Мемлекеттік телеарналар бюджеттен қанша ақша алады?

Біз «Мемлекеттік сатып алу хабаршысы» айдарын жалғастырамыз. Бүгін Джамиля Маричеваның мелекеттік телеарналардың бюджеттен алатын қаржысы туралы материалын назарларыңызға ұсынып отырмыз. Джамиля Маричева – мемлекеттік сатып алуға арналған ProTenge атты Instagram жобасының негізін қалаушы. Ал кеттік, қай арна қанша қаржы алады екен, бірге тексерейік…

«Қазақстан» және «Хабар» телекорпорациялары 2019 жылы 36 миллиард теңгені игерген. Қаражат республикалық бюджеттен «мемлекеттік ақпараттық саясат» пен «мемлекеттік ақпараттық тапсырыс» бағдарламалары бойынша бөлінген. Ақша конкурстан тыс мақсатты траншпен берілген. Доллармен есептесек – 92 миллион долларға жуық (1 USD = 390 KZT болса).

Біз бұл екі компанияны ешқандай телеарнамен салыстыра алмаймыз, себебі жеке ТРК-лардың бюджеті белгісіз. Алайда жалпы масштабты елестетіп көру үшін мынаны айтайық: бұл екі компания мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа бөлінетін қаржының үштен екісін алады. Ал сарапшылардың мәліметі бойынша, Қазақстандағы жарнама нарығы 50 млрд теңгені құраса, оның жартысы – телеарналардағы жарнама. Бұл дегеніңіз, екі мемлекеттік телерадиокорпорацияға жұмсалған қаржы Қазақстандағы жалпы телевизиялық жарнама нарығынан да көп екенін білдіреді.

Енді мемлекеттік холдингтерді егжей-тегжейлі зерттеп көрейік.

«Қазақстан» холдингі

Қазақстандағы ең үлкен әрі қымбат медиакорпорация – бұл «Қазақстан» холдингі. Оны 100 пайыз Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі басқарады.

Мемлекеттік телеарналар бюджеттен қанша ақша алады?
gr5.gosreestr.kz мәліметі

Жалпы «Қазақстан» РТРК» АҚ  деген не? Оның құрамында «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы, «Qazsport», «Balapan», «Tamasha TV», «Қазақ радиосы», «Shalqar» радиосы, «Astana» радиосы, «Classic» радиосы және аймақтық телерадиокомпаниялар бар. Бұл мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асыратын «Қазақстан» корпорациясына тиесілі медиаресурстардың бір бөлігі ғана.

Корпорацияның ресми сайтында келесі мәліметтер бар, телеаудиторияны қамту үлесі – халықтың 99%-ы, радиохабарлар аудиториясы – Қазақстан тұрғындарының 88,74%-ы. Сондай-ақ сигналды шекара маңындағы Ресей, Моңғолия, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан сияқты елдердің тұрғындары да қабылдай алады.

Корпорация штаты — 2300-ден адамнан асады.

Бұған қоса «Қазақстан» корпорациясының құрамына «Телевизиялық жаңалықтар агенттігі» еншілес кәсіпорны да кіреді. Соңғы екі жылда жүргізілген аудиторлық есеп бойынша, бұл агенттікте бір ғана адам жұмыс істейді. Алайда бұл агенттікке телевизиялық «Еуразия» бірінші арнасын» басқаратын «Евразия + ОРТ» ЖШС тиесілі.

«Еуразия» бірінші арнасы» деген – Қазақстан мен Ресейдің бірлескен телевизиялық жобасы.

Қазақстандық телеарнаның 20% үлесі «Бірінші арна» ААҚ-ға (Ресей халқының 98,8 пайызын қамтитын ірі телекомпания), ал қалған 80%-ы «Телевизиялық жаңалықтар агенттігіне» тиесілі. Арна штаты шамамен 300 адам.

Корпорацияның мақсатымен rtrk.kz сайтынан танысуға болады. Онда былай деп жазылған: «мемлекеттің әр тұрғынына ақпараттың түрлі бағыты мен қарқынды ағынында дұрыс бағдар беру, болашаққа сеніммен қарап, оптимизм ұялату, өзінің азаматтық ұстанымын таңдауда көмек көрсету», «ел және оның жетістігі үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру».

Корпорацияның «азаматтық ұстанымды қалыптастыру» бағытындағы жұмысы үшін ақша республикалық бюджеттен төленеді. Бұл бағыт бойынша қаржыландыру жеке қарастырылған және конкурстан тыс бөлінеді.

2019 жылы бұл 21 миллиард теңгеден асқан, яғни 54 миллион АҚШ долларын құрады.

Мемлекеттік телеарналар бюджеттен қанша ақша алады?
“Республикалық бюджетті игеру туралы” ҚР Үкіметінің мемлекеттік тапсырмасынан.
Сандар мыңға шаққандағы сома.

Жарғылық капиталында мемлекеттің үлесі бар компаниялардың есептері мен негізгі индикаторлары gr5.gosreestr.kz сайтында жарияланады. Сайттан 2001 жылдан бастап медиакорпорацияға қанша ақша бөлінгенін қарауға болады. Ондағы дерек бойынша, соңғы 5 жылда «Қазақстан» РТРК» АҚ жыл сайын 18 бен 20 миллиард теңге арасында, орта есеппен 50 миллион доллар алып отырған.

Республикалық бюджеттен түсетін қаржыдан басқа корпорация өңірлерден мемлекеттік ақпараттық тапсырыс алады. Келісімшарттар барлық деңгейдегі әкімдіктермен, ішкі істер департаменттерімен (полициямен), коммуналдық кәсіпорындармен, колледждермен, университеттермен, филармониялармен, ауруханалармен және басқа да мемлекеттік мекемелермен жасалады.

Корпорацияның 2019 жылғы қаржылық есебі әлі жарияланған жоқ, алайда 2018 жылы жасалған аудиторлық есепке қарап әңгіме қандай сома туралы екенін айтуға болады. Мысалы Нұр-Сұлтанның қоғамдық даму басқармасымен 22,3 миллион теңгеге, яғни 57,2 мың долларға, ал Қостанай облысының ішкі саясат басқармасымен 77,5 миллион теңгеге келісімшарт жасалған. Тізімде 100-ден астам серіктес бар. Төменде көрсетілген қаржы есебінің скриншотынан олардың аз бөлігін ғана көруге болады.

Мемлекеттік телеарналар бюджеттен қанша ақша алады?
Аудиторлық есептен үзінді. Сандар мыңға шаққандағы сома.

Өңірлерде жасалған келісімшарттар «Қазақстан» РТРК» АҚ-ға жылына шамамен тағы 2 миллиард теңге әкеледі. Бұл – доллармен есептегенде 5 миллион АҚШ доллары.

Мемлекеттен кепілдендірілген қаржы алатын корпорация салыстырмалы түрде көп пайда таппайды.

Мемлекеттік телеарналар бюджеттен қанша ақша алады?
gr5.gosreestr.kz сайтында жарияланған корпорация пайдасының сызбасы.

Әзірге 2019 жылғы дерек жоқ, бірақ 2014 жылдан бастап пайда көлемі 54 пен 89 миллион теңгенің (яғни 140 пен 230 мың АҚШ доллары) арасында болған. Миллиардтаған шығынның қасында бұл тіпті аз екені айтпаса да анық.

Салыстырып көріңіздер, төменде мемлекеттік бюджет есебінен қалыптасатын табыс көрсеткіштері берілген.

Мемлекеттік телеарналар бюджеттен қанша ақша алады?
gr5.gosreestr.kz сайтында жарияланған корпорация кірісінің сызбасы.

«Хабарды» да қосыңыз

Жоғарыда аталған схема бойынша «Хабар» Агенттігі» АҚ-ы да қаржыландырылады.

«Хабар» Агенттігі» АҚ құрамына «Хабар» телеарнасы, «Kazakh TV» ұлттық спутниктік телеарнасы, тәулік бойы жұмыс істейтін «Хабар 24» ақпараттық телеарнасы және «EL ARNA» киноарнасы сияқты 4 телеарна кіреді. Телеарнаның эфирінде жаңалықтар да, сериалдар мен бағдарламалар да бар. Корпорация сайтының мәліметі бойынша, олар «ең талғампаз аудиторияның сұранысын қанағаттандыра алады».

