еш қатысы жоқ және оның аты-жөні – Майра Абдразаковна.

Нақтырақ айтсақ…

17 қарашада Таңшолпан Байлы өзінің инстаграм парақшасына бар жағдайды түсіндіріп, видео жариялайды.

Негізі бұл видео әлі түсіріліп жатқан әлеуметтік қысқаметражды видеоның үзіндісі ғана… Бұл сұхбат өмірде болған нақты оқиғаларға негізделген. Бірақ ол әлі дайын емес, ал сұхбаттың бір бөлігін біздің командамыздың бір мүшесі басқа адамға, ол тағы біреуге жіберген, сөйтіп бейнежазба уатсап арқылы жан-жаққа тарап кеткен. Енді біреу видеоға өмірде расымен инфекционист-дәрігер болып істейтін адамның атын жазып қойған. Осыдан кейін ол барлық парақшаларға тарап кетті. Ал мені көбі танып жатқаны түсінікті… Егер бұл, көпшілік айтқандай, қандай да бір тапсырыс бойынша әдейі түсірілген видео болса, онда мені адам танымайтындай етіп бояп, грим жасап, дауысымды өзгертіп, линза тағып, парик, көзілдірік не бас киім кигізіп қоюға болар еді ғой, себебі мен басқа түсірілімде, фильм немесе сериалда солай істеймін. Осыған қоса менің бүкіл Қазақстан бойынша мыңнан астам студентім, мені жақсы білетін туысым мен ТМД және АҚШ-та таныстарым және әріптестерім бар, олар мені танып қоятын еді.

Таңшолпан Байлы

Актрисаның сөзінше, ол оқиғаның мән-жайы туралы бірінші күні жаза алмаған, себебі оның командасы видеоны желіге таратқан адамды іздеумен айналысқан. Ол Майя Бекбаевамен жеке таныс емес және тележүргізуші Таңшолпанның видеосын кейіпкерге сеніп қалғаны үшін жариялады деп есептейді: «Негізі сюжет бір, бірақ ақпарат қалай ұсынылып, таратылса, солай қабылданады. Бір пабликтер мұны сұхбат деді, басқа блогерлер «бұл халық арасында дүрбелең мен қорқыныш туғызу үшін жасалған видео» деп жағымсыз нәрселер жаза бастады… Бұл фильм жақында шығады және оны баршаңыз тамашалай аласыз. Иә, бұл сұхбат шын дәрігердің сұхбатына негізделген, бірақ қай дәрігер мұндай видео жасауға келісіп, жариялауға рұқсат береді? Себебі мұндай сұхбат үшін, кем дегенде, жұмыстан қуылып кетуге болады».

Біз бұл видеоның басқа нұсқаларын іздеу барысында Facebook-та «Оқиғалар ортасында» деген жаңалық тарататын парақшаға тап болдық. Онда 10 қарашада жарияланған видео бар екен, бұл біз тапқан видеолардың ең ұзын нұсқасы (3:38 минут). Сондай-ақ оның сапасы жоғары (1080p) әрі оған ешқандай мәтін қосылмаған екен. Біз тапқан видео желіге тарап кеткен үзіндінің түпнұсқасы ма, жоқ па, айту қиын. Алайда біз 10 қарашаға дейін шыққан басқа осындай видео таппадық.

Парақша авторлары видео оларға уатсап арқылы келгенін айтады, алайда бұл өте күмәнді. Себебі мессенджер арқылы жіберілген видеоның (арнайы файл ретінде жіберілмесе) әдетте көлемі сығылады. Бұл жерде екі болжам жасауға болады, не оларға ол арнайы файл арқылы келді, не видеоның түпнұсқасы болған адам олармен тікелей байланысқа шыққан.

Шын дәрігердің не қатысы бар?

Осы орайда интернет қолданушылары бейнероликтегі дәрігердің атын пайдалана отырып, көбірек ақпарат жинап, өзінше зерттеу жүргізген. Видеода актриса өзін Майра Мамыровна деп атағандықтан, кейбір қолданушылар оны астаналық дәрігер-инфекционист Майра Шолпанқұлова деп ойлап қалған. Төмендегі пост авторының болжамы бойынша, Майра Мамыровна деген 19 қазанда интернетте пайда болып, ойдан шығарылған дәрігердің аты.

Адамдардың былай шатасуына кейбір жергілікті БАҚ-тағы мақалалар да ықпал еткен сияқты. Себебі 19 қазанда жаңалық тарататын бірнеше сайт Майра Шолпанқұлованың қазақстандықтарға санитарлық нормаларды сақтау туралы өтініш айтқан хабарын таратқан. Мәселен Kazinform дәрігер мұны видео арқылы айтты деп жазады, алайда мақалада видеоның өзі немесе оған сілтеме жоқ.

Мүмкін кейбір оқырмандар Шолпанқұлованың видеосымен актрисаның бейнежазбасы арасында қандай-да бір байланыс бар деп ойлап қалған шығар, бірақ не болса да соңғысы, біздің білуімізше, тек қараша айында тарала бастады. Біз әзірге Шолпанқұлованың бейне үндеуін таппадық және онымен жеке байланыса алмадық. Алайда оның инфекционист-дәрігер екенін растай аламыз.

Біріншіден оның әкесі бойынша тегі Мамыровна емес, Абдразаковна екенін айта кетейік. Интернет көмегімен біз оның есімін Астана қаласындағы №6 емхана дәрігерлерінің арасынан таптық. Сондай-ақ оның фотосы медицина қызметкерлерінің бірі ретінде фотограф Руслан Мазуниннің «Ризамыз» фотокөрмесі аясында жазда Астанадағы Атырау көпіріне («балық-көпір») ілінген еді.

Сіз кімсіз Майра Мамыровна?
Автор: Руслан Мазунин ( Дереккөз: «Вечерняя Астана»)

Қазіргі кезде ол Астана медициналық университетінде резидентурада оқитын сияқты. Өйткені оның есімін Жұқпалы аурулар және эпидемиология кафедрасының резиденттері арасынан табуға болады. Сондай-ақ ол жазда қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында жұмыс істегені және басқа дәрігерлермен бірге коронавируспен ауырған науқастарды емдегені белгілі. Биыл 31 тамызда ол «Хабар 24» телеарнасына қысқаша түсініктеме берген екен.

Қорытынды

Дәрігер сөз сөйлеп отырған фейк видео әлеуметтік роликтің бір үзіндісі ғана, Таңшолпан Байлының айтуынша, оның толық нұсқасы жақын арада шығады.

Майра Шолпанқұлова деген дәрігер бар, бірақ оның бұған еш қатысы жоқ. Ол ойдан шығарылған кейіпкер емес.

Бұл материал Қазақстандағы Ұлыбритания елшілігінің COVID-19 туралы жалған ақпаратпен күрес жобасы аясында жарияланды.

Factcheck.kz