Клуни қоры соттың Илияшевке үкімді түсіндіруден бас тартуын айыптап, белсендіні қудаламауға шақырды

Әділдік үшін Клуни қоры (Clooney Foundation for justice, CFJ) Алматы сотын азаматтық белсенді Әлнұр Илияшевке шыққан үкімді түсіндіруге шақырып, белсендіні қудаламауға үндеді. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

Голливуд актері Джордж Клуни мен әйелі Амаль Клуни негізін қалаған құқық қорғау ұйымы сейсенбі күні жариялаған мәлімдемесінде аудандық соттың белсендіге үкімнің бұлыңғыр тұстарын түсіндіруден бас тартқанын айыптаған. Бұл үкім бойынша Илияшевке бес жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салынған.

Алматының №2 Медеу аудандық соты наурыз айында өткен тыңдау кезінде сот қаулысын түсіндіріп беруді сұраған Илияшевтің өтінішіне «Егер өзіңізге қоғамдық белсенділікпен айныласуға тыйым салынды деп санасаңыз, демек тыйым салынған. Егер олай деп санамасаңыз, онда қоғамдық белсенділікпен айналысуыңызға болады» деп бірұшты жауап берген.

Құқық қорғаушылар сот қаулысы үкімнің мәнін онан сайын бұлыңғыр етіп жіберді деп санайды. Сарапшылардың айтуынша, үкім билікке белсендінің кез келген әрекетін заңбұзушылық деп танып, шартты жазасын түрме жазасына алмастыруға қолайлы жағдай жасайды. Соттың үкімді түсіндіруден бас тартуы тіпті белсендінің күн сайынғы сөйлеуін де шектей алады. «Қазір Илияшев өзіне үйретуге, жазуға немесе тіпті өлең оқуға болады-болмайтынын білмейді» деп жазды ұйым.

«Қазақстан соты Илияшев мырзаның құқықтарын бұзбауы тиіс; Илияшев мырзаға үкімнің шарттарын нақты түсіндіріп, бұлыңғыр тұстарын оның саяси қызметін шектеу үшін пайдаланбауы керек» деді Еуропалық адвокаттар қауымдастығы төрағасының орынбасары және TrialWatch бастамасының сарапшысы Ваня Кошта Рамос.

43 жастағы Әлнұр Ильяшевті сот былтыр маусым айында «төтенше жағдай кезінде жалған ақпаратты таратты» деп танып, бостандығын үш жылға шектеген. 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеген. Бұған қоса, бес жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салған.

Қылмыстық іске түрткі болған былтырғы Facebook жазбаларында Әлнұр Илияшев «Нұр Отан» партиясын, сонымен бірге биліктің коронавирус пандемиясына қарсы шараларын сынаған. Қыркүйек айында апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Төлепберген Маликов
Төлепберген Маликов. Байқоңыр қаласында туған. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.