Минскіде “Белсат” телеарнасының журналисі мен оның күйеуі қамалды

Минскіде “Белсат” телеарнасының журналисі Ирина Славникова мен оның күйеуі Александр Лойко 15 күнге сот шешімімен қамауға алынды. Оларға “Facebook парақшасында экстремистік материал сақтады” деп айып тағылды. Бұл туралы “Весна” құқық қорғау орталығы хабарлады.

Олар 30 қазанға қараған түні Мысырдан ұшып келген соң Минск әуежайында ұсталды.

Журналистер жұмыс жасайтын “Белсат” телеарнасы, Беларусьтегі наразылық акциясынан жиі ақпарат таратады. Мұнда жұмыс жасайтын бірнеше журналистер бұған дейін де сотқа тартылып, қамалғандар да бар.

Бұған дейін Минск соты “Белсат” телеарнасының журналистері — Катерина Андреева мен Дарья Чульцованы екі жылға бас бостандығынан айырған. Оларға былтыр 15 қарашада болған наразылықта тікелей репортаж жасағаны үшін осындай шешім шығарылды.

“Белсат” 2007 жылы Польша СІМ мен Польшаның қоғамдық теледидар (TVP) шарты бойынша құрылған. Биыл шілдеде Беларусь билігі телеарна сайты мен әлеуметтік желідегі парақшаларын “экстремистік” деп таныды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz