Литва парламенті Қытайдың Шыңжаңдағы қудалауын “геноцид” деп атады

Литва парламенті 20 мамырдағы жиынында Қытай билігінің Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды қудалауын “геноцид” деп атады. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Депутаттар БҰҰ-ны Шыңжаңдағы лагерьлерді тексеруге, Еуропа комиссиясын Пекинмен қарым-қатынасты қайта қарауға шақыратын құжатты қолдап дауыс берді. Бұған дейін АҚШ билігі және Ұлыбритания, Бельгия және Канада парламенттері Қытайдың Шыңжаңдағы әрекетін “геноцид” деп атаған.

Литва – постсоветтік елдердің ішінде алғашқы болып Шыңжаңдағы қысымды “геноцид” деді. Елдің премьер-министрі Ингрида Шимоните мен сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис парламенттегі жиынға қатысқанымен, дауыс берген жоқ.

“Біз демократияны қолдаймыз. Себебі елу жыл бойы коммунистік режимде өмір сүрген кездегі қиындықты ешқашан ұмытпаймыз” деді депутат, резолюция авторларының бірі Довиль Сакалиене.

Контекст

  • БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер 2017 жылдан бастап Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан.
  • Қытай Шыңжаңдағы іс-әрекетін “терроризммен күрес”, ал лагерьлерді “кәсіпке баулитын орын” деп атаған. Пекин батысты Қытайдың “ішкі ісіне араласты” деп сынайды.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz