Наразылық білдіру құқығына қауіп төніп тұр

ЛОНДОН – Автократ көшбасшылар үнемі наразылық білдіру құқығын шектеудің жаңа әдістерін іздеп жүреді. Өйткені олар наразылық саяси және әлеуметтік өзгерістерге бастайтын үлкен күш екенін жақсы түсінеді. Кейінгі онжылдықта наразылықтың арқасында автократтар биліктен кетіп, әртүрлі ел үкіметтері мен корпорациялар климаттың төтенше жағдайда тұрғанын мойындап, әділетсіз экономикалық жүйеден зардап шеккен жұмысшылар дауыс құқығына қол жеткізіп, полицияның қатыгездігі мен құрылымдық расизмге қарсы бағытталған реформалар жүзеге асты. 

Зимбабведегі жұмыс жағдайын жақсартуды талап етіп, наразылық білдірген кәсіподақтар конгресінің президенті Питер Мутаса көп жағдайда наразылық «репрессивті үкіметке қарсы жалғыз күш және маргинал топтар үшін қоғамдық қызметтерге қол жеткізудің жалғыз мүмкіндігі» болатынын айтады. Тіпті көздеген мақсатына жетпеген наразылықтың өзі күш құрылымдарының әлсіреуіне ықпал етеді.

Мысалы, Беларусьте халықтың тамызда өткен президент сайлауы қорытындысын мойындамауынан басталған, әйелдер көшбасшылық еткен наразылық (билікке қарсылық шараларына суретшілер мен кәсіподақ өкілдерін қосқанда, Беларусь қоғамының көп бөлігі белсенді қатысты) әлі жалғасып жатыр. Таиландта демократиялық реформалар жүргізуді талап еткен наразылардың демонстрациялары қоғамда бұрын ашық талқыланбайтын монархияның конституциялық рөлі туралы пікірталас туғызды. Ал мамырда Джордж Флойдтың өлімінен кейін болған наразылық жүйелі расизмді АҚШ-тағы президент сайлауының негізгі тақырыбына айналдырды.

Бірақ ел үкіметтері азаматтардың наразылық білдіру құқығын шектеу үшін бұрынғыдан да қатаң әрі агрессивті әдістер қолдануға көшті. Адамның еркін пікір білдіріп, бейбіт жиын өткізу құқығын шектеудің кең тараған төрт түрлі жолы бар.

Біріншіден, үкімет бейбіт жиын өткізу құқығын шектеп, наразыларды ұстау үшін заңдарды өзгертеді. Үндістанда жаппай тәртіпсіздікке үндеу және терроризмге қарсы күрес туралы заңға қарсылық білдірген наразыларды полиция ұстаған. Гонконг билігі (өздерінің айтуынша, COVID-19 вирусының таралуына жол бермеу үшін) қоғамдық тәртіп туралы заң қабылдап,  наразылықты басып-жаншыған. Алжир, Ангола, Ливан және Таиланд билігі COVID-ке қарсы шараларды наразыларды қудалап, қорқытып-үркітіп және түрмеге жабу үшін қолданған. Аталған мемлекеттердің көбінің Конституциясында және халықаралық құқықта бейбіт жиын өткізу құқығы бекітілгеніне қарамастан, осындай репрессия мен түрмеге жабу шараларына жол беріліп отыр.

Екіншіден, кей үкімет – мысалы, Беларусь немесе Нигерия билігі наразылықты күшпен басуға тырысты. Олар наразыларды ұстаумен ғана шектелмей, оларды азаптап, өлтіруге дейін барған.

Үшіншіден, үкіметтер интернетті бұғаттау арқылы наразыларға топтасып, ұйымдасуға кедергі келтіреді. Цифрлық құқықты қорғаумен айналысатын Access Now тобы құрған The #KeepItOn коалициясы 2019 жылы Судан, Ирак, Иран, Венесуэла, Зимбабве, Алжир, Үндістан мен Индонезияда болған наразылықтар кезінде интернет кем дегенде 65 рет бұғатталғанын анықтаған. Беларусь үкіметі де биыл болған наразылықтар кезінде интернетті бірнеше рет өшірді.

