Ресейдің Жоғарғы соты «Мемориал» құқық қорғау ұйымын тарату туралы шешім шығарды

Ресейдің Жоғарғы соты 28 желтоқсанда өткен отырыста халықаралық «Мемориал» ұйымын тарату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Радио «Свобода» сайты хабарлады.

Бас прокуратура “ұйым шетелдік агенттер туралы заңды жүйелі түрде бұзды” деп сендірді. Сонымен қатар, ведомства өкілі бұл ұйым “КСРО-ның террористік мемлекет ретіндегі жалған бейнесін жасайды, нацистік қылмыскерлерді ақтайды” деді.

Құқық қорғаушылар ұйымды таратуға “заңды негіз жоқ” деп санайды. Жүзге жуық ресейлік және шетелдік мәдениет қайраткерлері, Нобель сыйлығының лауреаттары, сонымен қатар, журналистер Ресей президенті Владимир Путиннің атына ұйымды қудалауды тоқтату туралы өтінішке қол қойды.

«Мемориал» басқарма төрағасы Ян Рачинский бұл шешімге шағымданатынын айтты.

“Мемориал” – Ресейдегі ең көне құқық қорғау ұйымдарының бірі және 1989 жылдың қаңтарында жұмысын бастады. Ал алғашқы төрағасы Нобель сыйлығының лауреаты Андрей Сахаров болды.

Ұйым 30 жылдан астам уақыт бойы зерттеулер жүргізіп, кеңестік кезде қуғын-сүргінге ұшырағандардың есімі жазылған егжей-тегжейлі мәлімет базасын жасаған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz