Министрлік “Медиазонадан” Назарбаевтың “Джокерге ұқсас” суретін өшіруді талап етті

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі “Медиазона. Орталық Азия” редакциясынан Нұрсұлтан Назарбаевтың “Джокерге ұқсас” суретін жаңалықтан алып тастауды талап етті. Бұл туралы Mediazona.ca сайты хабарлады.

“Медиазона” хабарлауынша, министрлік Қылмыстық кодекстің 373-бабы (“Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасын көпшілік алдында қорлау және оның абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қолсұғушылық”) бойынша қылмыстық жауапкершілік бар екенін еске салған.

Министрлік "Медиазонадан" Назарбаевтың "Джокерге ұқсас" суретін өшіруді талап етті
Фото: Азаттық радиосы, Бағдат Асылбек. Бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған мурал “Джокерге ұқсас” боялғаннан кейін палаткамен жабылды. Алматы, 8 шілде 2021 жыл.

Редакция Назарбаевтың суретін өшірмеген, тек бұлыңғыр етіп өзгерткен. Жалпы бұл суреттің түрпнұсқасы RUKH инстаграм парақшасында жарияланған.

Редакция министрліктің «ұсыныс хатын» 22 шілдеде алған. Хатта қылмыстық кодекстің 373-бабы бойынша айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандыққа шектеу немесе үш жылға дейін түрме жазасы қарастырылғаны жазылған.

Контекст

  • Азаттық радиосының хабарлауынша, шілде айының басында Алматыда белгісіз біреулер бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған муралды өзгертіп, оны DC Comics-тің зұлым кейіпкерлерінің бірі Джокерге ұқсатып бояған. Көп ұзамай мурал палаткамен жабылып, кейін сырланды.
  • Алматының Жароков пен Мыңбаев көшелерінің қиылысындағы гараж қабырғасына салынған “Елбасы муралы” бұған дейін талай рет өзгеріске түскен. Мамыр айында муралда “Cancel” сөзі пайда болған кезде суретті жариялаған The Village Kazakhstan сайты да министрліктен ескерту алған. Сайт суретті бұлыңғыр етіп қойған.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz