Қытайда шынымен 300 баланы мұзға қатырып, сатпақ болды ма?

Соңғы айларда WhatsApp чаттар мен кейбір сайттарда “Қытайда 300 баланы мұзға қатырып, органдары үшін сатуға апара жатқандар” туралы ақпарат тарап жүр. Ақпараттың шынайылығына “дәлел” ретінде жоғарыдағыдай хабар мен бірнеше видеолар да тараған. Біз бұл ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрдік.

Үкім| Фейк

Біріншіден, дене мұздатылған күйінде трансплантациялауға (ред. дене мүшелерін басқа адамға көшіруге) жарамайды.

Дене мүшелерінің трансплантациясы мүшені тірі адамнан алған кезде немесе адамның миы өлген кезде ғана жүзеге асады. Ал дене мүшелерінің ағзадан тыс жарамдылығын сақтау үшін қан айналым, тыныс алу жүйелерін жасанды жолмен қалыпты жағдайда ұстап отыру керек. Дененің кішкене бір бөлігін мұздатылған күйінде сақтауға мүкіндік беретін технологиялар бар, бірақ бұл технологиялар транспланталогияда қолданылмайды.

Екіншіден, тарап жүрген видео бір-бірімен байланысы жоқ екі түрлі видеодан тұрады.

Алғашқы дереккөз

Орта Азияға тарамас бұрын видео 2017 жылы желтоқсанда, РЕН-ТВ арнасынан көрсетілді. Бірақ видеода жоғалған 300 бала емес, 1 бала туралы айтылған. Бұл жерде де “дене мүшелерін сататын қылмыскерлер” аталады.

Автордың сөздерінен соққыға жығылған адамдар шынымен бала ұрлағандары үшін “жауапқа тартылғанын” түсінуге болады. Видеода қытай тілінде “Сен қалай ғана кішкентай балаларды ұрладың”, “Бұған қалай дәтің барды” деген сөздер бар. Автордың айтуынша балалардың нақты саны әлі белгісіз. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жүр. Бірақ бірінші видеоның екінші жартысымын байланысы күмән тудырады.

Видеодағы кадрларлар арасында визуальды да, мағыналық та байланыс жоқ. “Қылмыскерлерді” соққыға жыққан видео да адамдар қыстық киімдер киген, ал “мұздағы бала” туралы видео да адамдар жаздық киімде. Кадрлар әртүрлі мезгілде түсірілгендіктен видеоның түстері де өзгеше.

Invid қосымшасымен видеоны кілт суреттерге бөліп, Google image search арқылы ұқсас кадрларды іздеп көргенімізде вьетнам, индонезия және ағылшын тіліндегі ақпарат шықты.

  • Индонезиялық Tribunkaltim.co жариялаған ақпаратта видео 51 секундқа созылған. Контейнердегі бала жайлы видеоны ең алғаш 2017 жылы 10 шілдеде Facebook желісінде @thenewsfortheworld деген қолданушы жариялаған делінеді. Қазір аккаунт жұмыс істемейді немесе өшірілген.
  • Вьетнамдық chatnews.net сайты видеодағы кішкентай баланы қылмыскерлер Вьетнамнан ұрлап Қытайға өтіп кетпек болғанда ұсталған деген ақпарат береді. Мұнымен қоса мақалада тура осылай жоғалып, кейіннен бөлшектенген өлі денесі табылған баланың оқиғасы да айтылған. Вьетнамдық кейбір басылымдар 2016 жылы Қытаймен Вьетнам шекарасында ұрланып, мүшелері Қытайда сатылған 16 бала туралы ақпарат берген. Сондықтан видеоны сол жылғы оқиғалармен шатастыру оңай.
  • 2017 жылдың 14 шілдесінде қытайлық Guancha сайтында (Шанхайдағы “Чуньцю” стратегиялық зерттеу институтының қолдауымен құрылған) Иян қаласының полициясының мәлімдемесі жарияланды. Мәлімдемеде мектеп жасындағы баланың жазғы демалысында туыстарына барғанда суға батып мерт болғаны туралы айтылған. Ал баланың қатты босаған денесін сол күйіне үйіне қайтару үшін мұз салынған контейнерді қолданған. Видеода сол контейнерді ашып жатқан анасы мен туыстарының бейнесі. Сондай-ақ полиция оқырмандарды жалған ақпарат таратпауын өтінген.

Қорытынды

  • Видео әр-түрлі уақытта түсірілген екі видеодан құрастырылған.
  • Видеодағы бала ұрланбаған, ал денесі трансплантациялау үшін қорабқа салынбаған.
  • Дене қатырылған күннің өзінде трансплантациялауға жарамайды. Ал денені мұздатылған күйінде трансплантациялауға мүмкіндік беретін тексерілген технологиялар әлі жоқ.
  • Фейктің алғашқы нұсқасында ұрланған бала саны біреу болатын. Кейін, видеоның таралымы артқан сайын мазмұны да өзгерді. Жоғалған 300 бала туралы ақпарат 2019 жылдың 15 ақпанынан бастап таралған. Ол кездегі түпнұсқасы Қырғызстаннан жоғалған 300 бала туралы болды.

UDP – 06 қаңтар 2020 жыл: Бұл ақпарат Қазақстан медиасында 2018 жылдың ақпанында да кездеседі. Ол кезде oninfo.kz сайты @kivvi_kz инстаграм парақшасына сілтеме жасай отырып, дәл осы жалған ақпаратты таратқан.

Factcheck.kz