Қазақстанда кедейлік деңгейі артты ма?

8 қыркүйекте өткен мәжілістің пленарлы отырысында депутат Азат Перуашев Қазақстандағы кедейлік деңгейінің өсуі туралы деректер келтіріп, депутаттық сауал жолдады. Factcheck.kz сайты Перуашевтің айтқанын тексеріп көрді.

Депутат сөзі (тайм-код: 1:12:43)

Дүниежүзілік Банктің мәліметіне сүйенсек, кедейлік шегінен төмен тұратын қазақстандықтардың саны өткен жылы 1,5 млн адамға артты.

Азат Перуашев

Үкім: Манипуляция

Дүниежүзілік банк (ДЖБ) 2020 жылы желтоқсанда “пандемиядан кейінгі қайта қалыптасу” тақырыбындағы баяндамасы мен болжамын жариялады. ДЖБ бағалауы бойынша, Қазақстанда кедейлік деңгейі 14 процентке өсіп, 1,5 млн адамға жетуі мүмкін. Бұл тек әзірге болжам ғана, сондықтан біздің қояр үкіміміз – манипуляция.

ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2020 жылы кедейлік деңгейінен төмен өмір сүретін адамдар саны жалпы халық санының 5,3 процентін құрады. 2021 жыл 1 қаңтардағы халық санының 18 879 552 адам екенін ескерсек, 1 000 616 адам кедейлік шегінен төмен өмір сүріп жатыр. Ал 2019 жылмен салыстырғанда 199 450 адамға өскен (2019 жыл басына 18 631 779 адамның 4,3 проценті).

Азат Перуашев пандемия кезіндегі жұмыс тұрақсыздығын атап өтіп, кедейлік деңгейінің өскенін көрсеткісі келді. Алайда, соңғы 5 жылдың статистикасына көз жүгіртсек, кедейлік шегінен төмен өмір сүретін халықтың үлесі тек пандемияда ғана емес, бұрындары да өскенін байқауға болады.

Ең төмен күнкөрiс деңгейi – мөлшерi бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға қажеттi ең төмен ақшалай кiрiс. 2021 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы – 34 302 тг болды.

Журналист-фактчекер, медиа-тренер, 2017 жылдан бері Factcheck Kazakhstan жобасында қызмет атқарады, "Qazaq Travel" компаниясында SMM маманы қызметін атқарған, MediaNet халықаралық журналистика орталығында және Irex Europe жобаларында медиа-сарапшы

Factcheck.kz