«Хабар» тәулігіне орташа есеппен 20 сағат, «Kazakh TV» 24 сағат, «Хабар 24» 24 сағат ақпарат таратады. Телеаудиторияны қамту үлесі – 99 пайыз. Осы орайда айта кетейік, хабар таратудың 50%-дан астамы мемлекеттік тілде.

Сонымен қатар корпорацияның ел аймақтары мен шет елдерде де тілшілер қосыны бар. Олар АҚШ, Ресей, Бельгия, Оңтүстік Корея, Қытай, Германия мен Өзбекстанда орналасқан.

«Хабар» Агенттігі» АҚ-ы да 100 пайыз мемлекет тарапынан бақыланады. Штат көлемі 1100 адамнан сәл көп.

Мемлекеттік телеарналар бюджеттен қанша ақша алады?
gr5.gosreestr.kz мәліметі

Сонымен қатар «Хабар» АҚ» «Қазақстан» РТРК» АҚ-ға қарағанда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігініне әлдеқайда бағынышты. Оның себебі аталған министрліктің басшысы Дәурен Абаев 2019 жылдан бастап телекорпорацияның директорлар кеңесін басқарды.

Министр Абаевты директорлар кеңесіне қосу үшін «Хабар Агенттігі» АҚ бойынша кейбір мәселелері туралы» деген Үкімет қаулысы шықты, яғни шешім үкімет деңгейінде қабылданған.

Мемлекеттік телеарналар бюджеттен қанша ақша алады?
«Хабар Агенттігі» АҚ бойынша кейбір мәселелері туралы» құжаты

«Хабар» қаржыны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен келісімшарт жасай отырып алады. 2019 жылға арналған қаржыландыру сомасы 15 миллиард теңгені немесе 38,4 миллион АҚШ долларын құрады. Телекорпорацияның 2018 жылы жасалған аудиторлық есебінде егжей-тегжейлі мәлімет нақты жазылған. Онда 2019 жылғы 4 сәуірге дейін маңызды қаржылық оқиғалар да көрсетілген. Назарларыңызға төменде сол есептен үзінді ұсынамыз.

Мемлекеттік телеарналар бюджеттен қанша ақша алады?
Аудиторлық есептен үзінді

Телекорпорацияның миссиясында Агенттік билік пен қоғам арасында кері байланыс жүйесін орнатып жатқаны, билікке деген сенімді арттыра отырып, «аса маңызды құндылықтар мен мемлекеттік бағдарламаларды дамытумен» айналысатыны жазылған. Қазақстан халқы үшін бұл миссияны орындау қаншалықты қымбат екенін және мұндай жұмыстың қалайша өтеліп жатқанын сол баяғы gr5.gosreestr.kz сайтынан көруге болады.

Мемлекеттік телеарналар бюджеттен қанша ақша алады?
Көк сызық – негізгі бөлігі республикалық бюджеттен құралатын кіріс туралы,
қызыл сызық – пайда туралы ақпарат.

«Қазақстан» РТРК» АҚ мен «Хабар» Агенттігі» АҚ-ға кеткен қаржы – мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа бөлінген 49 миллиард теңгенің (125 миллион АҚШ долларынан астам) үштен екісі.

Бұл шығын жүргізіліп жатқан ақпараттық саясат аясында мемлекеттің тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан Республикасының әлеуметтік және экономикалық дамуы мен бәсекеге қабілеттілігін ақпарат жағынан қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттік ақпараттық саясат көлемінің артуына байланысты шығын да 2018 жылмен салыстырғанда 2 785 346 мың теңгеге артты.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бюджеттік бағдарламасынан.

Аталған министрліктің болжамы бойынша, тұтынушылар арасында отандық ақпараттық өнімге деген қажеттілік деңгейі 2019 жылы – 67%, ал 2020 жылы – 68%-ға, 2021 жылы – 69%-ға дейін артады. Бір қызығы, халықтың мемлекеттік саясаттың БАҚ арқылы таралуына деген ризашылығы сөз болған кезде де дәл осындай сандар айтылады, яғни 2019 жылы – 66%, 2020 жылы – 67%, 2021 жылы – 68%.

Өкінішке қарай, басқа да альтернативті деректер жоқ.

Factcheck.kz