Путиннің конституциялық автократиясы

Биыл Ресейдің заң шығарушы органдары мен сайлаушылары  Конституцияға президент Владимир Путиннің құзыреттік мерзіміне қатысты шектеулердің күшін жойып, оған 2036 жылға дейін билікте қалуға мүмкіндік беретін өзгертулер енгізуді мақұлдады. Путин бұл мүмкіндікті пайдаланудан бас тартып, биліктен кетуге бел буған күннің өзінде, ұсынылған заң Ресейдің бұрынғы президентінің қылмыстық иммунитетін кеңейтіп, оны кез келген қудалау түрінен қорғайды. Конституцияға енгізілген қалған өзгерістерде Ресей заңдарын халықаралық құжаттардан жоғары қою, некені «ер мен әйелдің одағы» деп түсіну, тарихи дискурсты бұрмалаудан қорғау қарастырылған.

Бұл өзгерістерге қарап, Ресейдегі мемлекеттілік туралы не білуге болады?

Әдетте елдер конституциясын маңызды әлеуметтік және саяси өзгерістерден кейін өзгертеді. Мысалы, соғыстан кейінгі Еуропа 1946 жылы Францияның конституциясы, 1949 жылы Батыс Германияның Grundgesetz заңы сияқты маңызды құжаттардың қабылдануына куә болды. Одан кейін Алжирдегі дағдарыс сияқты саяси қиындықтардың салдарынан 1958 жылы Францияда Бесінші республика құрылып, жаңа конституция қабылданды. 1970-жылдары әскери диктатурадан құтылғаннан кейін Греция, Португалия мен Испанияда да жаңа конституция қолданысқа енді.

Совет одағының 1936 жылғы Конституциясы тоталитаризмді заң жүзінде бекіткен, сталиндік ғимараттар сияқты сыртқы көрінісі ғана әдемі жобаға айналды. Борис Пастернактың «Доктор Живаго» романында жазылғандай, бұл – қолдануға жарамайтын конституция болды. Бірақ ол жоғарыда аталған басқа құжаттар сияқты елде болған саяси және әлеуметтік өзгерістерден хабар береді.

1977 жылғы «Брежнев конституциясы» (құжаттың бірінші нұсқасы 1973 жылы дайындалған) да осы жолды жалғады. Негізі, Никита Хрущев 1960-жылдардың басында өз билігінің нәтижесін конституцияда қалдырғысы келген.

1993 жылы қабылданған Ельциннің конституциясында қазан дағдарысы әкелген өзгерістер қамтылды. Лениннің қатаң тілімен айтқанда, бұл құжат таптық күрестегі күштер қатынасын көрсетеді (ол кезде либералдар Ельцин мен оның Ресей Федерациясының Жоғарғы кеңесін тарату үшін қарулы күштерді қолдану туралы шешімін қолдады). Жаңа заң Ресейдегі мемлекеттіліктің қазіргі жағдайын қалыптастырды. Бірақ 1993 жылғы конституцияның арқасында президенттік республиканың құрылуы Ресейдің саяси жүйесі міндетті түрде авторитарлық бағытта дамуы керек дегенді білдірген жоқ.

Кей адамдар батыстан келген саяси институттар Ресейде жұмыс істемейді деп есептейді. Бірақ 1993 жылдан кейін Ресейде президент пен үкімет нағыз сайлау сияқты есепке алуы керек шынайы парламент болды. Оның үстіне, Ресей халқы демократияның игілігін көруге, Конституцияның 2-бабына сәйкес, өз құқықтары мен бостандықтарын пайдалануға дайын еді.

Бірақ Путин Ельциннің конституциясын бос декорацияға айналдырды. Оған бұл істе толықтай саясиланған Конституциялық сот көмектесті. Аталған органның төрағасы Валерий Зоркин Ресейді авторитарлық мемлекетке айналдырудың құқықтық негізін қалыптастырды. Ресей демократиясының жолындағы қиындықтар мен президент билігін қалыптастырған Ельциннің Конституциясы Путин режимінің неге дәл осы бағытта дамып, Конституцияның 31-бабында көрсетілген бейбіт жиын өткізу құқығы (жит бұзылатын конституциялық құқық) сияқты маңызды дүниелерді қалай назардан тыс қалдырғанын түсіндіре алмайды.

Путин жаңа конституциялық өзгерістер арқылы билікте отырған 20 жылындағы саяси және экономикалық өзгерістерді мәңгілік бекітіп, өзінің болашақ мүмкіндіктерін нақтылап алды. Оның осыған дейінгі президент мерзімін нөлге теңестіруі биліктің ауысымы туралы конституциялық принципті бұзды. Конституциядағы басқа өзгерістер қазіргі авторитарлық мемлекеттің идеологиялық шекараларын белгіледі.

Нәтижесінде, Ресейде бір конституцияның аясында екі негізгі заң қалыптасты. Ельциннен қалған құқықтық кепілдіктер сән үшін, ал Путин енгізген өзгерістер іс жүзінде қолданылатын болды.

Ресейде фокус-топтардыңарасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде ел азаматтарының арасында «1993 жылғы конституция АҚШ-та жазылған, тәуелсіз Ресейге жаңа тәуелсіз конституция керек» деген пікір кездесетіні анықталған. Қарапайым Ресей азаматтары Путин енгізген өзгерістерді оқымайды, өйткені олар енді «Қырым ғана емес, конституция да – өзіміздікі» деп тыныш ұйықтайтын болады.

Ресейдің ішкі оппозициясы былтыр жазда 1993 жылғы конституцияны қорғауды ұранға қосса, Потемкин Конституциясын сақтауға шақырған орыс диссиденттері сияқты әрекет етер еді. Өкінішке қарай, оппозиция конституцияға дұрыс мән бермей, Путин режимінің мемлекеттің құқықтық негізін өз пайдасына бұрмалау әрекетіне көз жұма қарады.

XIX ғасырдағы орыс жазушысы Михаил Салтыков-Щедриннің «Сенде не конституция, не бекіре мен ақжелкек (дәулеттің белгісі) болады» деген дилеммасы әлі күнге өзекті. Бірақ демократиялық конституционализм экономикалық гүлдену мен қоғамның әл-ауқатын жақсартудың негізгі шарты саналады. Қазір Ресейде бұл ұғымның болмауы елде демократия да, азаматтардың көбінде жеткілікті балық та жоғын көрсетеді.

Андрей Колесников

Мәскеудегі Карнеги орталығының аға ғылыми қызметкері және «Ресейдің ішкі саясаты және саяси институттары» бағдарламасының жетекшісі.

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Думан Смақов
Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы