“Саяси тұтқын” Макс Боқаев түрмеден босап шықты

4 ақпанда Атыраудағы УГ-157/9 мекемесінен белсенді Макс Боқаев босап шықты. 2016 жылғы жер митингілерінен кейін 5 жыл түрмеде отырған “саяси тұтқын” Макс Боқаевты түрме алдынан 20 шақты жақтасы, ақпарат құралдары қарсы алды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

– Қазақстандағы халықтың қолдауына, халықаралық ұйымдарға рақмет айтқым келеді. Халық қолдауы болмаса, мені жоқ қылып жіберетін еді. Сүйегімді таба алмайтын едіңдер. Рақмет сол үшін! Жағдайды теледидар, радио-газеттен қарап отырмын ғой. Назарбаев тақтан кетсе де, 5 миллиметр өзгеріс бар деуге болады. Бірақ алып бара жатқан өзгеріс жоқ. Сондықтан ары қарай қоғамдық жұмыспен айналыса беремін, – деді Боқаев.

"Саяси тұтқын" Макс Боқаев түрмеден босап шықты
Түрмеден шыққаннан кейін Макс Боқаев жақтастарымен бірге Атыраудағы Исатай – Махамбет алаңында жақтастарымен бірге. Фото: “Уральская неделя”, Рауль Упоров.

Ол 28 ақпаннан бастап жұма сайын “жалпыұлттық митингіге шығу” туралы ұсыныс айтты. “Үкімет ақылға келмесе, 3 сәуірден бастап алаңдарда шатыр тігіп отырамыз” деді ол.

Түрме мерзімі аяқталардан бұрын Азаттыққа берген сұхбатында Макс Боқаев қамаудан шыққаннан кейін бірден алаңға баратынын айтқан. Ол босатылардан бір күн бұрын “соттың қаулы шығарып, өзіне митингіге баруға, әлеуметтік желі қолдануға тыйым салғанын” хабарладыБоқаев сот қаулысына қол қоймағанын, өзі де, адвокатына да сот жайлы хабар бермегенін айтқан.

4 ақпанда Боқаев түрме маңында жақтастары алдында сөйлеп тұрған кезде полиция сырттан бақылап тұрды. Айналада автозактар да байқалды.

Боқаев жақтастарын Атыраудағы Исатай – Махамбет алаңына барып, “таза ауа жұтып” серуендеп қайтуға шақырды. Оны қарсы алуға Алматы, Нұр-Сұлтан, Жаңаөзен және өзге қалалардан белсенділер барған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz