Беларусьте митингтен хабар таратқан журналистерді екі жылға қамауға алды

Минск соты “Белсат” Польша телеарнасының журналистері — Катерина Андреева мен Дарья Чульцованы екі жылға бас бостандығынан айырды. Оларға былтыр 15 қарашада болған наразылықта тікелей репортаж жасағаны үшін осында шешім шығарылды. Бұл туралы BBC сайты хабарлады.

Катерина Андрееваның күйеуі (Катеринаның шын тегі Бахвалова) Игорь Ильяш BBC сайтына берген сұхбатында Беларусьтегі тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оған қатысу туралы бап бойынша істің тез жүріп жатқанын айтты. BBC жазуынша, расымен де “Белсат” журналистерінің ісін сот он күн ішінде өткен үш отырыста қарады. Ал судьяның үкім жазуына бір күн кеткен.

Журналистердің сөзінше, олар тек жұмыс барысымен тікелей эфир жүргізген. Оларды репортаж түсіріп жатқан кезде ОМОН ұстап әкеткен. Алғашқыда олар жеті күн әкімшілік қамауға алынған. Кейіннен Минск соты жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырды деген айыппен олардың үстінен қылмыстық іс қозғады.

Андрееваның адвокаты Сергей Зикарацкий екі журналист те өздерінің кәсіби міндеттерін орындағанын және қылмыс құрамы болмағанын айтты.

Ал 18 ақпанда таңертең судья Наталья Бугук оларды кінәлі деп танып, екі жыл бас бостандығынан айырды. Қамауға алу мерзімі қараша айынан, яғни, журналистерді ұстаған кезден басталады.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz