Nur Otan Алматыдағы белсенділерді сотқа берді

Nur Otan партиясы белсенді Санавар Закиров, Марат Тұрымбетов және Альнур Илияшевты жалған ақпарат таратты деп айыптап сотқа шағымданды. Бұл туралы “ҚазАқпарат” ХАА және партияның баспасөз қызметі хабарлайды.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, белсенділер “бірнеше рет Nur Otan партиясы партия құруға кедергі келтірді” деп айыптап отыр. Nur Otan партиясына қатысты айыптаулар әлеуметтік желілерде белсенді түрде таралып, түрлі медиа порталдарда жарық көрді.

«Саяси партиялар туралы» заңның 10-бап, 1-тармағына сәйкес саяси партияларды мемлекеттiк тiркеудi Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгi жүзеге асырады. Хабарламада Nur Otan партиясының басқа партияларды тіркеуге ешқандай қатысы жоқ және бұл мәселеде ешкімге кедергі келтіре алмайтыны айтылған.

Nur Otan партиясы бұл әрекеттерді қоғамдық бірлестіктің беделіне нұқсан келтіру деп есептейді. Партия Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 143-бабы бойынша (ар-намысты, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау) Жетісу аудандық сотына шағымданды.

Альнур Ильяшев әкімдікке митинг өткізу туралы 36 рет өтініш беріп, митинг өткізуге рұқсат алған еді. Рұқсат етілген митинг маусымның 30-ы өткен болатын.

Factcheck.kz