Роман Протасевич пен София Сапега үйқамаққа ауыстырылды

Беларусьте оппозициялық блогер Роман Протасевич пен оның құрбысы София Сапега үйқамаққа ауыстырылды. Бұл туралы BBC сайты хабарлады.

Протасевичтің әкесі Дмитрий Протасевич журналистерге ұлының үйқамақта екенін айтты. Әкесі биліктің мұндай қадамына байланысты пікір білдіру оңай емес деп, билік әрекетін “саяси ойын” деп болжады.

Оның айтуынша, Сапега мен Протасевичке тағылған айып жойылмады. “Олар әлі де биліктің толық бақылауында”, – деді Дмитрий Протасевич.

Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Біз қуанған жоқпыз. Адвокат та, билік те ештеңе айтпады.

Дмитрий Протасевич

Роман Протасевичтің құрбысы София Сапега Минскідегі жалдамалы пәтерде тұрып жатқанына шамамен 3 күн болды. BBC дерегінше, ол ата-анасымен кездескен. Өгей әкесі Сергей Дудич мұндай жағдайды күтпегенін айтты.

Дудич қызына қауіп төнбесі үшін басқа ақпарат айтудан бас тартты. Алайда, қызымен кездесуге биліктің шектеу қоймағанын мәлімдеді. Ал Ресей елшілігі Сапегаға Ресей консулының тезірек бару мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Беларусь оппозиция өкілдерінің болжауынша, Сапега мен Протасевичті батыс тарапынан санкцияны жеңілдету үшін тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырған.

Контекст

  • 23 мамырда «Беларусь головного мозга» авторы және NEXTA телеграм арнасының бұрынғы бас редакторы Роман Протасевич Минск әуежайында ұсталды. Оппозициялық блогер «Афина- Вильнюс» бағытындағы Ryanair ұшағының бортында болған.
  • Еуроодақ Минск әуежайында ұсталған оппозициялық блогер Роман Протасевич пен София Сапеганы босатуды талап етіп, Лукашенко режиміне санкция салуға келіскен.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz