Көзқарас | Пандемия туралы фейктермен күрес

ОКСФОРД – Қандай да бір мемлекет өзінің шетелдік дұшпанын әлсірету үшін коронавирусты ойлап тапты дегенге сенесіз бе? Немесе «патриоттар» «үлкен үкімет» пен «құрығы ұзын мемлекеттерге» қарсы революция жасау үшін вирус шығарды деген тәмсілге ше? Өкінішке қарай, ғаламторда осыған ұқсас дезинформацияға тап болып, оны достары мен жақын-жарандарына тарататын адамдар өте көп.

Дегенмен, пандемия туралы жалған ақпаратты кім құрастыратынын және оның таралымын қалай тоқтатуға болатынын жақсы түсініп келе жатқандаймыз. Өз өмірін қатерге тігіп жүрген денсаулық сақтау саласының қызметкерлері мен дәрі-дәрмек пен вакцина қарастырып жатқан ғалымдардан бөлек коронавирусқа қарсы күресте айтарлықтай еңбек етіп жүрген тағы бір топ бар. Соңғы бірнеше жыл ішінде бүкіл әлемдегі фактчекерлер қоғамның барлық саласында тарап жүрген өтіріктің бетін ашып, анықтайтын құзырет  дамыта алды. Қазіргі таңда  олар Covid-19 дағдарысы туралы фейк  жаңалықтарға назар аударып, әлеуметтік желі платформаларына өсек-аяң, дезинформация мен астыртын сөз байласу теориясы туралы ақпараттарға қызығушылықты төмендетуге, сондай-ақ жалған ақпараттарды анықтауға көмектесіп жатыр.

Оксфорд ғаламтор институтында авторитарлы режим платформаларының көпшілігінде таралатын Covid-19 туралы ауқымды дезинформация легін бақылаймыз. Қытай, Иран, Ресей мен Түркиядағы үкіметтік БАҚ-тың жаһандық деңгейдегі аудиториясы бар, ал теориялық тұрғыда олардың ағылшын тілінде контент жасайтын әлеуметтік желі парақшаларының саны бір миллиардқа жетеді. Аталған парақшалардың кейбірі фейк болғанына қарамастан, ұсынылатын контент ондаған миллион шынайы қолданушыларды біріктіретін желілерде таралады.

Тәуелсіз, кәсіби БАҚ-қа қарағанда дезинформация таратумен айналысатындар контентті аз өндіреді, бірақ жариялаған материалдарына он есе көп нәтижелі рекция тудыра алады. Жауапкершілігі жоғары баслылымдармен салыстырғанда, дезинформация таратушылар бұрыннан келе жатқан үрей мен шағымды қолдана отырып медициналық жаңалықтар мен ақпараттарды саясиландыруда белсенді әрекет етеді. Олар демократиялық елдерді жемқорлыққа толы әрі біліксіз деп сынап, авторитарлы басшыларды жаһан көшбасшысы ретінде мадақтайды, коронавирустың пайда болуы мен  халықаралық денсаулық сақтау агенттіктерінің әрекеті туралы астыртын сөз байласу теориясын алға тартады. Осы әрекеттері арқылы болып жатқан оқиға жайлы әлемдік көзқарасты қалыптастыруға немесе сол көзқарасқа мүмкіндігінше кері әсер етуге тырысып бағуда.

Әлбетте, бұған ұқсас пайымдаулар әлемнің демократиялық елдерінде де кездеседі. АҚШ-та Дональд Трамп әкімшілігі вирус Қытайдың Ухань қаласында пайда болды деген фактіге баса назар аударады, мұндай тұжырымның қажетті дәріні іздеп табуға немесе вирусқа қарсы күресте денсаулық сақтау шараларын ұйымдастыруға ешбір пайдасы жоқ. Бұл мәселеге Уханьді байланыстырудың негізгі мақсаты – дағдарысты саясиландыруға ұмтылу мен этникалық қытайлар туралы стереотиптерді өршіту.

Бұл – жаман жаңалық. Ал жақсы жаңалық – енді біз дезинформацияның қайдан келіп түсетінін білеміз. Covid-19-дың медициналық аспектілеріне қатысты ауқымды жалған ақпаратты сараптай отырып, әр бесінші жалған ақпарат таратушының саясаткер, танымал тұлға немесе қоғамдағы беделді азаматтар болатынын және  дезинформацияның көпшілігі авторитарлы үкімет бақылауындағы медиа-агенттіктер арқылы таралатынын анықтадық. 

Жалған ақпаратқа қарсы азаматтардың әрекеті агрессиялық сипатта орын алатынын жақсы түсінеміз. Ұлыбританиядағы Брексит туралы дебат пен 2016 жылы АҚШ-та өткен президент сайлауынан кейін фактчекерлердің әлемдік қауымдастығы медициналық ақпараттарды тексеруге бірден кірісе кетті. Ұлыбританиядағы еріктілер жалған ақпаратты Infotagion жобасы арқылы бақылайды, ал олардың америкалық әріптестері Covid-19 тестін өткізуге арналған заңды (легитимді) орындар туралы деректер қорын ұйымдастыруда. Фактчекинг жасайтын қоғамдық сенімге ие ұйымдардың көпшілігі жалған ақпартты бақылау жұмыстарымен айналысқандықтан осы жылдың қаңтар-наурыз айларында медицинаға байланысты жаңалықтардағы фактілерді тексеру көлемі тоғыз есеге артқан.

2016 жылғы ситуациямен салыстырғанда бүгінде әлеуметтік желі платформалары бұл жұмысқа жедел жауап қатады. Фактчекерлер мазмұнында жалған ақпарат бар деп танитын әлеуметтік желідегі посттардың көпшілігі жойылады немесе ескерту белгісі қойылады. Бірақ әлеуметтік желілердің жауабы әр түрлі көрініс табады. Оксфорд университетіндегі Reuters институты жүргізген зерттеу (авторының бірі мен болғанмын) бойынша, жалған деп танылған посттардың Twitter-де 59%, YouTube-те 27%, ал Facebook-те 24% жойылмай сақталып тұрады.

Жеке қолданушыларға қатысты жаңалық гигиенасын сақтау туралы рекомендациялар бұрыннан белгілі әрі бәз баяғы қалпында. Ақпарат көзін тексеруге арнайы уақыт бөліп, оның мазмұнында нақты не туралы айтылғанын ұғынып алмай тұрып, лайк қойып немесе репост жасамаңыз, басқа қолданушыға жібермеңіз. Отбасы немесе достарыңызбен сөйлескенде өзіңізге сенімді фактілерден тұратын ақпаратпен бөлісіңіз. Сенсациялық, конспирологиялық контенттен немесе жаңалық ретінде ұсынылатын комментарийден бойыңызды алыс ұстаңыз.

Сонымен қатар, ақпарат көздерін диверсификациялап, артық саяси комментарийлерден аулақ болғаныңыз жөн. Одан бөлек, үнемі Covid-19 туралы жаңалықтарды тұтынуда туындайтын үрей эффектісін толық түсінуіміз керек. Аса қатты алаңдаушылық жасырын және алып-сатар мәнге ие ақпараттарды іздеуге мәжбүр етеді, кейін ол ақпаратты желіде бөлісуіміз де мүмкін. Күніне бір рет билік органдарының сеніміне ие ақпарат көздерін қарап отырсаңыз, өзіңізге жақсы. Егер медициналық кеңес қажет болса, АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы немесе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сайтын қарап шығыңыз.

Вирусқа қарсы күреспен қатар пандемия туралы жалған жаңалықтар мен дезинформацияға қарсы әрекет етуіміз керек. Әсіресе денсаулық туралы саясиланған жаңалықтың таралуы, сол сияқты авторитарлы үкімет ведомстволары мен сенімді, кәсіби БАҚ-қа қарсы шабуылдар өте қауіпті болып табылады. Адамдардың өзінің және айналасындағылардың денсаулығына қатысты ең дұрыс шешім қабылдап жатқанына көз жеткізу үшін қолдан келетін шараның барлығын жасауымыз қажет.

Егер сіздің деніңіз сау және үйде қамалып отырсаңыз, қарсылық таныту туралы ойланып көріңіз. Парақшаңызда пайда болған медициналық «былапыт» жаңалықтарды бөлісуден бас тарту сияқты қарапайым әрекет арқылы дезинформацияны жоюға өз үлесіңізді қоса аласыз. Дезинформация қисығын жазуға ат салысатын адамдар көп болған сайын біздің және біздің әлеуметтік желілеріміздің денсаулығы жақсара түспек.

Көзқарас | Пандемия туралы фейктермен күрес

Филип Н. Ховард, Оксфордуниверситетініңпрофессоры,  Lie Machines: How to Save Democracy from Troll Armies, Deceitful Robots, Junk News Operations, and Political Operatives кітабының авторы.

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Фактчек в Казахстане и Центральной Азии. Первый центральноазиатский фактчекинговый ресурс. Открыт в мае 2017 года. Член Международной сети фактчекинговых организаций (IFCN)

Factcheck.kz