Қазақстаннан ЕО-ға жіберілетін мұнай экспортының 80%-і КҚК-ға (КТК) тәуелді ме?

13 сәуірде Мәжілістің кезекті жалпы отырысында депутат Айқын Қоңыров премьер-министр Әлихан Смайыловқа жуырда Новороссийск портында болған апатқа байланысты Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалында мұнай ағуы тоқтатылғанына байланысты сауал жолдады. Ол ҚР-дың мұнай-газ саласы құрылымының «кемшін» екенін мәлімдеді және ел экономикасы үшін маңызды статистикалық мәліметтер жариялады. Бұл мәліметтердің қаншалық рас екенін тексергенді жөн көрдік.

Тайм-код 2:37:40

Мәлімдеме: Іс жүзінде, біз үшін ең ірі нарық – Еуропа Одағына мұнай экспортының 80%-ке жуығы КҚК арқылы жүзеге асырылады.

Айқын Қоңыров

Үкім: Шындық және техникалық қате

Депутат Каспий құбыр консорциумы (КҚК) пайдаланатын магистральдық мұнай құбыры арқылы әлемдік нарыққа (тек ЕО нарығына емес) өтетін экспорт бойынша деректерді келтіру арқылы кішігірім техникалық қате жіберді.

Бірақ жалпы алғанда, депутат дұрыс айтады, КҚК арқылы халықаралық нарыққа шығатын мұнай ағыны орасан зор – барлық қазақстандық мұнай экспортының 80 процентінен сәл ғана аз. Біз, шын мәнінде, «бір құбырға тәуелдіміз». Төменде ашық деректерге сүйене отырып, қазақстандық экспорттың КҚК-ға қаншалық байланғанын қарастырайық.

Бұл магистраль арқылы мұнай тек ЕО-ға экспортталмайды. Бұл ретте, Қазақстан мұнайы Еуропаға басқа да жолдармен жетеді. Ашық деректерге сүйене отырып, әр маршрут бойынша дәл Еуроодақ елдеріне қанша қазақстандық мұнай түсетінін есептеу өте қиын екенін айтып өткен жөн. Кейбір мәлімет бойынша (олар төменде тұр) Еуропаға КҚК терминалдары арқылы негізінен Қазақстанда өндірілген CPC Blend маркалы мұнайдың үштен екісі (яғни, КҚК қоспасы) жіберіледі. Бұл факт Қазақстанның бүкіл экспортын Еуроодаққа тасымалдаудағы КҚК үлесіне жақындайды. Дегенмен оны түсінуге тырысып көрейік.

Теңіз саудасы саласындағы маркетингімен де айналысатын Kpler аналитика агенттігі мәліметінше, 2021 жылы КҚК терминалынан жөнелтілген мұнайдың үштен екісі, соның ішінде ресейлік шикізат Еуропаға экспортталған. Осылайша, қазақстандық және ресейлік CPC Blend мұнайының 67%-ке жуығы Еуропаға КҚК арқылы жеткізіледі. Бұл ретте, Ресей Федерациясынан КҚК терминалдары арқылы жөнелтілетін мұнайдың үлесі Қазақстаннан (14% немесе 53 млн.тонна және 7,7 млн. тонна) айтарлықтай аз екенін ескерген жөн.

Осы сияқты болжам бойынша, 2021 жылы Еуропаға Қазақстанның КҚК арқылы жеткізілген 53 млн тоннасының үштен екісі, яғни 35,3 млн тоннасы кетті, ал осы бағыттағы мұнай экспортының жалпы көлемі 2020 жылмен салыстырғанда түбегейлі өзгерген жоқ (өкінішке қарай, бұдан да өзекті егжей-тегжейлі статистиканы таппадық) және шамамен 51 млн тонна (төмендегі анықтаманы қараңыз) болды десек, Қазақстанның ЕО және Швейцарияға экспортының шамамен 70%-і немесе Швейцарияны қоспағанда 75%-і КҚК арқылы жүзеге асырылады (өйткені ел Еуроодақта тұрмайды, ал мәжілісмен дәл ЕО елдері туралы айтып отыр).

Біздің есептеуімізде айтарлықтай кемшіліктер бар: біріншіден, КҚК «қақпалары» арқылы Еуропаға жеткізілетін ресейлік және қазақстандық мұнайдың жеке-жеке үлесі нақты қанша екені белгісіз, екіншіден, эксперимент үшін есептеулерде елдер бойынша 2020 жылдағы экспорт статистикасын кейінгі ақпарат болмағаны үшін қолдандық, оны 2021 жылғы Kpler мәліметтеріне пайдаландық, үшіншіден, басқа дереккөздерде ішінара расталған аналитика негізге алынды.

Ұлттық статистика бюросының 2020 жылғы дерегі бойынша

Контекст: қазақстандық мұнайдың батыс бағыттағы жолдары

Батыс бағытта Қазақстан мұнайы 2 мұнай құбыры — КҚК және Өзен-Атырау-Самара арқылы, сондай-ақ Ақтау порты арқылы Махачкалаға (бұдан әрі темір жол көлігімен Новороссийскіге дейін) және Бакуге (орта есеппен Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры бойынша ҚР-дан тек 100 мың тонна мұнай айдалады) тасымалданатыны белгілі.

КҚК

Ұлттық статистика бюросы мәліметі бойынша, 2020 жылы мұнай экспорты 70,5 млн тонна, Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, 68,5 млн тонна болды. КҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020 жылы Қазақстан Республикасының мұнай экспорты 51,8 млн тонна болды. Осылайша, 2020 жылы Қазақстанның мұнай экспортының шамамен 73,4–75,6%-і КҚК арқылы нарыққа шықты. Бұл – CPC маркасы. Алдын ала мәлімет бойынша, 2021 жылғы экспорт 67,6 миллион тонна болды, ал Новороссийск теңіз терминалына 53 миллион тонна қазақстандық мұнай жеткізілді, бұл былтыр экспорттың 78,4%-і КҚК арқылы кеткенін білдіреді. Бұл барлық мұнай экспортының 80%-тен сәл азы (тек ЕО-ға бағытталғандары ғана емес) шын мәнінде КҚК арқылы тасымалданатынын көрсетеді.

ЕО-ға және әлемнің қалған бөлігіне толық транзит картасын төменнен қараңыз.

Дереккөз

Ескерту: КҚК магистралі арқылы және одан әрі танкерлермен Жерорта теңізі арқылы CPC маркалы мұнай Еуропаға ғана емес, Америкаға және Азия-Тынық мұхиты өңіріне де тасымалданады. Өзен-Атырау-Самара құбыры арқылы «Транснефти» ресейлік құбыр желісіне түсетін шикізат РФ-да өндірілетін мұнаймен араласады да соңында Urals ретінде шығып, одан әрі әртүрлі бағытқа тасымалданады. Сонымен қатар, кейбір ел кейінгі уақытқа дейін мұнайдың екі маркасын да сатып алып жатыр немесе сатып алып қойды.

Өзен-Атырау-Самара және Ақтау порты

Ақтау порты арқылы жеткізу салыстырмалы түрде аз (1,4 млн2,1 млн тонна, экспорттың 3,1%-і). «Атырау-Самара» мұнай құбыры учаскесі бойынша мұнай тасымалдау көлемі 2020 жылғы жағдай бойынша, 14 млн. 478 мың тонна болды, бұл – шамамен барлық экспорттың 20,5%-21,5%-і (2020 жыл). 2021 жылы – шамамен 18%. Осы құбырдан алынған мұнайдың көп бөлігі Балтық жағалауындағы Усть-Луга портына, одан әрі мұнай құятын кемелерімен әлемнің басқа елдеріне тасымалданады. Қазақстандық мұнайдың барлығы емес, бірақ негізгі ағыны (Urals маркасымен) Солтүстік Еуропа мен Балтық елдеріне, Польша мен Германияға (шамамен 2,2 млн тонна, 2020 жыл) Усть-Луга порты арқылы «Дружба» құбыры арқылы жіберіледі деп болжаймыз.

Қорытынды

  • «Каспий құбыр консорциумы» инфрақұрылымы арқылы барлық қазақстандық мұнай экспортының 80%-тен сәл аз мөлшері «өтеді». Бұл ретте, іс жүзінде, ҚР КҚК акцияларының 20,75%-ін иеленеді.
  • Қол жеткізуге болатын деректерге негізделген есептеулеріміз КҚК арқылы Еуропаға қазақстандық экспорттың шамамен 70%-і жүзеге асырылатынын көрсетті.
  • Халықаралық нарықтарға экспорт мұнайының негізгі ағыны РФ аумағындағы магистральдар арқылы өтеді.
Айгерим Мекишева
Журналист, фактчекер, МА (Journalism for international students, University of Westminster, London), технический писатель, редактор, PR-специалист, руководитель проектов (медиа и PR)