Коронавирусқа қарсы күрестің осал тұстары

COVID-19 пандемиясының кесірінен бірнеше аптаның ішінде-ақ пайда болған мыңдаған науқастың сырқатымен күресуге әлемдегі ешбір денсаулық сақтау жүйесінің дәрмені жоқ. Оған қоса, вирус жұқтырған әр жетінші адам ауруханаға жатқызылу қажет екенін, шамамен жиырма адамның бірі механикалық аппаратқа мұқтаждығын ескерсек, жүйе жұмысының қауырт әрі тоқтау қаупінен тұратын рецептіге ие боласыз. 

Егер жоғары деңгейлі денсаулық сақтау жүйесі бар дамыған елдер COVID-19-ға қарсы тұра алмай жатқанда, дамушы елдерден қандай үміт күтуге болады? Вирус жұқтырғандарды анықтап, аурудың таралуын азайту үшін науқастарды оқшаулауға қажетті жабдықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ сырқаттану мен өлім санын азайту үшін емдеу шараларын жүргізуге кедей мемлекеттерде технология, кәсіби дайындық пен арнайы қор жеткіліксіз. 

Бұл елдер стандартты эпидемиологиялық шараларды қолдануға толық дайын емес, мысалы аурумен байланыста болғандарды бақылау, жоғары дәрежелі денсаулық сақтау қызметкерлеріне жеке қорғаныс құралдарын сатып алуға, тұрақты түрде қамтамасыз етуге жағдайы келе бермейді. Шындығында, авторитарлы режимнің (шүбәсіз кедей елдердің көпшілігінде аталған режим үстем) әлеуметтік оқшауланудың айтарлықтай қатаң түрін енгізуге шамасы жетеді. Алайда әлеуметтік-экономикалық жағдайы төмен топтарға қиын соғатын мұндай қатаң талаптардың нәтижесін оңалтуға авторитарлы режимнің мүмкіндігі аз. 

Сонымен денсаулық сақтау жүйесі әлсіз мемлекеттер COVID-19 пандемиясына қарсы не істей алады? Шекараны жабу вирус тасымалдау қаупін азайтып, ұлттық денсаулық сақтау жүйесіне қызметкерлерін дайындап алуға қосымша уақыт береді. Дегенмен, ең қажетті деген тауарлар мен қызмет түрлерін, оның ішінде медициналық жабдықтарды шетелден алатын кейбір мемлекеттерде шекараны толық жауып тастау гуманитарлық дағдарысқа алып келуі мүмкін. 

COVID-19 вирусы  ауру әлсін басталып, симптом белгілі болған алғашқы күндері тез таралады. Кедей елдердің көпшілігінде адамдар ауырғаннан кейін ұзақ уақыттан соң немесе бас көтере алмастай сырқаттанса ғана ауруханаға барады. Ауру жеңіл өтіп жатқан көп адам отбасына қажет табыс көзін сақтап қалу үшін жұмысын жалғастыра береді. Бұл жағдайлардың алдын алу үшін үкімет және қауым басшылары денсаулық туралы сауаттылықты арттырып, кедейліктің кең етек жаюына қарсы тұратын қаржылық қорғаныс жүйесін орнатуы тиіс. Бірақ сөз бен істі салыстыру қиыны екені белгілі. 

Оған қоса, табыс деңгейі орта және төмен елдердің басым бөлігі, әсіресе ауылдық аймақтар алғашқы медициналық-санитарлық қызметке қол жеткізу үшін қоғамдық медицина қызметкерлеріне жүгініп отыр. Дегенмен бұл азаматтарда қажетті жеке қорғаныс құралы болмаса, инфекция ошақтарында жүріп вирус жұқтыру қаупі жоғары болады. Сонымен қатар, олардың көбі дерлік COVID-19 сиптомдарын оған ұқсас өзге аурулардан ажырата алмайды. Сондықтан денсаулық сақтау қызметкерлері инфекция жұқтыруды төмендету үшін жеке қорғаныс құралдарын тиімді қолдануды үйреніп, COVID-19 инфекциясын жұқтыруы мүмкін адамдарды оқшаулау мен сұрыптау жұмыстарын қалай жүргізу керектігін түсінуі қажет. 

Табысы төмен және орта мемлекеттердегі ірі ауруханаларда қызмет ететін денсаулық сақтау мамандарына COVID-19 індетінің күрделі кезеңінде интенсивті емдеу шараларын жүргізуге қосымша нұсқаулық қажет болады. Ол үшін тәулік бойы клиникалық бақылауды ұйымдастыратын 3-5 дәрігерлер тобын тиянақты үйлестіру керек.

COVID-19 инфекциясын нақты анықтау үшін арнайы зертханалық құралдар қажет, олардың көмегімен ауру болуы мүмкін жағдайда қақырық пен мұрын жағындысына RT-PCR генетикалық тесті жүргізіледі. Алайда кедей мемлекеттерге жоғарыда аталған тәжірибені өткізуге генетикалық технология мен арнайы зерттеуші мамандар жетіспей жатады, сол себепті де олар халықаралық серіктестерінің көмегіне жүгінеді.

COVID-19 инфекциясын анықтай алмау вирус жұқтырған адаммен жақын арада қарым-қатынаста болған және ауруға шалдыққандарды анықтауға мүмкіндік беретін байланысты бақылау барысын қиындатады. Мұндай жұмыстарды атқару үшін сұхбат пен зерттеу жүргізетін арнайы кәсіби мамандар қажет. Сонымен қатар, көптеген кедей елдердегі COVID-19 індетін жұқтырғандар санының төмен болуы – ол елдердегі вирус ошағының жоқтығынан емес, керісінше тест пен бақылау жұмыстарының әлсіз болуына байланысты деген дүниежүзілік алаңдаушылық бар. 

Табысы төмен және орташа елдер COVID-19 індетіне қарсы ұлттық жоспарында қателіктерді анықтап, денсаулық сақтау және эпидемиологиялық мамандардың санын, клиникалық инфраструктура мен жабдық қорын нақтылауы шарт. Осындай олқылықтар белгілі болса үкімет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан және жақсы жабдықталған сауда серіктестерінен қолдау мен кеңес сұрай алады. Бұл ретте Қытай халықаралық көмектің қос түрін: тапсырыс пен техникалық кеңесті жеткізуші жаһандық көшбасшыға айналды. 

COVID-19 пандемиясы – жер әлем бұған дейін басынан өткермеген жаһандық дағдарыс. Сондықтан, саясаткерлер вирусқа қарсы шараға тек мемлекет шеңберінде емес, әлемдік деңгейде күш салуы қажет. Әсіресе, техникалық ілім мен қордың барлығына ортақ жабдықталуы арқылы жұмыс жүргізілу керек. 

Кез-келген тізбектің мықтылығы оның ең әлсіз түйінінің күшіне пара-пар. Дәл сол сияқты тұтас әлем тағдырына әр мемлекет жауапты, бір елдің COVID-19 індетін бәсеңдете алмауы дүние жүзіне қауіп әкеледі. Денсаулық сақтау жүйесі мықты саналатын мемлекеттер өзінің әлсіз серіктестеріне шұғыл көмек қолын созып, ал жауап ретінде бұл серіктестері аса қауіпті жаһандық дертке қарсы көмектің барлық түрін қабыл алғаны жөн. 

Коронавирусқа қарсы күрестің осал тұстары

Yik-Ying Teo

Сингапур ұлттық университеті (СҰУ) Суей Хок атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің деканы,
СҰУ Денсаулық сақтау жүйесіндегі Медициналық қызмет және саяси зерттеу орталығының директоры,
СҰУ Инфекциялық эпидемиология және зерттеу орталығының бұрынғы директоры. 

Copyright: Project Syndicate, 2020.
www.project-syndicate.org

Журналист, редактор, менеджер, журналистика саласындағы бірнеше кітаптың авторласы. Factcheck Kazakhstan жобасының бас редакторы

Factcheck.kz