Моңғолияда бубон обасы тарап жатқаны рас па?

Соңғы уақытта қазақстандық интернет кеңістікте Моңғолияда пайда болған “бубон обасы” туралы ақпарат таралып жатыр. Тіпті оба асқынған уақытта адам 24 сағат ішінде өліп кетуі мүмкін деген мәлімдеме де бар. Factcheck.kz ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.

Моңғолияда бубон обасы тарап жатыр

Үкім: Шындық

Моңғолия денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бубон обасы ең алғаш 30 маусым күні 27 және 16 жасар екі ағайындыда тіркелген. Екеуі де Қобда аймағының тұрғыны, алдын ала деректер бойынша олар 21-23 маусым аралығында суыр аулаған әрі жеген.

Бубон обасы табылған Қобда аймағына арнайы комиссия құрылып, аймақтық төтенше жағдайлар агенттігі карантин жариялау туралы шешім қабылдады. Екі азаматпен тікелей байланыста болған 96 адамды және жанама байланыста болған 402 адамды толығымен тексерген.

Араға 6 күн салып арнайы комиссия қайта тексеріс жүргізіп, Қобда аймақтық карантинді алу туралы шешім қабылдады.

Бубон обасының бір күнде өлтіретін қасиеті бар

Үкім: Жартылай шындық

ДДСҰ ресми сайтында обаның екі түрі бар екендігі жазылған. Бірі – бубон обасы, екіншісі – өкпе обасы. Өкпе обасы бубон обасының асқынған түрі және оны жұтырған кездегі инкубацилық кезең өте қысқа әрі 24 сағатқа созылуы мүмкін. Алайда, дер кезінде анықталып және ем жүргізілген жағдайда обаның екі түрінен де қауіп аз.

Контекст

Бубон обасы – обаның ең көп тар өаған түрі. Оба көп жағдайда бүргіден және ауру жұқтырған жануарлардың етін жегеннен жұғады. Оның адамнан адамға берілуі сирек болады. Алайда, ол асқынып, өкпе қабынған жағдайда кез келген адам инфекцияны қоршаған ортаға ауа-тамшы арқылы бере алады.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz