Масанчи ауылындағы жанжал туралы фактілер мен фейктер

Ақпанның жетісінде әлеуметтік желілерде, болжам бойынша, Жамбыл облысының тұрғындары түсірген видео тарала бастады. Хабарламада тұрғындарының басым көпшілігі этникалық дүнгендер қоныстанған Масанчи ауылында бүлік басталғаны жайлы айтады. Тексерілген мәліметтерді жинақтап, әзірге дайынын назарларыңызға ұсынып отырмыз. (Материал толықтырылып жатыр).

Ресми нұсқа бойынша жанжал кезінде 8 адам мерт болып, оншақты адам жарақат алды. Оқиғаның себептері әзірге айтылмады, Қазақстанның билік өкілдері тергеу жүргізіп, анықтауға уәде берді. ҚР президенті жедел мәлімдеме жасап, оқиға полиция мен ұлттық гвардияның бақылауында екенін жеткізді.

Қазіргі уақытта Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингтегі мәліметінен бізге белгісі:

  • Министрдің ақпараты бойынша, 7 ақпан күні 19.00-де Жамбыл облыстық полиция департаментінің кезекшілік бөліміне Қордай ауданындағы Масанчи ауылының маңында 70-ке жуық наразы тұрғындар жиналғаны және төбелес басталғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына Қордай аудандық ішкі істер бөлімі жетті.
  • Көршілес ауылдардан тағы 300-ге жуық адам келген. Төбелес пен содан кейінгі тәртіпсіздік салдарынан ондаған адам дене жарақатын алып, оқ тиіп, 8 адам қаза тапты.
  • Құқыққорғау органдарының екі қызметкері жараланды.
  • Кейінірек дау-дамай Ауқатты және Бұлан-Батыр ауылдарында жалғасты.
  • Елдімекендер маңы мен олардың кіреберісіндегі тасжолдарға блок-посттар қойылып, 47 адам ұсталды. Олар полиция бөлімшесіне жеткізілді. Ұсталған адамдардан аңшылыққа арналған екі қару тәркіленді.
  • 30-дан аса жеке үй, 15 сауда орны және 23 автокөлікке залал келді.
  • ҚР ҚК 272 бабы “Жаппай тәртіпсіздік”, сонымен қатар ҚР ҚК 99 бабы “Адам өлтіру” бойынша тергеу жүріп жатыр.

Министрдің мәлімдемесі бойынша қазіргі уақытта жағдай тұрақтандырылды.

Tengrinews пен Азаттық радиосы оқиға орнынан алғашқы кадрлармен бөлісті.

Масанчи ауылындағы жанжал туралы фактілер мен фейктер
Сурет RFL/RL

Twitter-дегі фейктер

Твиттер әлеуметтік желісінде ағылшын, неміс және француз тілдерінде оқиғаны коронавируспен байланыстырған фейктер көбейіп кетті. Хабарламалардың көпшілігінде “қазақстандықтар коронавирустың пайда болуына байланысты қытайлардың үйлерін, дүкендер мен мейрамханаларын өртеп жатыр” делінген. Мұндай мәліметтерді қарапайым желі қолданушылары ғана емес, кейбір шетелдік БАҚ та таратып жатыр. Мәселен, мынадай хабарламаны 8 ақпан күні таңертең әріптесіміз және “УӘДЕлер күнтізбесі” жобасының авторы Әсел Жаңабаева анықтады:

Масанчи ауылындағы жанжал туралы фактілер мен фейктер

Үкім: Фейк

Масанчидағы оқиғаның қытайлықтарға және коронавирусқа қатысы жоқ. Масанчи ауылының тұрғындары – дүнгендер. Жанжалдың себебі әлі ресми түрде айтылған жоқ, бірақ оған ұлтаралық сипатқа ие тұрмыстық немесе қылмыстық дау-дамай себеп болуы мүмкін. Біз билік өкілдерінің ресми мәлімдемесін күтеміз, Қордай ауданына жанжал себептерін анықтау мақсатында үкіметтік комиссия келді.

Твиттердегі фейктерді біздің әріптесіміз Әсем Жапишева да фейсбук парақшасында тарқатып отыр.

Сол аралықта, Қырғызстан Шу облысындағы Қазақстанмен шекарасын күшейтті. Бұл туралы АКИpress Республиканың мемлекеттік шекара қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

“Хабар 24” мәліметінше, Қордай ауданындағы жанжалдан кейін 123 адам медицина қызметшілерінің көмегіне жүгінген, олардың 39-на оқ тиген. 75 адамға көмек көрсетілгеннен кейін ауруханадан шығарылған. 13 тұрғын көршілес Қырғызстанға барған, оларға медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

31 арна Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында адамдардың жиналып қалғанын және Қордай ауданындағы Масанчи ауылының көшелерін көрсетті. Тілшінің хабарлауынша, елдімекен көшелері босап қалған, ал көптеген тұрғындар үйлерін тастап кетті.

Қордай аудандық ауруханасында жатқан, зардап шеккендердің жалпы саны – 32. “Хабар 24” тілшісінің айтуынша, зардап шеккендердің барлығы дерлік пышақ жарақатын алған.

Vlast.kz ақпаратынша, 200-ге жуық қазақстандық шекара пункттерінің [Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы] бірінен өтуге тырысып жатыр. Олардың көпшілігі – әйелдер мен балалар.

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz