Оңтүстік Кореяда қанша қазақстандық заңсыз жүр?

31 наурызда өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев Оңтүстік Кореяға барып жатқан қазақстандықтардың құқығы қорғалмайтынын, ол елмен бұл жөнінде келісім керек екенін айта отырып, бірқатар дерек келтірді. Factcheck.kz депутат сөзін тексерді.

Мысалы 2014 жылдан бері Оңтүстік Корея еліне еңбек ету үшін баратын заңсыз мигранттар саны 359 адамнан 2019 жылы 12 мың адамға дейін күрт өскен. Олардың көбі 20-35 жас аралығындағы белсенді еңбекке қабілетті еліміздің жастары.

Елнұр Бейсенбаев

Үкім: Шындық, бірақ

Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігінің хабарлауынша, 2014 жылы Кореяда заңсыз мигрант саны шынымен-ақ 359 адам болған. Алайда 2019 жылғы көрсеткіш депутат дерегінен азырақ. Кореяның Әділет министрлгінің хабарлауынша, 2019 жылы 11 мыңға жеткен.

Айта кету керек, 2014 жылдың қарашасында күшіне енген Қазақстан мен Корея арасындағы визалы режимді жою туралы келісім Кореяда еңбекке араласпайтын адамдар үшін жарамды. Алайда бұған қарап жатқан қазақстандықтар жоқ секілді. Деректі төменнен қараңыз:

Депутаттың қазақстандық мигранттар жасына қатысты сөзі ойға қонымды болғанымен Сыртқы істер министрлігінде ондай статистика жүргізілмейтінін айтады. Бірақ БАҚ-та Кореяда заңсыз жүргендердің жартысы 20-29 жас, ал 36%-і 30-39 жас аралығында деген ақпарат тараған. Е. Бейсенбаев осыған сүйенсе керек.

Соның ішінде Оңтүстік Кореяға жасырын келетін заңсыз мигранттардың негізгі легін еліміздің оңтүстік аймағының тұрғындары құрайды. Ұлттық Банктің ресми мәліметінше, 2012 жылдан бастап 2019 жылға дейін шет елден азаматтардың қаржылай жеке аударымдарының көлемі 279 млннан 614 млн долларын құраған. Ал Оңтүстік Кореядан Қазақстанға ақша аударымдар 1,7 млннан 105 млн АҚШ долларына дейін өскен. Яғни алты жылдың ішінде Корея елінен аударылған жеке қаржы көлемі 60 есеге ұлғайған.

Елнұр Бейсенбаев

Үкім: Жалған

Ұлттық банк дерегіне сүйеніп есептеуімізше, халықаралық ақша аударым жүйесі арқылы (ААЖ) 2012 жылы Қазақстанға жалпы 77 179,9 млн теңге (шамамен 178 342 932,01 доллар) аударылған. Оның 351,7 млн теңгесі (шамамен 812 688,4 доллар) Оңтүстік Кореядан түскен. Ал 2019 жылы жалпы 344 632 млн теңге (шамамен 796 356 063,51 доллар) аударылса, оның 65 693,5 млн теңгесі (шамамен 151 800 810,89 доллар) Кореядан жіберілді.

Есебімізше, Оңтүстік Кореядан аударылған ақша көлемі 2012 жылдан 2019 жылға дейін 186 есе көбейген. Мигранттар заңсыз болғаны үшін олардың шыққан жері туралы дерек жоқ.

Депутат мәлімдемесінде медиада кең тараған сандарды келтірсе керек.

2021 жылдың ақпанында Қазақстанға шетелден ААЖ арқылы 21 649,9 млн теңгеге 92,1 мың транзакциялар алынған. Оның ішінде Ресейден 4 108,6 млн, Өзбекстаннан 4 098,7 млн, Кореядан 3 180,6 млн теңге аударылған.

Фактчекер-журналист. Factcheck.kz сайтының шығарушы редакторы.

Factcheck.kz