Төртіншіден, үкімет, мемлекеттік емес субъектілер мен бірқатар ақпарат құралы наразыларды қаралап, жау етіп көрсетуге тырысады. Мысалы, АҚШ президенті Дональд Трамп бейбіт наразыларды бүлікші, тонаушы, баскесер әрі анархистер деп атаған.

Наразыларға қарсы күрестің тағы бір амалы – ешқандай дәлелсіз, «наразылар ақшаға жұмыс істейді» деген ақпарат таратып, демократия жолында күресіп жүргендерді «ұлт жауы», эколог-белсенділерді «дамуға қарсы адамдар» етіп көрсету. Бұл наразыларды қоғамның қолдауынан айырып, үкіметтің репрессивті әрекетін ақтап алу үшін жасалады.

Жоғарыда аталған барлық қауіпке қарамастан, бір үміт бар. Бүкіл әлемде еркін пікір білдіріп, наразылыққа шығу құқығын қорғайтын адамдар мен ұйымдар саны күн санап артып келеді. Мысалы, Оңтүстік Африкадағы Right2Protest коалициясы бейбіт наразыларға тәулік бойы құқықтық кеңестер мен ақпарат беретін ыстық желі қызметін ұсынады. Мұндай топтар полиция ұстаған наразыларға оларды кепілмен босатып алатын немесе сотта қорғайтын адвокаттар тауып береді.

Одан бөлек, наразылық білдіру құқығын шектейтін ресми саясат пен тәжірибені құқықтық тұрғыдан сынаумен айналысатын топтар да бар. Мысалы, Угандада төрт үкіметтік емес ұйым жүргізген, бес жылға созылған сот процесі наурызда азаматтық қоғамның жеңісімен аяқталды. Конституциялық сот заңның полицияға қоғамдық жиындарды тоқтатуға немесе болдырмауға мүмкіндік беретін бөлігінің күшін жою туралы шешім шығарды. Қыркүйекте  Колумбияның азаматтық қоғам өкілдері де жоғарғы сотта жеңіске жетті. Сот үкімінде  полиция қызметін реформалау туралы үндеу қамтылып, ресми тұлғаларға бейбіт демонстранттарды қаралауға тыйым салынған.

Мутаса «Наразылық қозғалыстары мен оларды қолдаушылар үшін қатысушылардың үлкен бір идеяның жақтаушысы екенін сезіну мүмкіндігі ең жақсы қорғаныс саналады. Қолдау – бізді алға жетелейтін қозғаушы күш» дейді.

Бейбіт жиын өткізу құқығын қорғауға заңгерлер мен үкіметтік емес ұйымдар ғана емес, әрбір азамат үлес қоса алады. Дәрігерлер мен медбикелер жедел алғашқы медициналық көмек көрсетсе болады. Мұғалімдер оқушыларға бейбіт жиын өткізу құқығы мен оның маңызы туралы айтып түсіндіруі керек. Байланыс операторлары биліктің наразылық кезінде интернетті өшіру туралы бұйрығын елемесе болады. Ақпарат құралдарының қызметкерлері мен азаматтық журналистер бейбіт наразыларды «халық жауы» етіп көрсететін ақпараттарға тойтарыс бере алады. Әрбір азамат интернетте қарсылық білдіріп, көшедегі наразылар қатарына қосыла алады.

Қоғам өкілдерінің өзара қолдауы мен бірлігінсіз наразылық білдіру құқығын қорғап қалу қиын. Ал бұл құқық бұзылған жерде басқа құқықтарды қорғау да қиынға соғады.

Наразылық білдіру құқығына қауіп төніп тұр

Шаран Шринавас Open Society Foundations ұйымы Human Rights Initiative жобасының аға қызметкері.

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz