Мәжілісте журналистерге сот процестері туралы жазуға тыйым салуды ұсынды

Қазақстанда ақпарат құралдарына сот процестері туралы жазуға тыйым салуды ұсынды. Мұндай түзету мәжілісте талқыланып жатқан сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында бар. Бұл туралы Азаттық радиосы Informburo.kz сайтына сілтеме жасап хабарлады.

Аталған түзету ішінара кері қайтарылған, бірақ бастама авторы қайта ұсынуды жоспарлап отыр.

“Ешкімнің әлеуметтік желілер мен БАҚ-та сот өндірісінде жатқан және заңды күшіне енбеген істер туралы ақпарат таратуға құқығы жоқ” деп жазылған заң жобасында. Бұл ережеге бағынбағандар жауапқа тартылуы мүмкін.

Бастама авторы, мәжіліс депутаты Нұрлыбек Ожаевтың түсіндіруінше, тараптардың бірі қоғамда теріс пікір қалыптастырып, сотқа қысым жасау үшін дұрыс емес ақпаратты таратуы мүмкін. Аталған түзету соның алдын алады.

Informburo сайтының жазуынша, түзетуді жұмыс тобы кері қайтарған. Алайда Ожаев түзетуді басқаша өзгертіп, ұсынатынын айтқан.

“Ұсынысты қайтып алдым. Басқаша өзгертіп, жұмыс тобының алдағы отырыстарында қайта ұсынамын. Әлі талқылаймыз. Оның журналистерге қатысы жоқ. Журналистерге ешқандай өкпе-реніш жоқ, олар сот процестерінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Бізде БАҚ туралы заң бар, Конституция бар, бәрі реттеледі. Менің айтайын дегенім, қазір кез келген азамат заңгер болмаса да, сот процестерінің байыбына бармай жатып, әлеуметтік желілерде талқылайды, өзінше баға береді. Әлеуметтік желілерде беделді адамдар жазады, содан кейін қоғамда негатив туындайды” деді ол.

Бұған дейін заң жобасын талқылауға қатысқан адвокат Гүлнар Сүлейменова аталған даулы түзету туралы жазған. Ол өзінің талқылау кезінде пікірін айтуға мүмкіндік берілмегенін айтып, пікірін әлеуметтік желіге жариялаған.

Ақпарат құралдарында [сот процестері туралы материалдарды] жариялауға тыйым салу бұл дискриминация, Конституцияға да қайшы. Бұл сонымен бірге сот жүйесіне қоғамдық бақылау орнату сияқты (соттың тәуелсіздігіне нұқсан келтірмейді, оның қызметіне кедергі жасамайды да) маңызды нәрсеге тыйым салады.

Гүлнар Сулейменова.

Баспасөз қорғау ұйымдары аталған түзетуді сынап, “әлдекімдерге соттың ашықтығы ұнамайды, сот залдарынан репортаждың көп болғанын қаламайды” деп мәлімдеген.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz