Навальныйдың оралуы

Алексей Навальный Ресейдегі демалысқа толы ең «жалқау» айдың шырқын бұзайын деп тұр. Кеңес кезіндегі сияқты Ресейде жаңа жылды тойлау қаңтардың ортасына дейін жалғасады; адамдар армансыз апельсин мен ішімдікке тойып, 1970-жылдардағы ностальгиялық комедияларды көруге әдеттенген.  Ал саясат тақырыбы осы уақытта шет қалатын. Бірақ бұл жолы жағдай мүлдем өзгеше болуы мүмкін, себебі өткен жылдың тамыз айында уланып Берлинге жөнелтілген Навальный 17-қаңтарда елге оралады.

2020-шы жылдың соңында-ақ  қаңтар айында көп өзгерістер орын алатыны белгілі еді; өйткені, біз, орыс халқы, Ресей оппозициясының бас жетекшісі Алексей Навальныйдың қасақана кісі өлтіру нысанына айналғанынан хабардар болдық және оның Кремль бұйрығымен жүзеге асқанын білдік. Совет одағының атышулы құпия полициясы саналатын КГБ-ның ізбасары ФСБ Ресей азамттарын қорғаудың орынына режимге қарсылық танытқандардың көзін құртумен айналысып келген.

Bellingcat, The Insider, CNN журналистерінің бірлесіп жүргізген зерттеу жұмысы Сібірдің Томск қаласына барған тамыз айындағы сапарында Навальныйды “новичок” жүйке-параличтік уымен улаған Кремль операциясын анық ашып көрсетті. Уақыт өте келе ФСБ-ның қылмыс өнерінің осалдана бастауы Алексей Навальныйдың бағы болса керек. ФСБ операциясы сәтсіз аяқталды. Бүгінде Навальный ашық түрде, кейде қалжың аралас өзіне шабуылдағандардың кім екенін айтып жүр; ол  «жүйеде» жүргендердің бірімен сөйлесіп, телефон арқылы қастандық әрекеттің егжей-тегжейін білген. Қоңырауды жазып алған да Навальныйдың өзі еді.

Қоғам наразылығын тудыру үшін тағы не істеуге болады? «Дождь» тәуелсіз телеарнасындағы өз әріптестерімнің арасында сауалнама жүргізе отырып  түсінгенім: көпшілігі Алексей Навальный «2020-шы жыл адамы» болуы керек дегенге келіседі. Навальныйдың күштілерді жауапқа тартуға ұмтылған батыл қадамы мыңдаған, тіпті миллиондаған адамдардың құрметіне ие болды.

Бірақ таяуда жүргізілген тағы бір сауалнама бойынша, Ресей халқының 61%-ы Навальныйдың улануы туралы «әйтеу бір» ақпарат естіген, тек 17%-ы улануға қатысты жаңалықты мұқият қарағанын хабарлады; 30%-ы ешқандай улау әрекеті болмағанын және мұның барлығы жасандылық деп тапса, 19%-ы аталған саяси әрекет «батыс барлаушылары ұйымдастырған провокация» екенін айтқан. Азаматтардың 15%-ы ғана «бұл – биліктің саяси оппонентін жоюға тырысқан іс-әрекеті» деп жауап берген.

Аталған деректерге қарап екі түрлі қорытынды жасауға болады. Біріншіден, Ресей халқының басым бөлігі әлі күнге дейін мемлекеттік арналарды қарайды, олардың ақпаратына сенеді; балама пікір мен жаңалық көздерін іздемейді. Мысалы, YouTube сияқты платформаларда ресейлік жаңалық тұтынушылары өзгеріп келеді. Екіншіден, орыстардың  болып жатқан оқиғаларға енжарлық танытуы; бұл –нағыз алаңдайтын дүние. Азаматтардың 44%-ы қасақана улау қылмысы туралы естігенімен,  ақпаратты одан әрі толық қарауға құлықсыз немесе өздерінің саяси көшбасшысын мойындауға үрейленетін дәрменсіз күйде.

Дәл осы себептерге байланысты ресейліктердің көпшілігі жаппай наразылық көрсетуді қолдамайды. Алексей Навальныйдың улануына қатысты тергеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін желтоқсанда тек бірен-саран белсенділер ғана келіспеушілігін ашық білдірді. Мысалы, кино режиссёрі Виталий Манский қолына іш киім ұстап ФСБ ғимаратының алдына шыққан; осы әрекеті арқылы «новичок» уының енгізілуіне тігін құралының қатысы болуы мүмкін екенін хабарлағысы келген. Манскийдың тапқырлығын өзге де өнер адамдары байқаған шығар, бірақ наразылық таныту қозғалысын одан әрі кеңінен жалғауға түрткі бола алмады.

Әлбетте, Ресейдің қысында көшеге шығу қолайлы емес. Дегенмен 2010-шы жылдардың басында жүз мыңдаған ресейлік Владимир Путиннің қысқа мерзімді премьер-министр қызметінен президенттікке қайта оралуына қарсылық танытып,  қатты аязға қарамастан көшеге шықты. Жалпы қазіргі таңда ресейліктер ғаламтор желісі немесе басқа да түрлі әдістер арқылығы Кремль әрекетіне өз наразылығын білдіруіне болады. Сондай-ақ,  объективті, тәуелсіз тергеуді талап етіп, аталған мәселені әлеуметтік желіде талқылай алады.

Президент ретінде Путин қастандық туралы толығымен білген. АҚШ барлау қызметінің бұл іске ешқандай қатысы жоқ екенін де жақсы біледі. Соған қарамастан ол Навальныйды «АҚШ арнайы қызметі қолдайды», ал Bellingcat зерттеуі «АҚШ барлау қызметінің іріктелген материалдарына» негізделген деп тұжырымдайды. Путин Навальныйдың бақылауда болғанын мойындағанымен, бұның әдеттегі тәжірибе екенін алға тартады. Егер америкалықтар Bellingcat-қа ақпарат бергені үшін ғана кінәлі десек, көкейде Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» кітабындағы Раскольниковқа қойылған сұрақ туындайды: «Сонда мұны кім істеді?». Кремль бұл сұраққа әлі жауап берген жоқ.

Путин өзінің жақтастары оны сатып кетіп, салдарынан 2000-шы жылдардың басындағы Грузия мен Украинадағыға ұқсас «түрлі-түсті революция» орын ала ма деп қатты қорқады. Ол бірнеше мәрте постсоветтік елдердегі саяси наразылықты Батыстың ұйымдастыруымен жасалған «заңсыз төңкеріс» ретінде сипаттаған. Путин Навальныйды ешқашан атымен атамаса да, оны  үнемі 2003 жылғы Грузиядағы «раушан революциясы» көшбасшыларының бірі Михаил Саакашвилимен салыстырып отырады. Ал Беларусь диктаторы Александр Лукашенко, керісінше, «иттің баласы» санатында; себебі, Лукашенко «түрлі-түсті революцияға» берілуден бас тартады.

Оппозиция жетекшісін өлтіру жөніндегі үкіметтік операцияның өзі ұлттық наразылықты тудыра алмағанын ескерсек, Ресейде «түрлі-түсті революция» орын алуы мүмкін бе? Өткен жылы жазда Путин президенттік қызметін кем дегенде 2036 жылға дейін ұзарту үшін конституцияға өзгеріс енгізген кезде де ресейліктер елең етпеді.  

Ресейдің өткені – кеңестік және патшалық тарихы бүгінгі күннің орыстарына көшбасшыдан ажырау, әдетте, оның өлімімен қатар келетінін үйретті. Путиннің кезінде көптеген Ресей азаматтары, әсіресе, аға буын өкілдері империялық аңсау мен сыртқы (және мәңгі) жау алдындағы қорқыныш арасындағы байланысты нақтылы түрде көрсеткісі келеді. Мұндай көшбасшы мінсіз болмауы мүмкін; бірақ Навальный мен оның жақтастары аңғарғандай жай ғана хабардар болу жеткіліксіз.

Навальныйдың оралуы

Екатерина Котрикадзе

Ресейдегі жалғыз тәуелсіз желі саналатын «Dozhd TV» телекомпаниясының корреспондент әрі жүргушісі

Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz