Қазақстанда “саяси тұтқындар” тізімі тағы екі белсендімен толықты

Құқық қорғаушылардың сарапшылар кеңесі 19 мамырда жарияланған жаңа тізімге жақында ғана шектеу жазасы түрме жазасымен алмастырылған петропавлдық белсенді Нұрбол Өнерхан мен нұр-сұлтандық белсенді Жәнібек Жүнісовті қосты. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.

  • Нұрбол Өнерхан – Солтүстік Қазақстан облысы Бірлік ауылынан шыққан азаматтық белсенді. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, бейбіт митингілер мен акцияларға қатысқаны үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Былтыр күзде Петропавл соты “тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны” үшін оның бостандығын екі жылға шектеген. Жақында 4 мамырда “пробация шарттарын бұзғаны үшін” түрмеге жіберілді.
  • Жәнібек Жүнісов – “тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін” (“Көше партиясы” қозғалысы) үстінен қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу изоляторында отырған нұр-сұлтандық белсенді. Қоғамдық белсенділігі үшін бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылған. Ол 2021 жылдың ақпан айынан бері қамауда отыр.

Елде “саяси тұтқындар” тізімі жиі жаңарып жатыр. Соңғы рет наурыз айында тізім бес белсендімен толыққан. Тізімге кейінгі кезде енген белсенділердің көбі “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысы және “Көше партиясына” қатысы бар деп күдікке ілінген. Құқық қорғаушылар екі ұйымға қатысты шыққан сот шешімінің жарияланбағанын айтып, сынаған.

Қазақстандағы саяси қудалау туралы ақпарат тарататын Tirek.info сайтының мәліметінше, жаңадан қосылғандарады есептегенде Қазақстанда барлығы 28 саяси тұтқын қамауда отыр.

Төлепберген Маликов. Сулейман Демирел университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаттық радиосының Прагадағы бас штабында тәжірибеден өткен. 2018 жылдан бастап Factcheck.kz сайтында жұмыс істейді.

Factcheck.kz