Көбейтұздың тұзы коронавирустың емі ме?

Соңғы үш-төрт күнде әлеуметтік желіде «Көбейтұз көлінің тұзы коронавирус инфекциясының емі» деген ақпарат тарап, тұздың сатылатыны туралы жарнама көбейді. Factcheck.kz бұл ақпараттың да рас-өтірігін анықтауға тырысты. Ендеше, кеттік…

сурет the-village.kz сайтынан алынды

Үкім: Жалған

Іштегі инфекцияны тұз қосылған ванна қабылдау арқылы жоя алмайтыныңыз өз алдына, тамақты шаю туралы мифтерді бұған дейін шет елдегі әріптестеріміз бірнеше рет жоққа шығарған. Бұған ұқсас аңызды Дүние жүзілік денсаулық сақтау ұйымы да (ДДСҰ) терсітеген.

Солардың бірқатарына тоқталайық.

Деректердің рас-өтірігін тексеретін Snopes сайты:

Тұз қосылған жылы сумен тамақ шаю тұмау мен суық тигендегі тамақ ауруын жеңілдету үшін ұзақ уақыт бойына пайдаланылып келсе де, бұл коронавирус инфекциясынан айығуға көмектесетіні туралы еш дәлел жоқ.

Т. Х Чан атындағы Гарвард зерттеу орталығы (Үндістан):

Тамақты тұзды сумен жиі шайю коронавирустан қорғайтыны туралы еш дәлел жоқ. Бұл тамақтағы ауырсыну сезімін басса да, вирустың өкпеге түсуінен сақтай алмайды (жиі су ішу де дәл солай).

ДДСҰ-ның осыған ұқсас хабарға қатысты мәлімдемесі:

Тұзды сумен мұрын ішін шаю қарапайым тұмаудың кезінде емделуді жеделдетсе де, респираторлы инфекция барысында пайдасы жоқ. Бұл — расталмаған ақпарат.

Шүбәсіз, саудамен айналысқандар көлдің ерекше екенін пайдаланып, тұзын сатқысы келеді. Бірақ көлдің ерекшелігі тұзында емес, сол тұздың арқасында пайда болған балдырларында екенін ұмытпайық.

Тоқаев не деді?

Көбейтұздағы жағдайға байланысты президент те алаңдаушылық білдірді. Оның жазуынша, жағымсыз әрекеттер өскелең ұрпаққа жүргізілетін экологиялық ағарту жұмыстарының түйткілдерін ашып берген және президент соған сәйкес Білім, Экология, Ақпарат министрліктеріне арнайы тапсырма берді.

Экология министрлігі не дейді?

slider
Табиғи тұзды тонау кесірінен ойылып қалған жер. Көбейтұз көлі, 20 шілде

ҚР-ның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің таратқан ақпараты бойынша, министрлік өкілдері көлге тексеріспен барған. Хабарламада көлге шомылудың белгіленген тәртібін, санитарлық норманы және экологиялық заңнаманы бұзушылар жазаға тартылатынын және тәртіп бұзушыларға айыппұл салынатыны ескертілген:

Көбейтұз көлі бірегей әрі ерекше табиғи көл (әлемде мұндай 8 көл ғана бар). Ол жылына бірнеше рет қызғылт түске боялып отырады. Судың қызғылт реңге боялуына негізінен тұзды теңіздерді мекендейтін біржасушалы дуналиелла сортаңды су балдыры әсер етеді деп саналады. Демек, көлдің тұзды болуының арқасында бұл балдырлар пайда болған. Табиғаттың ерекше құбылысына залал келтіру мен кейбір адамдардың жауапсыз әрекеті көлдің суалуына, тіпті кейіннен жойылуына әкелуі мүмкін.

ҚР-ның Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарламасынан
Думан Терликбаев
Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің студенті. Республикалық "Жас Алаш" газетінде журналист-фрилансер қызметін атқарған.