“Семіздік” диагнозы қойылған бала саны артып келе ме?

3 ақпанда ҚР мәжілісінің депутаты Решетников Сергей мектеп жасындағы балалар денсаулығы туралы мәселе көтерді. Оның айтуынша балалар арасында артық салмақтан зардап шегетіндер мен көру қабілеті нашарлағандар саны артып келеді. Factcheck.kz депутат сөзін тексерді.

Ресми дерекке сай, Қазақстанда 6-9 жас аралығындағы балалар арасында аз қимылдап, дұрыс тамақтанбағаннан артық салмақтан зардап шегетіндер саны артып келеді.

Решетников Сергей

Үкім: Манипуляция

Ана мен бала денсаулығын сақтау Департаментінің хабарлауынша, соңғы бес жылда 6-9 жас аралығындағы балалар арасында семіздік диагнозымен тіркелгендер азайған: 2016 жылы — 1047, 2017 жылы — 917, 2018 жылы — 810, 2019 жылы — 661, 2020 жылы — 446 бала есепке алынған.

Депутат ЮНИСЕФ Қазақстанның баяндамаларына сүйеніп сөйлсе керек. Себебі ұйым 2018 жылғы есебінде “Балалар арасындағы семіздік жыл өткен сайын маңызды мәселеге айналып келеді. Себебі балалардың 9,3%-і артық салмақтан зардап шегеді” деп жазды. Мұның басты себебі дұрыс тамақтанбау мен физикалық белсенді болмауы деп көрсетілген. Ал 2019 жылы 9 жастағы әрбір 5-бала семіздік диагнозынан зардап шегеді деген ақпарат таратты. Ең жоғарғы көрсеткіш қала тұрғындары мен емізілмеген балалар арасында болған.

Балалардың тамақтану мәселесі Қазақстанда ушығып барады, бұл өз кезегінде біздің балаларымыздың денсаулығы, үлгерімі мен хал-жағдайына зардабын тигізеді.

ЮНИСЕФ-тің денсаулық сақтау және тамақтану жөніндегі үйлестірушісі Қанат Суханбердиев

Ұйымның жазуынша, 5 жасқа дейінгі әрбір он баланың біреуі артық салмағы бар немесе семіздікке шалдыққан, ал 2 жасқа дейінгі балалардың 21% -і жеміс пен көкөніс тұтынбайды. Қосымша тамақтан кейін 6 айлық балалардың жартысынан азы ғана (41%-і) емшек сүтін қабылдауды жалғастырады (Бұл көрсеткіш кірісі көп отбасыларда біршама жоғары). Балалардың көпшілігі (72,5%) күніне кемінде бір сағат теледидар қарайды немесе зиянды тағамдарды көрсететін электронды құрылғыларды пайдаланады.

Артық салмақ пен семіздік денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін артық яки шамадан тыс майдың пайда болуының нәтижесі.

5 жасқа дейінгі балаларда артық салмақ пен семіздік келесідей анықталады:

  • артық салмақ — егер дене салмағы мен бойдың арақатынасы балалардың дене даму стандартындағы көрсеткіште (ДДСҰ) көрсетілген медиандық мәннен екі стандартты ауытқуға артық болса;
  • семіздік — егер дене салмағы мен бойдың арақатынасы балалардың физикалық дамуының стандартты көрсеткіштерінде (ДДСҰ) көрсетілген орташа мәннен үш стандартты ауытқуға артық болса.

5-тен 19 жасқа дейінгі балаларда артық салмақ пен семіздік келесідей анықталады:

  • артық салмақ — егер дене салмағының индексі (ДСМ) мен жас арақатынасы балалардың дене дамуының стандартты көрсеткіштерінде (ДДСҰ) көрсетілген медиандық мәннен бір стандартты ауытқуға артық болса;
  • семіздік — егер ДСМ мен жас арақатынасы балалардың физикалық дамуының стандартты көрсеткіштерінде (ДДСҰ) көрсетілген орташа мәннен екі стандартты ауытқудан асып кетсе.

Профилактикалық жұмыстар нәтижесінде анықталғандай, 14 жасқа дейінгі мектепте оқитын балалар көбіне көздің көру қабілетінің төмендеуінен зардап шегеді. Бұл гаджеттерді көп пайдалануымен байланысты.

Решетников Сергей

Үкім: Шындық, бірақ….

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сай, бұл рас дерек. Профилактикалық тексерулер нәтижесінде, есту қабілеті төмендеуі, сколиоз немесе мүсіннің бұзылуына қарағанда 14 жасқа дейінгі балалар арасында көру қабілеті көбірек төмендеген. Мысалы, 2019 жылы 1 000 балаға шаққандағы нашар есту көрсеткіші 1.4, сколиоз 1.9, қалыптың бұзылуы 2.4, ал көру қабілеті төмендеуі 14.6 болған.

Алайда мұның себебі гаджеттерді шектен тыс пайдалану туралы дәлел жоқ. Себебі, 2005 жылдан бері бұл көрсеткіш, керісінше, төмендеген. Ол кезде 1 000 балаға шаққандағы көру қабілеті төмендеу көрсеткіші 24 болған (Балалар 2005 жылдан бергі статистикада басқа үшеуіне қарағанда көру қабілетінен көбірек зардап шегеді). Одан берігі көрсеткіш төменде:

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz