Өндірістегі жарақаттан қанша адам зардап шекті?

17 наурызда Парламент мәжілісінің кезекті пленарлы отырысында депутат Ерлан Саиров кәсіпорындардағы жазатайым оқиғалардың салдарынан зардап шеккен және қайтыс болған адамдардың статистикасы туралы дерек келтірген болатын. Аталған деректерді Factcheck.kz сайтымен тексеріп көріңіз.

Мәлімдеме: 2020 жылы республика кәсіпорындарында жазатайым оқиға салдарынан 1 503 адам зардап шекті, бұл былтырғы жылмен (1430) салыстырғанда 5%-ке артық және 208 өлім жағдайы тіркелген, өткен жылмен (180) салыстырғанда 15%-ке өскен.

Ерлан Саиров

Үкім: Үкім жоқ

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бізге берген мәліметі бойынша, расымен де 2020 жылы кәсіпорындарда жазатайым оқиға салдарынан 1503 адам зардап шеккен, оның ішінде 208-і өліммен аяқталыпты. Былтырғы жылмен салыстырғанда жазатайым оқиғалар 4,86%-ке, ал өлім-жітім 13,46%-ке өскен.

Алайда, ҚР Статистика комитетінің ресми сайтында бұл жағдайға қатысты ақпарат басқаша. Мысалы, 2019 жылы (2020 жылғы дерек сәуір айында шығады) жалпы өндірістегі жазатайым оқиға салдарынан 2111 адам зардап шексе, 190 адам қайтыс болған.

Контекст

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бізге берген мәліметі бойынша, зардап шеккендердің көбі тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында – 304 адам (20,2 %) және құрылыс саласында – 175 адам (11,6%) тіркелген.

Еңбекті қорғауға байланысты заңнаманың негізгі құқық бұзушылықтары:

  • қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеу (433 немесе 20,6%);
  • жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі бойынша оқытудан өткізбеу (255 немесе 12,1%);
  • жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнайы киіммен және арнайы аяқ киіммен қамтамасыз етпеу (129 немесе 6,1%);
  • еңбекті қорғау бойынша қызметтің немесе жауапты тұлғаның болмауы (31 немесе 1,5%).

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz