Манипуляция | Коронавирустан «көз жұмған» әйел бір айдан кейін оянып кетті

Дүниежүзінде коронавирус пайда болғаннан бері жалған ақпарат тоқтаусыз тарап жатыр. Сәуір айының соңында қазақ тілді медиалар (Stan.kz, ktk.kz, alashainasy.kz) «Коронавирустан «көз жұмған» әйел бір айдан кейін оянып кетті» деген тақырыппен жаңалық таратты. Тексеріп көреміз.

Мәлімдеме:

Коронавирустан «көз жұмған» әйел бір айдан кейін оянып кетті

БАҚ

Үкім: Манипуляция

Әйел өлмеген, ес-түссіз болған. Дәрігерлер оның туыстарына қателесіп басқа адамның мәйітін берген. Түпнұсқада науқас пен коронавирус байланысы туралы ешқандай дерек айтылмаған. Бұл жерден тақырыптың назар аудару үшін қойылғанын байқауға болады. Сондай-ақ деректерге манипуляция жасалғанын көреміз.

26 сәуірде stan.kz El Comercio басылымына сілтеме жасай отырып, жаңалықты «коронавирустан» қайтыс болған әйел бір айдан кейін оянып кетті деп жазды. Бұл жерде де тақырыпты бұрмалаған. Бірақ тырнақшаны жазуды ұмытпапты. Көптеген сайттар, соның ішінде КТК арнасы да жаңалықты тырнақшасыз жазған. Яғни, ақпарат бұрмаланған.

Сонымен қатар, түпнұсқа басылымның мәтінінде пациент пен вирус арасында байланыс жоқ.

Түпнұсқада не болды?

El Comercio басылымында төмендегідей жазылған:

Аурухана Альба Марури Гранданың (науқастың аты Ред.) отбасына қателесіп басқа адамның денесін берген. Туыстары бір айға жуық уақыт бойы басқа адамның денесін өртеп, оның күлін жерлеу үшін COVID-19-ға байланысты Эквадордағы төтенше жағдайдың аяқталғанын күткен. «Медициналық қызметкерлер кешірім сұрап, қателіктерін мойындады. Олар бұны төтенше жағдай кезінде өліктер мен вирус жұқтырғандар арасында хаос болды деп түсіндірді», – дейді емделушінің туысы Лаура Морла.

Бұл жайлы толық әрі нақты мәлімет Reuters сайтында жарияланған. Ескеретін жайт Reuters агенттігінің журналистері коронавирустың бар екенін анықтау үшін пациентке тест жасалмағанын анықтаған.

Covid-19 жайлы ақпараттан хабардар болып жүру үшін «коронавирус» тегімен бақылап отыруыңызға болады.

Сулейман Демирел университетінің журналистика мамандығы бойынша оқиды. "Ұлан" газетінің штаттан тыс тілшісі. 2019 жылдан бастап factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz